Жастар арасындағы жұмыссыздық – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін өзекті мәселелердің бірі. Еңбек нарығына енді қадам басқан жас мамандардың жұмыс таба алмауы, яғни алған мамандығы бойынша еңбек ету мүмкіндігінің шектеулі болуы және жұмыс берушілердің тәжірибеге басымдық беруі мәселенің күрделілігін арттырып отыр. Сонымен қатар NEET санатына, яғни жұмыс істемейтін білім алмайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастардың қатарына жататын азаматтардың болуы да қоғам назарын талап етеді. Бұл жағдай жастардың экономикалық дербестігіне ғана емес, елдің еңбек әлеуеті мен адами капиталының дамуына да ықпал етеді.
Мәселенің туындауына білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы сәйкессіздік, тәжірибенің жеткіліксіздігі және мамандық бойынша жұмыс орындарының шектеулі болуы әсер етеді, Бұған қоса, өңірлердегі жұмыспен қамту мүмкіндіктерінің әркелкілігі де жастардың кәсіби қалыптасуына кедергі келтіреді. Сондықтан жұмыссыздықты тек жұмыс орындарының тапшылығымен түсіндіру жеткіліксіз. Ендеше, жастар арасындағы жұмыссыздықтың негізгі себептері қандай? Жоғары білім алған жас мамандардың еңбек нарығында өз орнын табуына не кедергі және қолданыстағы жұмыспен қамту тетіктері бұл мәселені шешуге қаншалықты қауқарлы?
Мәселенің мәні неде?
Қазақстандағы жастар жұмыссыздығының себептерін саралағанда, мәселенің бір ғана жұмыс орнының тапшылығымен шектелмейтінін байқауға болады. Ең алдымен, білім беру жүйесінде даярланатын мамандар мен еңбек нарығындағы нақты сұраныстың арасында алшақтық бар. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) бас сарапшысы Гүлназ Қасымова 2025 жылғы 24 ақпанда жариялаған «Жұмыспен қамтудың болашағы: білім беру жүйесінің еңбек нарығына ықпалы» атты талдамалық мақаласында кеңінен тоқталған.
Сарапшының пайымдауынша, Қазақстан еңбек нарығында бір мезгілде екі түрлі жағдай қалыптасқан: инженерия, ақпараттық технологиялар және нақты ғылымдар саласында білікті мамандарға сұраныс жоғары болса, кейбір гуманитарлық бағыттарда түлектер саны артып, олардың алған біліміне сәйкес жұмыс табуы қиындаған. Зерттеуде 2023–2024 оқу жылында жоғары оқу орындарын 157 106 студент аяқтаған. Олардың 37,7 пайызы білім беру, ал 17,1 пайызы инженерлік, өңдеу және құрылыс мамандықтары бойынша даярланғаны көрсетіледі. Сонымен қатар жоғары білім алған жастардың 17 пайызы, техникалық және кәсіптік білім алғандардың 29 пайызы өз мамандығына сәйкес келмейтін қызметтерде жұмыс істейтіні айтылады. Бұл деректер мамандық таңдауда еңбек нарығының сұранысын ескеру қажеттігін аңғартады.
Осы мәселені әлеуметтанушы Айман Жүсіповада көтереді. Ол 2026 жылғы 11 наурызда Youth.kz басылымына берген сұхбатында жастар арасындағы ресми жұмыссыздық көрсеткішінің төмен болуы мәселе толық шешілді дегенді білдірмейтінін түсіндірген. Сарапшыныңайтуынша, жұмыссыздық көрсеткіші жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын азаматтарды ғана қамтиды. Ал жұмыс іздеуді тоқтатқан немесе уақытша, тұрақсыз жұмыспен айналысып жүрген жастар статистикада басқа санаттарға жатқызылуы мүмкін. Демек, ресми жұмыссыздық көрсеткішінен бөлек, жастардың жұмыспен қамтылу сапасына, тұрақты табысына және кәсіби дамуына да назар аудару қажет.
