Өлең, жыр, ақындар

«АЛЖИР» — азап аралы

Тарқатып айтсақ, бұл — «Халық жаулары әйелдерінің Ақмола лагері (Акмолинский лагерь жен изменников Родины)» деген орысша сөздердің алғашқы әріптерінен алынған атау, жантүршігерлік тіркес. Демек, «Отанына опасыздық жасағандардың» әйелдері жазықсыз жапа шеккен орын. 

Астанадан батысқа қарай беттеген қасқа жол сүт пісірім уақытта «Ақмол» ауылына апарады. Бейқам тірлік кешкен мамыражай мекен. Бұрын «Малиновка» атанған.

Ал оның алдында... 

Кеңестік кезеңдегі «Архипелаг ГУЛАГ» қанды құр­сауы­на қарасты әйелдер­ге ар­нал­ған 3 ірі азап «аралы­ның» біреуі осында орналасты. Ол жиырма алтыншы лагерь бол­ған­дықтан, бір кездері «26-нүкте» деп те аталыпты. Қалай аталса да, он бес жыл бойы қасіреттің қанын жұт­қызған, талай тағдырдың тал­қанын шығарған, тарихтың «ақ­таңдақ» бетіне айналған жер.

«26-нүкте» базасында «еңбекпен түзеу лагері» ретінде ұйымдастырылған «АЛЖИР» (бұрынғы атауы — «Р-17» лагерь) 1938 жылы 10 қаңтарда алғашқы тұтқындарды қабылдайды. Кейбір деректерге қарағанда, 1938 жылы «АЛЖИР» лагерінде «Отанына опасыздық жасағандар» отбасының 4500 мүшесі отырған, тағы 1500-ге жуығы «Карлагтың» қалған лагерьлерінде ұсталған. Өйткені, «Алжир» жарты жылда толған соң, «Карлаг» басшылығы «Отанына опасыздық жасағандар» отбасы мүшелерінің кезекті легін бастапқыда уақытша басқа бөлімшелерге бөліп, күзге қарай Спасскіден тағы бір арнаулы бөлімше ашқан.

«АЛЖИР-дің» басқа бөлімшелерден айырмашылығы — ол бірнеше қабат тікен сыммен қоршалып, күзет мұнарасы қойылған. Аумағындағы көлді қоршаған қалың қамысты сотталғандар қыста барақтарды жылытуға пайдаланған, ал жазда құрылыс материалдары ретінде дайындаған. Лагерьдегі тұрмыс адам төзгісіз болыпты. Хат жазысуға, сәлем-сауқат алуға, мамандығы бойынша жұмыс істеуге тыйым салынған. Әншілер, ақындар, мұғалімдер, гуманитарлық саланың басқа да мамандары ауыл шаруашылығымен айналысты, құрылыста ауыр жұмыстар атқарды. Ауру-сырқаулар, кәрі-құртаңдар, балалар киім тоқу және тігумен шұғылданған.

1939 жылы мамырда «ГУЛАГ» басшылығы «Отанына опасыздық жасағандар» отбасының мүшелері шоғырланған «Темлаг», «Сиблаг» және «Карлаг» бөлімшелерін «қатаң режимнен» жалпылагерлік тәртіпке көшіру туралы бұйрық шығарады. Сөйтіп, әйелдердің хат-хабар, сәлем-сауқат алысуына, мамандығы бойынша жұмыс істеуіне рұқсат беріледі. «Арнайыконтингент» (Спецконтингент) атауынан арылып, басқа тұтқындардан оқшаулау жойылды, оларды өзге лагерьлерге ауыстыруға шектеу қойылмады. 

Азап «аралына» айналған «АЛЖИР» 1953 жылы, «халық атасы» атанған Сталин қайтыс болғаннан кейін жабылды. 

2007 жылы 31 мамырда «Ақмолда» саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешені ашылды. Саяси қуғын-сүргіннің тарихы мен жазалау механизмін аса мол жәдігерлер мен құнды құжаттар арқылы баяндайтын мұражайдың маңына монумент, күдік пен үмітті кескіндейтін композиция­лар және қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөні жазылған «Еске алу тақтасы» орнатылды. 

Мұражайдағы әр жәдігерден сол бір сойқанды жылдардың жантүршігерлік ызғары соғып тұрғандай сезіледі. Жертөле қабатындағы экспозицияның ортасына үзілмеген үміттің бүршік жарған белгісіндей тасты жарып шыққан гүл орналастырылыпты. Бірінші қабатта тұтқындардың тұрмысы мен тыныс-тіршілігін баяндайтын суретті құжаттар қойылған. Сол жылдардағыдай жабдықталған тергеушінің кабинеті, тұтқындардың жеке заттары мен күнделікті тұтынған құралдары, қуғын-сүргін құрбандарының балалары жазған сағыныш пен қасіретке толы хаттары, тағы басқа құжаттар мен жәдігерлер «АЛЖИР» лагеріндегі он бес жылдық ізденістің жемісі.

Жалпы, бұл мұражай Қазақстан тарихының өткен ғасырдағы сексен жылдық жылнамасын жаңғыртады. Қазақ зиялыларының 1905-1916 жылдардағы саяси іс-әрекеттері, Кеңес үкіметін орнату кезеңі, ұжымдастыру мен аштық қасіреті, отызыншы жылдардың қуғын-сүргіні, Қазақстанға басқа ұлт өкілдерін күштеп қоныс аударту науқаны, 40-50-жылдардағы саяси және идеологиялық қысым 1986 жылғы Желтоқсан төңкерісіне келіп тіреледі. Жәдігерлер мен құжаттар кеңестік империяның кеселді кескінін көз алдыңа келтіреді.

Жас қазақ

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Жаркынаи жубатова

Ия,атынын озы жан ткршыктырер бул жерде канша жазыксыз жаннын каны,теры,коз жасыжазыксыз тогылды емес пе.оте жаксы материял екен.болашак урпак биле жургены дурыс

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз