Егер атом бомбасы жарылса… Жердегі ең төзімді тіршілік иесі

    Адамзат ғарышты зерттеп, өзге ғаламшарларда тіршілік іздеп жүргенде, Жер бетінде табиғаттың ең төзімді тіршілік иелерінің бірі өмір сүреді. Ол – денесінің ұзындығы көбіне 1 миллиметрден аспайтын тардиграда, яғни су аюы.

Бұл тіршілік иесінің ерекшелігі – қоршаған ортаның аса қолайсыз жағдайларына бейімделе алуында. Кейбір түрлері −272,8 °C суыққа және +150 °C ыстыққа қысқа уақыт төтеп бере алады. Сонымен қатар зерттеулерде Milnesium tardigradum түрінің 6200 Грейге дейінгі ауыр иондық сәулелену дозасына ұшырағаны анықталған. Алайда бұл мөлшер олардың барлығы тірі қалады дегенді білдірмейді.

2007 жылы Еуропалық ғарыш агенттігінің FOTON-M3 миссиясы аясында тардиградалар ашық ғарыш жағдайында 10 күн бойы зерттелді. Тәжірибе барысында олар ғарыш вакуумына және күн сәулесінің ультракүлгін сәулеленуіне ұшырады. Жерге оралғаннан кейін кейбір даралары қайта тіріліп, тіршілік әрекетін жалғастырды. Ғалымдардың назарын аударған тағы бір ерекшелігі – Dsup деп аталатын ақуыз. Ол тардиградалардың кейбір түрлерінде кездесіп, ДНҚ-ны сәулеленуден болатын зақымданудан қорғауға көмектеседі. Зерттеушілер бұл ақуыздың қасиеттерін жасушаларды қорғау жолдарын жетілдіру мақсатында зерттеп келеді. 

Tардиградаларды атом бомбасының жарылысынан аман қалатын тіршілік иесі деп атауға болмайды. Олардың төзімділігі жекелеген төтенше жағдайларда зерттелген. Ал ядролық жарылыстың барлық әсеріне төтеп бере алатыны ғылыми тұрғыда дәлелденбеген.

Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Кадыралиева Жулдызай


Ұқсас тақырыптар

Кадыралиева Жулдызай
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)