Жұрт қайғысы

(Әмір Темір алдында)

Бауырым – дерт, өңім – өрт. Көңілім – сынық, еңсем – еңкіш. Сенің зияратыңа келдім, Сұлтаным! Езілген басым, қысылған ожданым, күйген қаным, өртенген жаным үшін сағанаңнан сая іздеп келдім, қаһаным!  

Жүздеген жылдардан бері жәбір-жапа көріп, уайым шегіп келген түріктің қанды көз жасын етегіңе төгейін деп келдім. Қараңғы түнек ішінде көрмеуге айналған өзбектің көзі үшін топырағыңнан сүрме алғалы келдім. Намыссыз жандардың сиқын көріп түркілік қан қайнасын, мұсылмандық күш-қайрат тасысын – тамұқ оты тәрізді! Бірақ, бұл жолы өз әлсіздігін сезіп, қан жылаған түрік халінен хабар беруге келдім, қаһаным!  

Ұлы қаһаным! Түркілік салтанаттан сән кетті. Түрік үшін күйіп-жанатын мемлекет жоқ, түрік абыройын асыратын қаһандық дәуір келмеске кетті. Түріктің намысы, иманы, ожданы залымдардың аяғының астында тапталды. Түріктің Отаны, ошағы Тұрани жат пиғылдардың қолына көшті. Түріктің атам заманғы айқын бейне-белгісі, өткірлігі, зейін-зердесі, алғыр ақыл-ойы надандардың олжасына айналды. Сенің қылышыңның арқасында жарты әлемді жайлаған түрік тыныш тірлік пен жайлы жатақты да таба алмай қалды. Сенің аманатыңа қиянат қылғандарды аяма – ұр, соқ, өлтір!   

Сұлтаным! Сезем, сенің асқақ та өр рухың мен сияқты әлсіз де әлжуаз ұрпағыңның тап бүгінгі халіне ашу-ызаға толы көзбен қарап тұр. Білем, дәл қазір сенің асау да адуын толқынды теңіз іспетті жүрегің мен сияқты міскінге мысқылмен қарайды. Себебі, жоғарыда айтқандарымның бәр-бәріне өзім кінәлімін, себепкер де өзге емес, өзіммін. Сенің Тұраныңды өзім таларттым, сенің түркіңді өзім ездірттім, сенің аманатыңа өзім қиянат жасадым.

Мен бес күндік мынау жалғанды тып-тыныш қана жатып, тұрып өткізуді қаламағанда, осылардың біреуі де болмас еді. Мен қолыма Сен тапсырған қылышты тастап, оны орақ пен шалғыға алмастырмағанда, мұның біреуі де болмас еді!.. Сенің, менің Тұраным осыншалықты таланбас еді!..

Мен жалғыз ғана қан аралас көз жасымды сағанаңа төгу үшін емес, өз күнәмді мойындауға келдім, қаһаным. Маған аяушылық жасама! Мен жалғыз ғана жазығымды мойындауға емес, Тұранға келтірген зиянымды өтемек үшін келдім, қаһаным. Мен жазалануға лайықпын!..

Ей, арыстанның арыстаны! Маған тағы бір рет сенім арт, қолымды ұста, жеңімді түр, белімді байла, әзіз де мүбарак батаңды бер! Сенің мынау жарық дүниеге сыймаған құдіретті күш-қайратыңның атынан ант етемін: Тұранның бұрынғы салтанаты мен ұлылығын қайта әкеліп өз орнына қоймайынша, маған тыным болмайды!..

Абдуррауф Фитрат. («Хуррият», 1917 жыл, 31 қазан). аударған Исраил Сапарбай


WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)