Дипломы бар, тәжірибесі жоқ жас маманның басты кедергісі
Жоғары оқу орнын аяқтаған жас мамандардың алдында тұрған негізгі қиындықтардың бірі – жұмыс берушілердің еңбек тәжірибесіне басымдық беруі. Көптеген компаниялар қызметкерден теориялық біліммен қатар, нақты жұмыс жағдайында қалыптасқан дағдыларды талап етеді. Алайда еңбек жолын енді бастаған түлекке мұндай тәжірибені жинақтау оңай емес. Осылайша, жұмыс беруші тәжірибелі маманды іздесе, жас маман тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін жұмыс орнын таба алмайтын қайшылық туындайды.
Бұл туралы кадрлық холдингтің атқарушы директоры Ольга Якупова 2026 жылғы 20 тамызда Mail.kz басылымына берген сұхбатында пікір білдірген. Сарапшының айтуынша, студенттің кәсіби тәжірибесінің болмауы өздігінен жұмысқа қабылдауға кедергі болмауы керек. Оның орнын оқу жобалары, волонтерлік қызмет, қосымша курстар, фриланс және цифрлық құралдарды меңгеру арқылы толықтыруға болады. Сонымен бірге жұмыс берушілер үміткердің жауапкершілігіне, үйренуге деген ынтасына және кәсіби дамуға дайындығына назар аударады. Якупованың пікірі жастарға оқу барысында-ақ тәжірибе жинақтап, еңбек нарығына ертерек бейімделудің маңызды екенін көрсетеді.
Ал 2026 жылғы 28 мамырда КТК телеарнасының «Қазақстандық мыңдаған түлек жұмыссыз қалуы мүмкін: сарапшылар пікірі» атты материалында кадрлық холдингтің атқарушы директоры Ольга Якупова тағы бір маңызды мәселені атап өткен. Оның сөзінше, еңбек нарығында кейбір мамандықтар бойынша түлектердің шамадан тыс көп болуы және жұмыс берушілердің практикалық дағдыларға сұранысының артуы жас мамандардың жұмысқа орналасуын қиындатады. Материалда студенттердің оқу кезінде курьер, даяшы немесе промоутер болып жұмыс істеп, өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауға жеткілікті уақыт бөле алмайтыны да сөз болады.
Мәселенің тағы бір қыры – жоғары білім алған түлектердің өз мамандығы бойынша жұмыс істемеуі. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2026 жылғы 26 мамырда өткен Үкімет брифингінде түлектердің шамамен 40 пайызы алған мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін мәлімдеген. Министрдің дерегінше, сол жылы 193 мыңнан астам түлек оқуын аяқтауы тиіс болған. Оларды жұмыспен қамту мақсатында жыл басынан бері жүзден астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Бұл жағдай жоғары білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейтіп, мамандарды даярлау барысында еңбек нарығының нақты қажеттіліктерін ескеру керектігін көрсетеді.
NEET жастары: назардан тыс қалған әлеуметтік мәселе
Жастар жұмыссыздығының тағы бір маңызды көрінісі – NEET санатындағы азаматтар. Бұл топқа жұмыс істемейтін, білім алмайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастар жатады. Олардың еңбек нарығынан шет қалуына жұмыс табудағы қиындықтармен қатар, кәсіби бағдардың жеткіліксіздігі, әлеуметтік жағдай, отбасылық міндеттер және еңбек нарығына деген сенімсіздік те әсер етуі мүмкін.
Әлеуметтанушы Айман Жүсіпова Youth.kz басылымына берген сұхбатында NEET санатындағы жастар мәселесін тек жұмыссыздықпен байланыстыру жеткіліксіз екенін атап көрсетеді. Оның пікірінше, жастардың бір бөлігі тұрақты жұмыспен қамтылмағанымен, ресми статистикада жұмыссыз ретінде тіркелмеуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін жастарды жұмыспен қамту шараларымен қатар, олардың білім алуына, кәсіби бағдар таңдауына және еңбек нарығына қайта қосылуына жағдай жасау қажет.
