Жасанды интеллект (ЖИ) білім беру, медицина, бизнес және шығармашылық салаларында кеңінен қолданылып, жастарға білімін жетілдіруге және жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріп отыр. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының 2025 жылғы сауалнамасына сәйкес, 18–29 жастағы қазақстандықтардың 76,2%-ы жасанды интеллект сервистерін пайдаланады. Олардың 48,7%-ы бұл құралдарға оқу және өзін-өзі дамыту үшін, ал 44,2%-ы мәтіндермен жұмыс істеу үшін жүгінеді. Бұл жасанды интеллекттің жастар өміріндегі орны артып келе жатқанын көрсетеді.
Алайда цифрлық мүмкіндіктермен қатар жалған ақпараттың таралу қаупі де бар. 2018 жылы Science ғылыми журналында жарияланған MIT зерттеушілерінің еңбегінде Twitter желісіндегі 2006–2017 жылдар аралығында тараған шамамен 126 мың жаңалықтың таралуы зерттелген. Зерттеу нәтижесінде жалған жаңалықтардың 1500 адамға шынайы ақпараттан шамамен алты есе жылдам жететіні анықталған. Бұл әлеуметтік желілерде ақпаратты тексермей таратудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді.
Сондықтан жастар ақпараттың бастапқы дереккөзін анықтап, мәліметті бірнеше сенімді басылыммен салыстырып, күмәнді сілтемелерге өтпеуі және тексерілмеген ақпаратты таратпауы қажет. Жасанды интеллект ұсынған жауаптарды да ресми дереккөздер арқылы тексерген жөн. Себебі ЖИ кейде қате немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет ұсынуы мүмкін. Технологияны меңгер, ақпаратты тексер, жалғандыққа жол берме! Цифрлық сауаттылық – қауіпсіз ақпараттық ортаны қалыптастырудың маңызды негізі.
Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Құмархан Аяна

-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі