Африка: жер астында байлық, жер үстінде жоқшылық

   Африка – табиғи ресурстарға бай болғанымен, кедейлік мәселесі әлі де өзекті болып отырған құрлық. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, 2024 жылы Сахараның оңтүстігіндегі Африка халқының шамамен 45 пайызы күніне 3 АҚШ долларынан аз қаражатқа өмір сүрген. Бұл көрсеткіш құрлықтағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктің әлі де терең екенін аңғартады.

Мұндай жағдайдың қалыптасуына бірнеше тарихи және экономикалық фактор әсер етті. Ең алдымен, ұзақ жылдарға созылған отаршылдық кезеңін атап өткен жөн. Еуропалық мемлекеттер Африканың алтын, алмас, мұнай және басқа да табиғи байлықтарын өз мүдделеріне пайдаланды. Соның салдарынан көптеген елдің экономикалық дамуы сыртқы күштердің ықпалына тәуелді болып қалды. Қазіргі таңда да бірқатар Африка мемлекеті шикізатты экспорттаумен шектеліп, оны терең өңдеуден түсетін қосымша экономикалық табыстың едәуір бөлігін өз ішінде қалыптастыра алмай отыр.

Сонымен қатар саяси тұрақсыздық, сыбайлас жемқорлық, жұмыссыздық және білім беру жүйесіндегі мәселелер де кедейліктің тереңдеуіне ықпал етуде. Экономикалық мүмкіндіктердің халық арасында тең бөлінбеуі де әлеуметтік жағдайды күрделендіре түседі. Бұған қоса, құрғақшылық, су тапшылығы және климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізіп, халықтың тұрмысын қиындатып келеді. Дегенмен Африканы тек кедейлікпен байланыстыру дұрыс емес. Құрлықтың еңбекке қабілетті жас халқы, мол табиғи ресурстары мен зор экономикалық әлеуеті бар. Африка елдерінің тұрақты дамуы үшін сапалы білім беруді жетілдіру, тиімді әрі әділ басқару жүйесін қалыптастыру, өндіріс орындарын дамыту және табиғи ресурстарды ел ішінде өңдеу маңызды. Өйткені Африканың басты мәселесі – байлықтың жоқтығы емес, сол байлықтың халық игілігіне толық айналмауы.

Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Қайрат Алина


Ұқсас тақырыптар

Қайрат Алина
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)