«Қазақ аруындағы» жауапсыз қалған сұрақ: Таяу Шығыстағы қақтығыс кімге тиімді?

 3 қарашада Алматы қаласында өткен «Қазақ аруы – 2026» байқауының сұрақ-жауап кезеңінде қатысушы Мереке Жарқынбекке Таяу Шығыстағы ұзаққа созылған шиеленістің кімге тиімді екені туралы сұрақ қойылды. Алайда ол сұрақтың мәнін толық түсінбегенін айтып, жауап бере алмады. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

Таяу Шығыстағы ахуал – Израиль мен Палестина арасындағы ұзақ жылдарға созылған қақтығыс, Иран мен Израиль арасындағы әскери-саяси текетірес және аймақтағы өзге де тұрақсыздықтарды қамтитын күрделі халықаралық мәселе. Оның салдары тек аймақ елдерінің қауіпсіздігіне ғана емес, әлемдік экономика мен энергетика нарығына да әсер етеді. БҰҰ-ның 2026 жылғы 14 мамырдағы мәліметіне сәйкес, Таяу Шығыстағы мұнай өндірісі ақпандағы тәулігіне шамамен 26 миллион баррельден наурызда кемінде 9 миллион баррельге қысқарған. Ал Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, соғысқа дейін Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне шамамен 20 миллион баррель мұнай мен мұнай өнімдері тасымалданған. Алайда 2026 жылғы наурыз-мамыр аралығында бұл көрсеткіш орта есеппен тәулігіне 2,7 миллион баррельге дейін төмендеген.

Мұндай жағдай әлемдік нарықтағы мұнай ұсынысын азайтып, бағаның өсуіне ықпал етеді. Бұл ретте қақтығысқа тікелей қатыспайтын, мұнай экспорттайтын мемлекеттер үшін қосымша экономикалық мүмкіндік туындауы мүмкін. Өйткені мұнай бағасының қымбаттауы олардың экспорттық кірісін арттыруға жағдай жасайды. Дегенмен жеткізілім жолдарының бұзылуы мен нарықтағы тұрақсыздық мұнай өндіруші елдерге де, энергия тұтынушыларына да елеулі экономикалық тәуекел төндіреді. Демек, Таяу Шығыстағы шиеленістің ықпалы біржақты емес: кейбір мемлекеттер үшін экономикалық мүмкіндік туындаса, аймақ елдері мен әлемдік нарық үшін оның салдары әлдеқайда күрделі.

Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Рүстембек Қазына


Ұқсас тақырыптар

Рустембек Қазына
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)