Экономист, Tengenomika Telegram-арнасының авторы әрі EconomyKZ.org желілік басылымының негізін қалаушы Руслан Сұлтанов та жастардың еңбек нарығындағы жағдайына қатысты өзекті мәселені көтерген. Ол 2026 жылғы 26 мамырда Kursiv басылымында жарияланған «Кепілдіксіз жұмыс: Қазақстан жастары неге ресми экономикадан кетіп жатыр?» атты материалда жастардың курьерлік платформалар, фриланс және жобалық жұмыстар арқылы табыс табуға бейімделіп жатқанын түсіндіреді. Сарапшының пікірінше, еңбек нарығы өзгергенімен, әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамтуды есепке алу жүйелері бұл өзгерістерге толық бейімделіп үлгермеген. Сондықтан жастардың жұмыс істеу формаларын ескере отырып, олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау мәселесі де маңызды.
Еңбек нарығының сұранысы мен білім беру жүйесінің байланысы
Жастар жұмыссыздығының алдын алуда мамандарды даярлау сапасы мен еңбек нарығындағы сұраныстың сәйкестігі шешуші рөл атқарады. Білім беру ұйымдары еңбек нарығында қажет болатын мамандықтарды ғана емес, сол мамандықтарға қажетті практикалық дағдыларды да қалыптастыруы тиіс. Бұл ретте жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы серіктестік, өндірістік тәжірибені жетілдіру және дуальды оқыту жүйесін дамыту маңызды.
Бұл мәселеге білім беру саласының сарапшысы, Qazaq Expert Club мүшесі Жазира Асанова 2026 жылғы 17 қыркүйекте Tengrinews басылымында жарияланған «Қазақстан студенттерге миллиардтаған қаржы жұмсайды. Алайда статистика неліктен басты мәселені көрсетпейді?» атты материалында назар аударған. Оның айтуынша, жоғары оқу орындары түлектерінің зейнетақы аударымдарының болуы олардың алған мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқанын дәлелдемейді. Мысалы, инженер мамандығын алған түлек курьер немесе сатушы болып жұмыс істесе де, ресми статистикада жұмыспен қамтылған азамат ретінде есептелуі мүмкін. Сарапшы мұндай көрсеткіштерді жоғары оқу орнының білім сапасын бағалаудағы жалғыз өлшем ретінде пайдалануға болмайтынын алға тартады. Бұл пікір түлектерді жұмыспен қамту көрсеткішін олардың мамандығына сәйкестігімен және кәсіби деңгейімен байланыстыра бағалау қажеттігін көрсетеді.
Еңбек нарығындағы өзгерістер мен мамандарға деген сұраныс туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Асқар Биахметов те 2025 жылы Үкімет отырысында баяндаған. Оның мәліметінше, цифрландыру мен автоматтандырудың дамуы еңбек нарығындағы мамандықтарға қойылатын талаптарды өзгертіп отыр. Сонымен қатар елдегі халық санының өсуіне байланысты еңбек нарығына жыл сайын келетін жастардың саны да артуда. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2035 жылға қарай еңбек нарығына жыл сайын келетін жастар саны 360 мыңға жетуі мүмкін. Вице-министр кадрларға деген сұранысты ескере отырып, білім беру бағдарламаларын, кәсіби стандарттарды және мамандарды қайта даярлау жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өткен.
Ал Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев 2026 жылғы 8 қыркүйекте Үкімет отырысында 2035 жылға дейін ел экономикасына 2,9 миллион маман қажет болатынын мәлімдеді. Оның ішінде 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарының өкілдері. Министрдің айтуынша, Электрондық еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарының жартысынан астамы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Бұл дерек жастар арасында тек жоғары білім алуға ұмтылу емес, техникалық және кәсіптік білімнің де маңызын арттыру керектігін көрсетеді.
