Жансая Әбдімәлік: қазақ шахматының жарқын жұлдызы

  Жансая Әбдімәлік — Қазақстан шахмат тарихында өзіндік із қалдырған спортшы. Ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, кейін халықаралық гроссмейстер атағын иеленді. 2021 жылы Жансая Қазақстаннан шыққан тұңғыш әйел халықаралық гроссмейстер атанып, отандық шахмат тарихындағы маңызды белесті бағындырды.

Шахматқа басталған алғашқы қадам

Жансая Даниярқызы Әбдімәлік 2000 жылғы 12 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. Ол шахмат ойнауды бес жасында үйреніп, алғашқы жаттығуларын әкесі Данияр Әбдімәліктің жетекшілігімен бастаған. Кейін халықаралық шебер Николай Перегудовтан тәлім алған. Жас шахматшының алғашқы ірі жетістіктерінің бірі 2008 жылы тіркелді. Сол жылы ол сегіз жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы атанды. 2011 жылы 12 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионатында да топ жарып, екінші рет әлемдік біріншіліктің алтынын жеңіп алды. Бұл жеңістер Жансаяның халықаралық деңгейдегі болашағына жол ашты.

Әлемдік аренадағы жетістіктері

Жансаяның спорттық мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі — 2014 жылы әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер атағын алуы. Ал 2017 жылы халықаралық шебер атанды. Кейін халықаралық турнирлерде жоғары нәтиже көрсетіп, гроссмейстер атағына қажетті талаптарды орындады. 2021 жылы Гибралтарда өткен FIDE әйелдер арасындағы Гран-при турнирінің соңғы кезеңінде жеңіске жетіп, халықаралық гроссмейстер атағын иеленді. Осы жетістігі арқылы Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның да шахмат тарихында маңызды орын алды. Жансаяның еңбегі мемлекет тарапынан да бағаланды. 2021 жылғы 2 желтоқсанда оған «Құрмет» ордені табысталды. Бұл марапат оның спорттағы жетістіктерін мойындаудың бір көрінісі болды.

Жас ұрпаққа үлгі

2014 жылы Жансая Әбдімәлік өз атындағы шахмат академиясын ашуға атсалысты. Академияның негізгі мақсаты — жас шахматшылардың қабілетін дамытып, олардың кәсіби деңгейге көтерілуіне мүмкіндік жасау. Жансаяның жолы үлкен жетістікке жету үшін талантпен қатар жүйелі дайындық, табандылық пен үздіксіз ізденіс қажет екенін көрсетеді. Оның халықаралық аренадағы жеңістері Қазақстан шахматының дамуына үлес қосып, жас спортшыларға шабыт береді.

«Journiverse» халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Сұлтания Айшабибі


Ұқсас тақырыптар

Сұлтания Айшабибі
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)