Дүниежүзіндегі ерекше кітапхананың бірі: Канзас-Сити,АҚШ кітапханасы

АҚШ-тың Миссури штатындағы Канзас-Сити қаласында сыртқы келбеті алып кітап сөресіне ұқсайтын ерекше қоғамдық кітапхана орналасқан. Оның тарихы 1873 жылдан басталады. Алғашында кітапхана мектеп жанындағы шағын кітап қорынан бастау алып, небәрі сегіз энциклопедия томын қамтыған. Уақыт өте келе кітап қоры ұлғайып, қаладағы маңызды мәдени-ағарту орталықтарының біріне айналды.

Кітапхананың қазіргі Орталық бөлімшесі бұрынғы First National Bank ғимаратында орналасқан. 1906 жылы салынған тарихи ғимаратты кітапханаға бейімдеу жұмыстарына шамамен 50,2 миллион доллар жұмсалған. Жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін кітапхана 2004 жылдың сәуірінде оқырмандарға есігін ашты. Алайда ғимараттың ең ерекше бөлігі – оның жанындағы автотұрақтың алып кітап сөресіне ұқсас сыртқы көрінісі. Community Bookshelf деп аталатын бұл сәулеттік нысан 2004 жылы жасалған. Жобаның басты мақсаты – автотұрақ ғимаратының сыртқы көрінісін көркейтіп, оны қаланың ерекше сәулеттік нысандарының біріне айналдыру. Жобаға қала тұрғындары да атсалысқан: олар сүйікті кітаптарының атауларын ұсынған. Нәтижесінде кітапхана кеңесі таңдаған шығармалардан тұратын 22 алып кітап бейнесі жасалып, оған 42 шығарма атауы орналастырылған.

Бүгінде Канзас-Сити қоғамдық кітапханасы тек кітап оқитын орын ғана емес, сонымен қатар мәдени және білім беру орталығы саналады. Мұнда оқырмандарға арналған түрлі іс-шаралар, кездесулер мен білім беру бағдарламалары өткізіледі. Алып кітап сөресі қаланың танымал нышандарының біріне айналып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттырудың ерекше үлгісін көрсетіп келеді.

Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Атағожа Жанел


Ұқсас тақырыптар

 Атағожа Жанел
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)