Жасанды интеллект: әлемді өзгертетін технология және жаңа мүмкіндіктер

Әлемдік көрсеткіштер: жасанды интеллект қаншалықты жылдам дамып жатыр?

Стэнфорд университетінің Адамға бағдарланған жасанды интеллект институты (Stanford HAI) жариялаған 2026 жылғы AI Index есебіне сәйкес, 2025 жылы әлемдегі ұйымдардың 88%-ы кемінде бір жұмыс бағыты бойынша жасанды интеллектіні пайдаланған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 55% болған. Осылайша, екі жыл ішінде ЖИ қолданатын ұйымдардың үлесі 33 пайыздық тармаққа өскен. Генеративті жасанды интеллектінің таралу қарқыны да ерекше. Есепте бұл технологияның әлем халқы арасында үш жылдың ішінде шамамен 53% деңгейінде таралғаны көрсетілген. Зерттеушілер оның таралу жылдамдығы дербес компьютер мен интернеттің алғашқы даму кезеңдерінен де жоғары болғанын атап өтеді. Сонымен қатар 2025 жылы ұйымдардың 70%-ы генеративті ЖИ-ді кемінде бір бизнес үдерісінде қолданған. Бұл көрсеткіштер жасанды интеллектінің уақытша технологиялық үрдіс емес, әлемдік экономика мен өндірістің маңызды құралына айналып келе жатқанын аңғартады.

ЖИ экономикаға қанша қаржы тартып отыр?

Жасанды интеллект нарығының өсуі оған бағытталған инвестиция көлемінен де байқалады. 2025 жылы әлемдік корпоративтік жасанды интеллект инвестициясының жалпы көлемі 581,69 млрд АҚШ долларына жеткен.Оның 344,66 млрд доллары жеке инвестицияларға тиесілі. Елдер арасындағы көрсеткіштер де айтарлықтай ерекшеленеді. 2025 жылы АҚШ-тағы жеке ЖИ инвестициясы 285,9 млрд долларды құраса, Қытайда 12,4 млрд доллар, Еуропада 20,9 млрд доллар болған. Осылайша, АҚШ-тың жеке инвестиция көлемі Қытай көрсеткішінен 23 еседен астам жоғары.

Ғылымдағы технологиялық серпіліс

Жасанды интеллект ғылыми зерттеулердің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Қазіргі уақытта ол биология, химия, физика, астрономия және басқа да ғылым салаларында күрделі деректерді өңдеу, есептеулер жүргізу және ғылыми болжамдар жасау үшін қолданылады. 2025 жылы жаратылыстану ғылымдары саласында жасанды интеллектімен байланысты шамамен 80 150 ғылыми жарияланым жарық көрген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 26%-ға көп.

Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Айнамкүл Арасел


Ұқсас тақырыптар

Айнамкүл Арасел
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)