ТЫЙЫМ ЕМЕС,ТІЛЕК
Кішкентай кезімде үлкендердің әрбір сөзі маған бір-бір жұмбақ секілді көрінетін.Түнде айнаға қарама,айға қарап дәрет сындырма,қоқыс пен кір суды түнде төкпе,лас жерді баспа,түнде жалаңбас жүрме... Осындай ескертулерді естіген сайын ішімнен«Неге?»деп сұрайтынмын.Қыз бала болған соң,мұндай тыйымның көбі маған қарата айтылатын.Ал үлкендердің жауабы көбіне біреу ғана еді:«Жаман болады».Бірақ сол жамандықтың неден келетінін,неге бұлай жасауға болмайтынын бала көңілім түсіне бермейтін.Уақыт өте келе,сол бір түсініксіз сөздердің астарында не жатқанын ұғынғандай болдым.Жеңгем аяғы ауыр кезінде бір оқиғаға тап болған екен.Уақыт өте келе дүниеге сәби әкелді.Бәріміз нәрестенің бауы берік болсын деп қуанып жүргенде,оның бір құлағының жартысы жоқ екенін кейінірек байқадым.Алғашында көзіме солай көрінген шығар деп ойладым.Алайда бала өскен сайын бұл ерекшелігі анық байқалды.Ата-анасы да баласының дүниеге осындай болып келгенін айтты.Сол кезде анамнан мән-жайды сұрадым.Алғашында ол мені қорқытқысы келмей,ештеңе айтқысы келмеді.Бірақ қайта-қайта сұраған соң,бір оқиғаны баяндап берді.Жеңгем аяғы ауыр кезінде үйде жалғыз қалыпты.Бірде су қажет болып,қолына шелегін алып,сыртқа шыққан екен.Сол сәтте айдың жарығымен қара мысық па,әлде басқа бір мақұлық па,әйтеуір бір белгісіз нәрсе өзіне қарап тұрғандай көрінеді.Жеңгем қатты шошып,зәресі ұшқан екен.Халық арасында мұндай қорқыныш құрсақтағы балаға әсер етеді деген түсінік бар.Бұл әңгімені естігенде бала көңіліммен көп нәрсені бір-бірімен байланыстырып,ұзақ ойландым.Бірақ есейген сайын бір нәрсені түсіндім:ғылым баланың туа біткен ерекшеліктерін түрлі медициналық себептермен түсіндіреді.Оны ананың бір сәттік қорқынышынан болды деп кесіп айтуға болмайды.Дегенмен бұл оқиғаның мен үшін басқа бір қыры ашылды.Бәлкім бұрынғы әжелеріміздің жүкті әйелді түнде жалғыз жібермеуінің,қараңғыда сыртқа шығармауға тырысуының астарында үлкен сақтық жатқан шығар?Ауыр құрсақты әйелдің жанында біреудің болғанын,оған су керек болса да,жәрдемдесетін адамның табылғанын қалаған болар.Өйткені түннің тыныштығында адамға қауіп те,үрей де,күтпеген жағдай да кезігуі мүмкін.Ал жанында жақыны болса,сол қауіптің алдын алуға болады.Сонда мен бір нәрсені ұқтым:кейде біз қорқыныш деп қабылдаған тыйымның түбінде қамқорлық жатады.Үлкендер әр нәрсені ғылыми тілмен түсіндіріп бере алмағанымен,өздері көргенін,түйгенін,ұрпағына аманаттағысы келгенін ырым мен тыйымға сыйғызған.Бір ауыз «жаман болады»деген сөздің ар жағында «аман жүрші»,«сақ болшы»,«басына іс түспесін»деген ақ тілек тұрған шығар.Әрине,бүгінгі ұрпақ әрбір ырымды бұлжытпай орындап,әр тыйымнан үрейленіп өмір сүруге міндетті емес.Өйткені заман өзгерді,ғылым дамыды,көп нәрсенің ақиқаты ашылды.Бірақ сол сөздердің арасындағы адамгершілікті,сақтықты,мейірімді жоғалтып алмауымыз керек.Сол сияқты оның бәрін өзгермейтін ақиқат деп қабылдамаймын.Тек әр сөздің астарына үңіліп,пайдалысын өміріме өнеге еткім келеді.Түнде жалғыз шықпау,жүкті әйелге қолғабыс болу,жаңа босанған ананың жағдайын сұрап,қолдау көрсету – бұлар жамандықтан қорқу емес,адамға деген жанашырлықтың белгісі.Қазақта «Әйел – үйдің шырағы»деген сөз бар.Шырақтың жарығы сөнбесін десек,оны желден қалқалап,аялап ұстауымыз керек.Әйелдің амандығы – бір отбасының ғана емес,тұтас ұрпақтың амандығы.Ал ананың көңілі тыныш,жаны жайлы болуы үшін оның жанында қамқорлық пен қолдау болуы қажет.Мен ауылда өстім.Ауылдың әрбір тыйымында үлкендердің өмірден көргені,көңілге түйгені,ұрпағына қалдырған өсиеті барын енді түсініп келемін.Бір күні өзім де ана атансам,балаларыма осы сөздерді айтқым келеді.Бірақ оларды қорқыту үшін емес,өмірдің қадірін,қауіпсіздіктің маңызын ұғындыру үшін айтсам деймін.Әр тыйымның себебін түсіндіріп,әр ескертудің ар жағындағы ақ ниетті жеткізгім келеді.Өйткені тыйымның бәрі шектеу емес,тілектің де бір түрі.Тек оның тілін түсіне білу керек.Бәлкім,әжелеріміздің «жаман болады»дегені–«жамандық көрмесең екен»дегені шығар.Аналарымыздың «түнде шықпа»дегені–«аман-есен үйде отыршы»дегені шығар.Ал біз кейде сол бір ауыз сөздің ішіне қаншама мейірім сыйып тұрғанын байқамаймыз.Тыйымның түпкі мәні–қорқыту емес,қорғау.Ал тілек дегеніміз – жақыныңның амандығын үнсіз тілеу.

-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі