Қазақстандық жасөспірім спортшылардың халықаралық аренадағы жетістігі

    Қазақстандық жасөспірім спортшылар халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, отандық спорттың дамуына елеулі үлес қосып келеді. Олардың жетістіктері Қазақстанның спорттық әлеуетін көрсетіп қана қоймай, жаңа буынның халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді. Мәселен, 2026 жылы Дакарда өткен IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 8 медаль – 2 алтын, 3 күміс және 3 қола жеңіп алды. Бүгінде жас спортшылар дәстүрлі спорт түрлерімен қатар, Қазақстан үшін жаңа бағыт саналатын салаларда да табысқа жетіп жүр. Соның бір мысалы – ауыр атлетика. 15 жастағы Нұржан ЖұмабайКолумбияның Кали қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 88 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, серпе көтеруден 193 келі нәтижесімен әлем рекордын жаңартты. Сонымен қатар ол қоссайыс қорытындысы бойынша 348 келі көтеріп, әлем чемпионы атанды.

Тағы бір айтулы жетістік – падел спортындағы тарихи нәтиже. Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Индонезияның Джакарта қаласында өткен FIP Junior Asia Padel Cup 2026жарысына алғаш рет қатысып, қола жүлдеге ие болды. 7–14 қараша аралығында ұйымдастырылған турнирде 17 елдің командасы бақ сынады. Қазақстандық спортшылар үшінші орын үшін өткен кездесуде Сауд Арабиясы құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Бұл – қазақстандық жасөспірімдер падел құрамасының Азия кубогындағы алғашқы жүлдесі. Осылайша, жас қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстардағы жетістіктері ел спортының даму қарқынын көрсетеді. Бүгінгі жас чемпиондар – ертеңгі кәсіби спорттың жаңа буыны. Олардың табыстары Қазақстанның көк туын әлемдік спорт ареналарында асқақтата бермек.

Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Бекберген Іңкәр


Ұқсас тақырыптар

Бекберген Іңкәр
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)