Жауынбай ақсақалдың Алабай төбеті «құтырудың» алдында тұрғандай аласұра, тілі аузына сыймай, көпірік шаша, өмірінде бірінші рет, шынжырын үзе-мүзе егесінің алдына келіп құлады. Ақсақал иттің алған бетінен қайтпайтын сотқар мінезін, сырт көзге қобалдау көрінгенімен, жөнсіз тентектікке бара қоймайтынын жақсы білетін. Басқа иттерге қарағанда ақылы да, орныққан тәрбиесі де өзіне жетерлік-ті.
Ақсақал бір қолайсыз жағдайдың болғанын іштей сезді.
– Ав-ав! У-уу!
– Сабыр сақта, тентегім. Бір ашуыңды маған бере қой. Ешкім қуып келе жатқан жоқ. Міне, енді айт, -деді Жауынбай ақсақал.
– Мына ауылдың ес білген үлкені де, сүт-ерін кішісі де, тіпті тұқымы белгісіз күшігі де сабалақтарымды жаман жолға түсіріп бітті. Күшіктерім әдеп сақтап амандасса, кешірім сұрап, ізет көрсетсе, жабыла мазақтайтынды шығарды. Солардың жаман қылықтарын менің күшіктерім де үйрене бастады. Не істеймін, ақсақал! Ит-әдептілік қасиеттен айырылып барамыз. Р-Р! – деді Алабай төбет.
– Ойыңды түсінікті етіп айтшы? Ұғыңқырамай тұрғаным?
Ит біткеннің асылы, қайсар мінезді – Алабай ішіндегі ойын шегелей түсіндірді. «Бұрын жылқы кісінесіп, ит біткен ырылдасып түсінісетін едік. Бұл ғасырлар бойы жалғасқан дәстүр-тін. Оғаш кетсе, кешірім сұрап, құйрығын бұлғаңдата, қыңсылай тізе бүгетін. Одан әрі дос-татулық жалғасып жүре беретін», деді төбет.
– А,а, енді түсіндім. Бұлар – немере, шөберелерді айтпағанда ет-бауырың – балаларыңның да мінез-құлқы өзгеріп барады. Айта, айта мен де шаршадым. Жеккөрінішті атанудың алдында тұрмын. Осы кемшіліктің, тіпті індет деп айтар едім, түп-тамырына балта шаппай болмайды. Күн ойланып, түн толғанып, себебін түсіне алмадым. Кейде: «Маған ғана керек пе?» деп, қолымды бір сілтегім келеді, -деді Жауынбай ақсақал. – Заман өзгерді ме, адамдар өзгерді ме? Ал, мына иттерге не жетпейді. Олардың өмір сүру қағидасы бөлек емес пе? Тамағы тоқ. Қасқыр қуып, түлкі шалып, мал қайырып, шаршап – тілінен сілекейлері ағып жатқан жоқ қой.
– Бір-бірімен кездесе қалса, азу тістерін ақсита, ырылдаса кететіні. Текетіресіп шайнаспай, құлақ жыртыспай тараспайды. Үлкенді сыйлау деген жоқ, -деді Алабай одан сайын ашуланып. –Қарын жарып, кек алмайтынына шүкіршілік. Біз күшік кезімізде елгезек едік. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтінбіз.
Сол түні Жауынбай ақсақал көз ілген жоқ...
Сол түні Алабай төбет те күшіктерін бауырына баспай, оқшауланып, тұла бойы қалшылдай, ырылдаумен жатты...
Таң қылаң бере ақсақал үлкендігін танытып, Алабайдың қасына келді. Әдеттегідей еркелетіп, екі құлағының ортасынан сипалады.
– Ашу дұшпан деген. Өкпеңді бас. Түнімен есімнен шықпай көз ілген жоқпын. Әңгімең орынды. «Ит – жеті қазынаның бірі» деген. Сенің жаның ашымаса, басқа аң-құстардан қайыр жоқ. Айтар ақылым, қабырғаңмен кеңес. Ен даланы шарла. Мауқыңды басып, ит-дәурен күндеріңді есіңе ал. Ойлан. Толған. Арыстаннан ақыл сұра. Ол көнекөз, ақыл тоқтатқан аң патшасы емес пе? Себебін сол білер. Көпті көрген, аң-құс пір тұтқан жануар ғой. Біз үміт артқан ұрпақ неге босаңсып, жаман әдетке үйір болып барады. Соның мән-сырын анықта? Екеуің де киелі аңсыңдар. Бір-бірлеріңнің тілдеріңді түсінесіңдер.
Алабай ақсақалдың сөзінен кейін күшіктерін ертіп, ен даланы шаршағанша шарлады. Орманға да барды. Бірақ ақыл сұрар Арыстан да, түз тағысы – қасқырды да таба алмады.
– Хайуанаттар бағына барайық. Мен, мен... аң біткеннің бәрі сонда жиналғанын көргенмін, -деді әбден қалжыраған күшіктерінің бірі.
– Қап, есімнен шығып кетіпті. Адамдар аң-құс біткеннің асылын да, елеусіз жүретін жасығын да, бәрін бір жерге жинастырып, темір торға қамап қоймап па еді? -деді Алабай. –Сонда барайық. Біз іздеген Арыстан сол жерден табылар.
