Нұрекең қазіргі Ақтөбе облысының Байғанин ауданында 1858 жылы туады. Руы – Əлім, оның ішіңде – Шекті, оның ішіңде – Шүрен.
Нұрекеңнің əкесі – Байғана өмір бойы байдың жалшысы боп күн кешкен адам. Көп жыл жаз жаңбыр, қыс боранда жылқы баққандықтан, бертін келе Байғана аяғынан мешел боп отырып қап, қалған жасында мүгедек боп өлген.
Жеті жасында шешесінен жетім қалған жалғыз баласы – Нұрпейісті күн көрісі нашар Байғана байдың қозысын бағуға жалдайды. Сол кезден-ақ, сəби Нұрпейіс өлең-жырға, əнге, домбыраға, ертегі айтуға əуестеніп, «Əнші бала», «Ертекші бала», «Домбырашы бала» деген аттарға ие болады.
Таудың, құмның арасына қозы бағуға келген Нұрпейістің соңынан ауылдың балалары еріп кетіп, қозыларын бағып жүріп ертегілерін, əндерін тыңдайды. Сүйтіп жүрген кезеңде балалармен əңгімелесіп отырған Нұрпейіс қозыларына қасқыр шапқанын аңғармай қап, бір ұя қасқыр көп қозысын шығындап кетеді. Оның бұл қылығына ыза болған бай, төлеуге əкесінің жалғыз түйесін алып, баланы қаңғыртып жібереді.
Бірақ Нұрпейіс елді аралағанда қайыр сұрамайды, оның ермегі де, кəсібі де жыры мен домбырасы болады. Осы кəсіппен тамақ асыраған ол, аз уақытта халыққа дарынды ақын екенін танытып, елде «жаяу жыршы» атанады.
Кіші жүзге қараған он екі ата Байұлын, алты ата Əлім ұлын, жеті ата Жетіруды аралап жыр айтқан Нұрекең, сол кездегі қазақтың атақты ақындары Марабайға, Нұрымға, Мұратқа, Əбубəкір Кердеріге тағы басқаларға кездесіп, олардың тамаша ақындық мектебінен сабақ алады.
Еш уақытта молда алдын көрмеген, хат танымаған Нұрекең, жаңағы аттары аталған ұлы ақындардың үлгісімен бұрын қазақ арасында айтылып жүретін ұзақ желілі батырлық жырлары: «Қобыландыны», «Қарасай-Қазиды», «Алпамысты», «Қырымның қырық батырын», тағы басқалардың өзі шығарған жүйелерін айтып жүреді. Өзге ақынның айтуында 3000 жолдық «Қобыланды» – Нұрекеңде 12000 жол өлең. Ол əрбір батырлық жырды да осылай кеңейте, байыта жырлайды. Желілік жырлар айтуда Нұрекең ел ішінде бар, даяр сюжетпен ғана қанағаттанбайды. Ол «Ақкенже», «Нарқыз» сияқты өз басынан ұзақ жырлар шығарады.
Жырлар айтумен қатар, Нұрекең қазақ ақындарының əдетіндегі айтыс жанрын да қолданып, ірі ақындармен айтысқа түседі, талайын жеңеді, солардың біреуі – Қазақбай ақын.
Революцияға шейін Нұрекеңнің ақындық жолында негізгі қолданған жанры – желілік ұзақ поэмалар. Ғашықтық жырлары, қалжың-əзіл жырлары, əдет жырлары сияқты жырлар шығарумен де көп шұғылданған, бірақ олары қазір біздің қолда жоқ. Көбін 86 жастағы қарт ақынның өзі де ұмытқан.
Социалистік Октябрь революциясыхалқына да, өзіне де бостандық, бақытты тұрмыс бергенін көрген Нұрекең революцияның алғашқы күндерінен бастап жырларында бостандық ұранын шақырып, халықты Ленин-Сталин партиясының туының астына жинауға бойындағы барлық ақындық өнерін аямайды. Еркін, бақытты Қазақстанның, Советтер Одағының та ту семьясында 25 жыл жасаған өмірінің барлық тарауында да Нұрекең жалынды жырын арнайды.
Ұлы Отан соғысын 83 жасында кездестірген тарлан ақын майданның жəне тылдың ерлік істері туралы ешбір жас ақыннан кемжырлағанжоқ. Көпжағдайдашабандаужас ақындардан ол асып түсіп отырды. Оның «Жиырма сегіз» атты, Советтер Одағының батыры Төлеген Тоқтаров туралы шығарған поэмасы, «Қазақстан – майданға» дейтін толғаулары, тағы басқа ондаған өлеңдері – Ұлы Отан соғысы кезіндегі совет ақынының жігер-қайратын, намысын көрсетететін тамаша дəлелдер.
Қарт патриоттың халыққа адал көңілмен, жігерлі ынтамен атқарған қызметін халық та, өкімет пен партия да ерекше елеп, лайықты құрмет көрсетті.
1938 жылы Қазақстан Жоғарғы Советі «Искусствоға еңбегі сіңген қайраткер» деген атақ берді; 1940 жылы Бүкілодақтық Жоғарғы Советі «Құрмет белгісі» орденін сыйлады; 1942 жылдың ноябрь айында Нұрекеңе салтанатты жағдай жасалу туралы Қазақстан Орталық партия комитеті мен Халық Комиссарлар Советі ерекше қаулы алды.
Қазақстан Жазушылар одағының құрастыруымен Қазақстан Біріккен Мемлекет Баспасы кітап қып бастырып отырған Нұрекеңнің бұл жинағына оның кейбір таңдамалы шығармалары ғана кетті.
Қадірлі ақынның еңбектерін толық жинап бастыру – алдағы күндердің міндеті.
Н.Байғаниннің «Таңдамалы шығармаларына» (Алматы, Қазақтың Біріккен Мемлекет баспасы, 1945 жыл) жазылған алғысөз

- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Али Акбар Деһхода
- Али Акбар Деһхода
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі