Шымкент жастары: әлеуметтік желі мен шынайы өмірдің арасында

   Бір сәт телефонға кіріп, әлеуметтік желіні қарап шығамын деп ойлаймыз. Бірақ уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалатын кездер аз емес. Бүгінде әлеуметтік желі жастардың күнделікті өміріне қатты еніп кетті. Бірі жаңалық оқиды, бірі сабаққа қажетті ақпарат іздейді, енді бірі TikTok пен Instagram-да уақыт өткізеді.

Қазақстан Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы халықтың 93%-ы интернетті күн сайын пайдаланған. Бұл көрсеткіш интернеттің қазіргі өміріміздегі орнын анық көрсетеді.

Әлеуметтік желінің пайдалы жағы да бар. Қазір студенттер керек ақпаратын бірнеше минут ішінде таба алады. Онлайн сабақтар, пайдалы видеолар, түрлі білім беру жобалары жастарға жаңа мүмкіндік береді. Әсіресе студенттер үшін бұл — уақытты үнемдеудің бір жолы.

Осы тақырыпқа байланысты Шымкенттегі студент жастардың біріне бірнеше сұрақ қойып, әлеуметтік желіге деген көзқарасын білдік.

— Әлеуметтік желіні күнделікті не үшін пайдаланасыз?

— Көбіне жаңалық көру, достарыммен сөйлесу және сабаққа қажетті ақпарат іздеу үшін қолданамын. Кейде бос уақытымда TikTok пен Instagram қараймын.

— Әлеуметтік желі оқуыңызға кедергі келтіре ме?

— Кейде кедергі келтіреді. Телефонға «бір минутқа» кіріп, ұзақ отырып қалатын кездер болады. Сондықтан сабақ оқығанда телефонды алысырақ қоюға тырысамын.

— Әлеуметтік желінің жастарға пайдасы неде деп ойлайсыз?

— Пайдалы ақпарат өте көп. Жаңа нәрсе үйренуге, білім алуға және өзіңе қызықты адамдарды табуға болады. Ең бастысы — пайдалы контентті таңдай білу.

— Ал зияны қандай?

— Уақытты көп алуы мүмкін. Сонымен қатар интернеттегі барлық ақпаратқа сене беруге болмайды. Кейде адамдар әлеуметтік желідегі өмірін шынайы өмірмен салыстырады.

Әлеуметтік желіден мүлдем бас тартудың қажеті жоқ. Ең бастысы — оны өзіміз басқаруымыз керек. Телефон біздің уақытымызды емес, біз телефонды тиімді пайдалануымыз қажет.

Шымкент жастары әлеуметтік желіні тек көңіл көтеру үшін емес, білім алуға, жаңа нәрсе үйренуге және өз мүмкіндіктерін көрсетуге пайдалана алады. Қазіргі заманда интернеттен қашу мүмкін емес. Сондықтан оны дұрыс әрі пайдалы мақсатта қолдану әр жастың өз қолында.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің 1-курс студенті Саттархан Жәудір

Ғылыми жетекшісі: Утегенова Гулзира Жақсылыққызы


Ұқсас тақырыптар

Саттархан Жәудір
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)