Актер болу — тек рөлді сомдау емес

   Сахнаға шыққан актер көрерменге кейіпкердің бейнесін ғана емес, оның ішкі сезімі мен жан дүниесін де жеткізеді. Сырт көзге актерлік мамандық дайын мәтінді жаттап, рөлді орындау сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның артында ұзақ дайындық, үздіксіз ізденіс пен үлкен жауапкершілік жатыр. Нағыз актер болу үшін дауыс ырғағын меңгеру, эмоцияны нанымды жеткізу, дене қимылын үйлестіру және кейіпкердің мінез-құлқын терең түсіну қажет. Әрбір рөлге дайындық барысында актер кейіпкердің өмір жолын, көзқарасын және іс-әрекетінің себептерін зерттейді. Мұның бәрі көрерменге сахнадағы бейненің шынайы әсер қалдыруына көмектеседі.

Қазақстанда театр өнері де дамып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтарда елімізде 74 театр жұмыс істесе, 2026 жылғы 1 қаңтарда олардың саны 85-ке жеткен. Сонымен қатар 2025 жылы театрларға келушілер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5%-ға артқан. Бұл театр саласындағы мәдени шараларға деген қызығушылықтың сақталып отырғанын көрсетеді. Актерлік өнерді меңгергісі келетін жастар Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде білім ала алады. Бұл оқу орындарында шығармашылық бағыттағы мамандықтар бойынша білім беру қарастырылған. Актерлік өнер мамандығына түсу үшін талапкерлер шығармашылық емтихандардан өтеді.

Актерлер театр сахнасымен қатар кино мен телехикаяларда да өнер көрсетеді. Әр саланың өзіндік ерекшелігі бар. Театрда актер көрерменмен тікелей байланыс орнатса, кино мен телехикаяда кейіпкердің бейнесі камера арқылы жеткізіледі. Дегенмен олардың барлығына ортақ талап – кәсіби шеберлік пен шынайы орындау. Актерлік өнер – жай ғана рөл сомдау емес. Бұл – өзге адамның болмысын танып, оның сезімі мен тағдырын көрерменге жеткізе білу. Нағыз актер болу үшін табиғи қабілетпен қатар еңбекқорлық, ізденіс пен төзімділік қажет.

Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Мусина Аяжан


Ұқсас тақырыптар

Мусина Аяжан
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)