Хайуанаттар бағы әлемнің түкпір-түкпірінен әкелген аң-құстарға толы еді. Олардың мөлдіреген жанарын, жаутаң қаққан келбетін көрген Алабай көзіне жас алды. «Ой, бір кем дүние-ай!»...
– Ох , -деді күшіктер шуласа үріп. –Тамашаның бәрі осында екен ғой.
– Арыстанды іздеңдер? –деді Алабай өксігін баса алмай. – Біз аң біткенді тамашалап, олардың жүйкесіне тию үшін келген жоқпыз. – Су ішіп қойып жүрмеңдер, өкпелерің өшеді.
Күшіктер бірде таңырқай, енді бірде ештеңені түсінбей, шаршап-шалдыға аң патшасы қамалған темір тордың алдына да келді. Бала жетектеген адамдар шуласып, қуанып жүрді. Аңға бірі тістелген алма, бал-шырын жағылған тәтті нанды лақтырумен әлек. – Қараңдаршы, жемейді. Қарындары тоқ қой, -деді ересектеу біреуі. – Мейлі, бәрібір лақтыра берейік. Түнде қарындары ашқанда теріп жер! –деді балмұздағын апыл-ғұпыл жалап тұрған бала. –Ым, мұндай тәтті балмұздақты сендер өмірлеріңде жемеген шығарсыңдар?
Қарт Арыстан аулада болып жатқан күйбелең тіршілікке пысқырып та қараған жоқ. Теріс айналып, өкпелеген баладай жатып алыпты.
– Алабай-далабай! Алабай-далабай! деп кекете шуласқан маймылдардың айқай-шуы есітілді.
– Күшіктер шәуілдей үрді.
– А, Алабай дос, кешір, сенің келгеніңді байқамай қалыппын. Біз бұл көрініске әбден үйреніп алғанбыз. Мен білетін еркіндік те, мәдениет-әдептілік те, үлкенге көрсетілер құрмет те, темірдей тәртіп те шойын тордың арғы жағында қалғалы қашан. Байқаймын, мыналар сенің ұрпақтарың ғой. Өзің сияқты өр мінезді етіп, жақсы тәрбиелепсің. Табиғат-Ана берген асыл құрметтерін сақтап қалыпты. Қуанарлық, -деді Арыстан.
Айналайын, Алабай,
Арсалаңдап далада-ай,
Асыр салып ойнайсың,
Ойын құмар баладай.
Бұлғаңдатып құйрықты,
Еркелейсің жағалай.
Өздігіңнен біреуге,
Тйіспейсің қарадай.
Шәуілдесе күшігің,
Шақша басың шарадай.
Айнымайсың қалпыңнан,
Айналайын, Алабай!
– Сенің өрлігіңді, досқа берік көңіліңді сағынып қалыппын, - деді Арыстан.
Алабайдың күшіктері аң патшасына ризашылық көңілдерін білдіріп, шәуілдей жамырасты. Аяқтарын бауырына баса, жер бауырлап жата қалды.
– Иә, бар күшімді салып, тәрбиелеумен әлекпін, -деді төбет ішіндегі мұңын жасыра алмай.
– Біліп тұрмын. Сенің неге келгеніңді де сеземін. Иә, иә, менің алдыма күніге мың адам келеді. Үлкен де, кіші де. Солардың ішінен бірен-сараңы ғана амандасады. Хал-жағдайымды сұрайды. Оларға жауап қайтарар менде тіл жоқ. Тек бас изеимін де тұрамын. Көңілдегі бар мұңымды, жүрек-зарымды түсінетін жан баласы жоқ. Бірі нан лақтырса, енді бірі қолына түскенін лақтырады. Соған мәз болады. Әңгіме қарынның тоқтығында емес, адамдардың, тіпті ұрпағыңның да сені түсінбеуінде, -деді қарт Арыстан мұңая.
Арыстан тордың ішінде теңселе, ерсілі-қарсылы жүрді. Ол аядай ғана темір тордың ішіне қамалғанына емес, мына кең дүниеге сыймай, әділетсіздікке наразы көңіл-күйде еді...
Бір кезде алып Арыстан бойын тік көтеріп, бар даусымен ақырды. Айналадағы тіршілік тына қалды.
– Бүгіннен бастап барлық аң біткен – үлкенің де, кішің де бір-біріңе құрмет көрсететін болыңдар. Ең алдымен амандасудан бастаңдар. Әдеп сақтап, артық кетсеңдер кешірім сұрауды ұмытпаңдар! Одан қарындарың ашып қалмайды. Біз сонда ғана бір ата-анадан туғандай мәдениетті, бауырмашыл ұрпақ боламыз, -деді аң патшасы булыға.
– Ал, Алабай дос, бұл бір көптен бері ойда жүрген, ұмыт бола жаздаған мәселе еді. Есіме салғаныңа рахмет. Енді тыңдамай көрсін! Адамдарға ақыл айтуға жағдайым да жоқ, шамам да келмейді. Оларға менің атымнан сәлем айта бар. Әр шаңырақтың қазыналы – қариясы, ауылдың алып бәйтерегі – ақсақалы, елдің абыз даналары бар бар емес пе? Ендігі мәселені солардың өздері шешсін. Бұл менің адамзатқа жолдаған Аманатым! Өкшемізді басар ұрпақ тәрбиелей алмасақ, онда дүниенің бәрі бос! Әркім өз перзентіне еге болсын!..
Алабай күшіктерін ертіп, ауылға жетуге асықты...

-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі