КӨЗІЛДІРІК
Бір күні әжесі Наралтайға өзінің көрген түсін әңгімелеп беріпті. Бірақ Наралтай әжесіне:
— Әже, бәрібір өтірік айтасыз, бірде біреуіне сенбеймін, — депті. Әжесі: «Неге?» деп сұраса, Наралтай:
— Сіз әдетте «көзім көрмейді» деп көзілдіріктің өзімен әзер көріп отырасыз. Ал ұйықтағанда көзілдірік те тақпай ұйықтайсыз. Олай болса түсті қалай көрдіңіз, бәрібір көзіңіз көрмейді ғой. Сол үшін де сенбеймін, — деген екен.
АПАСЫНЫҢ АУРУЫ
Ернар сабақта үнемі кешігіп қалады екен. Себебін сұраған мұғаліміне айтатын жауабы біреу ғана болыпты.
— Әжемнің көзі көрмейді. Таңертеңгісін сол кісіні сыртқа ертіп шығамын. Біз қайта үйге кіріп болғанша сабақ уақыты болып қояды, — дейді екен. Бұл жауапқа мезі болған мұғалімі Ермекке:— Ермек, сен әжемнің көзі көрмейді деген өтірігіңді қой. Басқа сылтау айтсаң да жетер еді, — деп ұрсыпты.Кешкісін Ермек үйіне келе салып:— Әже, әже, сіз көзім көрмейді деп өтірік айтып жүр екенсіз. Мұғалім енді өтірігіңді қой деп айтты, — деген екен.
НӘРДІҢ ТҮСІ
Таңертең ерте түсінен шошып оянған Нәр шешесін төпештей бастайды. Шешесі:
— Балам, саған не болды. Мені неге ұрып жатырсың? — дейді.
Сонда Нәр:
— Түсімде сен маған қарамай кетіп қалдың ғой, — деп бұртиған екен.
КӨП АҚША ТАБУ
Әкесі Наралтайдан:
— Үлкейгенде мені бағасың ба? — деп сұрайды.
Наралтай:
— Әке, үлкейгенде көп-көп ақша тауып, саған үлкен үй салып беремін. Әдемі машина алып беремін, — дейді.Әкесі тағы:— Көп ақшаны қайтып табасың? Кім болып жұмыс істегің келеді? — дейді.Сонда Наралтай:— ГАИ болғым келеді. ГАИ (МАИ — мемлекеттік машина инспекторы) сендер көлік жүргізгенде көп ақша алады ғой. Мен де сөйтіп жұрттан көп ақша алып сені асыраймын, — деген екен.
АУЫЛДЫҢ АЙЫ
Наралтай қаладан ауылға келгенде аспандағы айды көрсетіп:
— Біздің жақтың айы тұманның ішінде өлеусіреп тұратын еді. Оның қалада қалғаны жақсы болған екен. Ауылдың айы аппақ болып жарқырап тұрады екен ғой, — деген екен.
ЖЕР СІЛКІНУ
«Алматыда жер сілкінетін болыпты» деген хабарды естіген әке-шешесі жексенбідік демалыс орайында Наралтай мен Нәрді ауылға алып кетсе керек. Ауылдағы демалысын аяқтап, қалаға оралып келе жатқанда Нәр әкесіне:
— Әке, Алматыда жер әлі сілкініп тұрған болмасын? — деген екен.
ҚАШАН ТУДЫМ
Наралтай шешесінен:
— Мен күннің қай уағында туылдым? — деп сұрапты.
Шешесі:
— Таңға жақын жерге жарық түспей тұрып туғансың, — депті.
Сонда Наралтай:
— Бәсе, түнде туылған екенмін-ау. Ұйықтап жатып қалай туылғанымды білмей қалғаным сол екен ғой, — деген екен.

-
- Мархабат Байғұт
- Мархабат Байғұт
- Жәди Шәкенұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі