Ақ мәрмәрдің астарындағы ғасырлық тарих

   Үндістанның Агра қаласында, Жамуна өзенінің жағасында орналасқан Тәж Махал – әлемнің жеті кереметінің бірі әрі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи ескерткіш. Оны Моғол императоры Шах Жахан сүйікті жары Мумтаз Махалдың құрметіне салдырған. Мумтаз Махал 1631 жылы он төртінші баласын дүниеге әкелу кезінде қайтыс болған.

Кесененің құрылысы 1632 жылы басталып, негізгі ғимараты 1648 жылы аяқталды. Ал мешіт, қонақ үй және басқа да қосымша нысандарды қамтитын кешеннің құрылысы 1653 жылға дейін жалғасты. Оған Үндістанның әр өңірінен, Орта Азия мен Парсы жерінен келген 20 мыңға жуық жұмысшы мен шебер қатысты. Ақ мәрмәрдан тұрғызылған ғимарат төрт мұнарамен көмкерілген. Кешен құрамына мешіт, қонақ үй және сәндік бақтар кіреді. Тәж Махалдың ең ерекше қасиеттерінің бірі – ақ мәрмәрінің жарыққа қарай құбылып көрінуі. Таңертең қызғылт реңкке боялса, күндіз сүттей ақ түске енеді, ал ай сәулесінде алтын түстес жарқырайды. Кесене қабырғаларындағы Құран аяттары көркем каллиграфиямен безендірілген. Ал гүлді және геометриялық өрнектері ақық, нефрит, жақұт және басқа да жартылай бағалы тастардан құрастырылған.

Кесенеге қатысты ең қызықты аңыздардың бірі – «Қара Тәж Махал» хикаясы. Аңыз бойынша, Шах Жахан өзіне арнап Жамуна өзенінің қарсы бетіне қара мәрмәрдан екінші кесене салуды жоспарлаған. Алайда 1658 жылы ұлы Аурангзеб әкесін биліктен тайдырып, Аградағы Қызыл бекініске қамағандықтан, бұл жоспар жүзеге аспай қалған. Дегенмен тарихшылар бұл оқиғаны нақты дәлелденген тарихи дерек емес, аңыз ретінде қарастырады. Тәж Махал – бір адамның сүйіспеншілігінен басталып, бүкіл әлемге танылған тарихи мұра.Оның әрбір өрнегі мен мәрмәр қабырғасы өткен дәуірдің сәулет өнері мен шеберлігін танытады. Ғасырлар өтсе де, бұл кесене өзінің әсемдігін жоғалтпай, адамзатқа махаббаттың, өнердің және мәңгілік естеліктің құндылығын еске салып келеді.

Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Жүкен Еркеназ

 


Ұқсас тақырыптар

Жүкен Еркеназ
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)