Жануарлар әлеміндегі түсініксіз құбылыстар: Кейбір жануарлар табиғи апатты қалай алдын ала сезінеді?

     Жануарлардың табиғи апат алдында әдеттен тыс әрекет етуі адамзатты ежелден қызықтырады. Біздің заманымызға дейінгі 373 жылы ежелгі Грекиядағы Хелике қаласында болған жер сілкінісіне дейін егеуқұйрықтар, жыландар және басқа да жануарлар мекенін тастап кеткені туралы тарихи деректер кездеседі. Қазіргі кезде де кейбір жануарлардың табиғи апат қарсаңында мінез-құлқын өзгертуі ғалымдардың назарын аударып келеді. 2011 жылы Перудегі Яначага ұлттық паркінде жүргізілген зерттеу осы құбылысты зерделеуге бағытталған. Ғалымдар 9 қозғалыс датчигі орнатылған камераның 30 күндік жазбасын талдаған. Бақылау 7,0 магнитудалы жер сілкінісіне дейінгі кезеңді қамтыған. Зерттеу нәтижесінде жер сілкінісінен шамамен 20–23 күн бұрын жабайы жануарлардың белсенділігі айтарлықтай төмендегені анықталған. Алайда бұл – жекелеген зерттеудің нәтижесі. Оны барлық жануар табиғи апатты алдын ала сезе алады деген тұжырымға негіз етуге болмайды. Тағы бір назар аударарлық оқиға 1975 жылғы 4 ақпанда Қытайдың Хайчэн қаласында болған 7,3 магнитудалы жер сілкінісімен байланысты. Апат алдында жануарлардың әдеттен тыс әрекеттері туралы хабарлар тіркелген. Сол кезеңдегі сейсмикалық белсенділік пен геофизикалық бақылаулардың нәтижесінде жергілікті билік тұрғындарды эвакуациялау туралы шешім қабылдаған. Бұл оқиға тарихтағы жер сілкінісін алдын ала болжаудың сәтті мысалдарының бірі саналады. Дегенмен апаттың алдын алуда тек жануарлардың әрекеті емес, бірнеше ғылыми бақылаудың нәтижесі ескерілген.

Ғалымдар жануарлар жер сілкінісінің алғашқы әлсіз дүмпулерін адамнан бұрын сезуі мүмкін деп есептейді. Себебі кейбір жануарлардың есту және сезу қабілеті адамға қарағанда әлдеқайда сезімтал. Жер сілкінісі кезінде пайда болатын алғашқы P толқындары негізгі тербелістерден бұрын жетеді. Сондықтан жануарлар негізгі дүмпуді адамдардан бірнеше секунд бұрын сезуі мүмкін.

Алайда АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жануарлардың мінез-құлқы мен жер сілкінісі арасында тұрақты әрі ғылыми тұрғыда дәлелденген байланыс жоқ. Жануарлардың әдеттен тыс әрекетіне қоршаған ортадағы басқа да өзгерістер әсер етуі мүмкін. Сондықтан олардың мінез-құлқын табиғи апаттың нақты белгісі деп қабылдауға болмайды. Жер сілкінісін бақылау мен қауіп туралы ескертуде ғылыми құралдар мен ресми жүйелердің маңызы зор.

Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Оңалбай Сымбат 


Ұқсас тақырыптар

Оңалбай Сымбат 
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)