Қолданыстағы жұмыспен қамту тетіктері мәселені шеше ала ма?
Қазақстанда жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Бастау Бизнес» және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жобалары бар. Бұл бастамалардың негізгі мақсаты – еңбек жолын енді бастаған жастарға алғашқы тәжірибе жинақтауға, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру.
Алайда мұндай бағдарламалардың тиімділігін тек қатысушылар санымен бағалау жеткіліксіз. Олардың қаншасы бағдарлама аяқталғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасқаны, қаншасы өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүргені және қаншасының кәсіби дамуына мүмкіндік алғаны маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік жұмыспен қамту шараларының нәтижелілігін ұзақ мерзімді көрсеткіштер арқылы бағалау қажет.
Демек, жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету үшін білім беру ұйымдары, мемлекеттік органдар және жұмыс берушілер арасында тұрақты байланыс орнатылуы тиіс. Жастарға оқу кезінде өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігін кеңейту, жұмыс берушілерді жас мамандарды қабылдауға ынталандыру, өңірлердегі бос жұмыс орындары туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру және сұранысқа ие мамандықтарға бағыттау маңызды. Сонымен қатар, NEET санатындағы жастарды анықтап қана қоймай, оларды қайта оқытуға, кәсіби бағдар беруге және әлеуметтік қолдауға бағытталған шараларды күшейту қажет.
Осылайша, жастар жұмыссыздығы – тек жеке адамның жұмыс таба алмауы емес, білім беру жүйесінің, еңбек нарығының және мемлекеттік саясаттың өзара байланысына қатысты кешенді мәселе. Жас маманның алған білімі мен еңбек нарығындағы сұраныс үйлескенде ғана оның кәсіби әлеуеті толық ашылып, елдің адами капиталының дамуына нақты үлес қоса алады.
Қорыта айтқанда, жастар арасындағы жұмыссыздық – бір ғана себеппен түсіндіруге келмейтін, бірнеше әлеуметтік-экономикалық фактордың тоғысуынан туындаған күрделі мәселе. Зерттеу барысында оның негізгі себептері ретінде білім беру жүйесі мен еңбек нарығы сұранысының сәйкес келмеуі, жас мамандардың тәжірибесінің жеткіліксіздігі, кейбір мамандықтар бойынша түлектер санының артуы және өңірлердегі жұмыс мүмкіндіктерінң әркелкілігі анықталды. Сонымен қатар, NEET санатындағы жастардың болуы жұмыссыздық мәселесіне тек экономикалық емес, әдеуметтік тұрғыдан да қарау қажеттігін көрсетеді.
Жинақталған сарапшылар пікірі мен деректер жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін диплом берумен шектелмей, олардың нақты кәсіби дағдыларын қалыптастыруға басымдық беру керектігін аңғартады. Жоғары оқу орындары еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделіп, жұмыс берушілермен байланысты күшейтуі қажет. Ал компаниялар жас мамандарға тәжірибе жинақтауға мүмкңндік беріп, олардың кәсіби әлеуетін бағалауға мүдделі болуы тиіс. Мемлекеттік бағдарламалардың да нәтижесі қатысушылар санымен емес, олардың тұрақты әрі мамандығына сәйкес жұмысқа орналасуымен өлшенгені жөн.
Ең бастысы, жастар жұмыссыздығын тек жастардың өз мәселесі ретінде қарастыру дұрыс емес. Бұл – білім беру жүйесінен бастап, мемлекеттік саясат пен жұмыс берушілердің жауапкершілігіне дейінгі ортақ мәселе. Жастарға мүмкіндік беріп, олардың білімі мен қабілетін еңбек нарығында тиімді пайдалануға жағдай жасалғанда ғана жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, елдің адами капиталын дамытуға болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2-курс студенті Балғаным ӨНЕРБАЙ.

- Жәди Шәкенұлы
- Жәди Шәкенұлы
- Жәди Шәкенұлы
- Жәди Шәкенұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі