Бүгінде әлеуметтік желісіз өмірді елестету қиын. Таңертең оянғаннан бастап, түнде ұйқыға кеткенге дейін смартфон қолданатын жастардың қатары көбейді. Instagram, TikTok, YouTube және басқа да платформалар жас буынның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда әлеуметтік желілер жастарға қаншалықты пайдалы және оның кері әсері қандай? Қазақстандағы көрсеткіштер әлеуметтік желілердің кең таралғанын аңғартады. DataReportal халықаралық зерттеу платформасының Digital 2025 Kazakhstan есебіне сәйкес, 2025 жылдың қаңтарында Қазақстанда 15,7 миллион әлеуметтік желі қолданушысының бірегей емес аккаунт сәйкестендіргіші тіркелген. Бұл ел халқының 75,7%-ына тең. Ал Digital 2026 есебінде 2025 жылдың қазанында бұл көрсеткіштің 16,9 миллионға жеткені көрсетілген. Айта кету керек, бұл сандар нақты адамдардың саны емес, әлеуметтік желілердегі пайдаланушы сәйкестендіргіштерінің бағаланған көрсеткіші.
АҚШ-тағы Pew Research Center зерттеу орталығы 2024 жылғы 18 қыркүйек пен 10 қазан аралығында 13–17 жас аралығындағы 1 391 жасөспірім арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде жасөспірімдердің 45%-ы әлеуметтік желіде шамадан тыс көп уақыт өткізетінін айтқан. Сондай-ақ 45%-ы әлеуметтік желілер ұйқысына, 40%-ы өнімділігіне кері әсер ететінін көрсеткен. Ал 19%-ы оның психологиялық саулығына теріс ықпал ететінін мәлімдеген. Дегенмен әлеуметтік желілердің пайдалы тұстары да бар. Pew Research Center зерттеуіне қатысқан жасөспірімдердің 74%-ы әлеуметтік желілер достарымен байланысын нығайтуға көмектесетінін, ал 63%-ы шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік беретінін айтқан. Бұл платформалардың қарым-қатынас орнату мен өзін-өзі дамытуға да жағдай жасайтынын көрсетеді.
Сонымен қатар жалған ақпарат пен кибербуллинг мәселесі де назар аударуды қажет етеді. Әлеуметтік желіде жарияланған әрбір мәлімет шынайы бола бермейді. Тексерілмеген ақпаратқа сену қате пікір қалыптастыруы мүмкін. Ал желідегі орынсыз пікірлер мен кемсітулер жасөспірімдердің өзіне деген сеніміне нұқсан келтіреді. Әлеуметтік желінің пайдасы оны қалай пайдаланатынымызға байланысты. Ақпарат іздеу, білім алу және шығармашылықпен айналысу үшін тиімді қолданылған платформа мүмкіндікке айналады. Ең бастысы – уақытты тиімді жоспарлап, цифрлық ортада ақпаратты саралай білу.
Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Айым Құрман

- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Али Акбар Деһхода
- Али Акбар Деһхода
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі