Өлең, жыр, ақындар

Студенттерден 2000 теңге пара сұраған түлкібастық мұғалімнің сұхбаты жарияланды (ВИДЕО)

ОҚО Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов елді-мекеніндегі агробизнес және саяхат колледжінің студенттерден сынақ үшін 2000 теңге талап еткен мұғалімі «Азаттыққа» сұхбат берді деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

Колледжде «Тігінші» мамандығы бойынша оқып жатқан 2-курс студенттері «Азаттық» тілшісіне оқу орнындағы парақорлықтың өршіп тұрғанын айтып шағымданған. Ашынған студенттер 18 пәннің жетеуінен ғана парасыз сынақ тапсырдық дейді. Ал, колледж бұл 2015-2016 оқу жылындағы бірінші пара алу оқиғасы деп ақталуда.

«Мұғалімдердің пара сұрайтынын айтудан қорқамыз. Өйткені тексеру келсе, оқушыларды [пара туралы айтпауға] дайындап қояды. Олар (тексерушілер – ред.) кетеді, біз – қаламыз. Сосын қорқамыз», - деген «Азаттық» тілшісіне аттарын атамауды өтінген студенттер.

Студенттер ондай-ақ, 2-курста «4» деген бағаның «бағасы» қолма-қол төлесе 1000 теңгеге, қарызға қойдырса 1500 теңгеге өскенін айтқан. Ал, «5» деген баға алу үшін 2000 теңге беруің керек екен.

Әлеуметтік желілерде 11 ақпан күні жарияланған видеоны студенттер қаңтар айының ортасында түсірген көрінеді. Студенттердің айтуынша мұғалімнің ақша талап еткені видеоға түсірілгені математика пәнінің мұғалімі Нұржамал Жанбосыноваға ескертілген де екен.

«Тобымызда тұрмысқа шыққан қыз бар. Қазір аяғы ауыр. Бір пәннен "жеңілдік" деп бағасын 500 теңгеге қойып берді. Сонда тұрмысқа шықпасақ, бізге жеңілдік жасалмай ма?», - деп зар қағады шағымданушы студенттер.

Қазір оқу орнында облыстық білім басқармасының бас маманы Әлібек Кенжебаев жұмыс істеп жатқанын айтады «Азаттық».

"Ешбір сессияда ақша жиналмау керек. Ешқайсыңа тиіспейді. Ешкімнің тиісуге құқығы жоқ. Жағдайға байланысты тексеру біткен соң шара қолданамыз. Колледж директоры, оның орынбасарларының жұмыста қалуы екіталай. Бөлім меңгерушілері мен мұғалімге де шара көреміз", - дейді Әлібек Кенжебаев.

Ал облыстық білім басқармасының қызметкері Баянғали Жұмабаевтың Азаттыққа айтуынша, мұндай жағдайда сыбайлас жемқорлық туралы заң мен еңбек кодексіндегі тәртіптерді, өзіне міндеттелген жүктемелерді дұрыс атқармағаны үшін шара қолданылады. Ақпанның 12-сі күні кешкісін білім басқармасы жауапты адамдарға қолданылған тәртіптік шаралар туралы мәлімет таратты. Оқытушы Нұржамал Жанбосынова «Еңбек кодексінің» 52-бабы 1-тармағы, 14-тармақшасына (Тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасау) сәйкес жұмыстан босатылған. Колледждің кәсіптік оқыту бөлімінің меңгерушісі Жанар Қилыбаева «Еңбек Кодексінің» 52-бабы 1-тармағы, 16-тармақшасына (Тәртіптік жазасы бар жұмыскер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамау) сәйкес қызметінен алынған. Басқарма мәлімдемесінде «Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі директорының міндетін атқарушы Б.Даулетовке және колледж директоры С.Мыңбайға 2016 жылдың 15 ақпанында тәртіптік шара көру мәселесі қаралып жатқаны» жазылған.

«Азаттық» тілшісімен сөйлескен 51 жастағы Түлкібас агробизнес және саяхат колледжіндегі математика пәнінің бұрынғы оқытушысы Нұржамал Жанбосынова ақпанның 11-і күні өзінің студенттерден пара талап ету туралы YouTube желісінде видео жарияланғанын көрген соң «денсаулығы нашарлағанын» айтты. 27 жылдық жұмыс өтілі бар оқытушы "Азаттыққа" ақпанның 11-і күні жұмыстан шығарылғанын растады.

"27 жыл жұмыс істеген болсам, бірде бір сөгіс алмағам, ескертуім де жоқ. Студенттерге «сынақ тапсырыңдар» дедім. Сынақтан өткен қыздар бағасын алып кетті. Ішінде жақсы оқып, автомат алатындар бар. Бұл төрт қыз (видео түсірген студенттерді айтады – ред.) жыл бойы сабаққа кешігіп келді. Сабақта ұйықтап отырды. Дәптерлері де жоқ болды. Мен өз сөзіме жауап бере аламын", - деді Нұржамал Жанбосынова.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (5)

Досбол

Сын түзелмей мін түзелмейді

Саттарова Қаламқас

Бұл біздің қоғамның үлкен жарасы, пар беру/алу деген бәлені доғару керек. Барлық салада тек өз білім/жігер/сапа/еңбек/маңдай тер арқасында алынатыны алынып, берілетіні берілу керек. Сонда барлық салда даму, ілгерлеу, жетістікке жету болады.

Surserek

Осы сайттың өсекші сайттар қатарына қосылуын емес, бұрыңғыдай танымдық сайт қалпынан танбауын қалаймын

Əділбек

Осындай жаңалықтар да жазыла берсін. Айтылатын нəрсе айтылу керек. Жұрттың көзінде пара алу қалыпты жағдай болып кеткен. Айтылмаса солай жалғаса береді. Ауруын жасырған арам өледі.

Дəулет

Бəрінің көзін шел басқан ақша -ақша деп.Білімді сонда кім береді.Жастарға рахмет .Жариялаған дұрыс.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар