Жасанды интеллект: жастарға мүмкіндік пен жауапкершілік

Жасанды интеллект қазіргі жастардың білім алуына, ақпарат іздеуіне және шығармашылық қабілетін дамытуына кең мүмкіндік беріп отыр. Оның кең таралған үлгілерінің бірі – ChatGPT. OpenAI компаниясы бұл жүйені 2022 жылғы 30 қарашада көпшілікке ұсынды. Содан бері ол білім беру мен күнделікті жұмыста жиі қолданылатын цифрлық құралдардың біріне айналды.

Қазақстанда да бұл технологияға қызығушылық артып келеді. OpenAI-дің Қазақстандағы ChatGPT қолданылуына қатысты 2026 жылғы аналитикалық деректеріне сәйкес, 18–24 жастағы қолданушылар барлық хабарламалардың 36,2%-ын, ал 25–34 жастағылар 35,8%-ын құрайды. Қазақстандықтар ChatGPT-ті көбіне практикалық кеңес алу (32,8%), мәтін жазу және өңдеу (25%), ақпарат іздеу (18%) мақсатында пайдаланады.

Жасанды интеллект мектеп оқушыларының оқу үдерісіне де еніп келеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) PISA 2025 зерттеуіне сәйкес, Қазақстан оқушыларының 47%-ы оқуына көмектесу үшін жасанды интеллект чат-боттарын аптасына кемінде бір рет қолданады. Олардың 38%-ы жаңа тақырыпты зерттеу, 38%-ы мәтінді қысқаша мазмұндау, ал 39%-ы жазбаша тапсырмаларға мәтін дайындау үшін ЖИ құралдарына жүгінеді. Жоғары оқу орындарындағы студенттердің арасында да бұл технологияның қолданысы артып келеді. 2024 жылғы наурыз-сәуір айларында Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер арасында жүргізілген зерттеуге 220 адам қатысқан. Оның 200-інің жауабы талдауға алынған. 

Зерттеу нәтижесінде студенттердің 55%-ы ChatGPT-ті оқу мақсатында аптасына бес немесе одан да көп рет пайдаланатыны анықталған. Алайда жасанды интеллект ұсынған ақпараттың барлығы бірдей дұрыс бола бермейді. Сондықтан оның жауабын ресми құжаттармен және сенімді дереккөздермен салыстырып тексеру маңызды. Сонымен қатар жеке мәліметтерді бөгде платформаларға енгізуде сақ болған жөн. Жасанды интеллект адамның сыни ойлау қабілетін алмастырмауы керек. Оны дайын жауапты көшіріп алудың құралы емес, білімді тереңдетуге, жаңа идеяларды дамытуға және өз бетінше ізденуге көмектесетін құрал ретінде пайдаланған дұрыс.

Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Батырбек Аяулым 


Ұқсас тақырыптар

Батырбек Аяулым 
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)