Жануар және өсімдік тағамдарында бізге жат ақуыздар болады. Олар аллергенге айналғанда, кейбір тағамдардан бас тартуға мәжбүр боламыз. «Тағам аллергиясы» деген термин белгілгі клиникалық сипатпен көрініс тапқан иммундық реакцияны айқындайды. Аллергиясы бар адамдардың көбі өздеріне қандай тағамды жеуге болмайтынын кішкентайынан біледі. Алайда көпшілігіміз өз аллергеніміздің қай тағамда жасырынып жүргенін анық біле бермейміз. Бұнымен қоймай, аллергиясы бар кей адамдар, шындығына келгенде ешқандай аллергия бермейтін тағамнан бас тартады.
Аурудың шығу тегі, даму тетіктері
Ас қорыту ағзаларының аллергиялық зақымдануларының шығу тегі тағамдық, дәрі-дәрмектік, бактериялық және т.б. болады. Тағам аллергиясы белгілі бір тағам өнімін жегенде байқалады. Олар, мысалы, кейбір көкөністер, жеміс-жидектер, саңырауқұлақтар, сирек жағдайда теңіз және балық өнімдері. Аллергия сондай-ақ кейбір дәрі-дәрмектен де (антибиотиктер, сульфаниламидті препараттар, гидразиндер, атофан, пиразолон, т.б.) болады. Тыныс жолдары арқылы ағзаға гүл тозаңы, шаң және химиялық заттардың булары секілді кейбір аллергендер түскенде де ас қорыту жүйесі зақымдалады. Асқазан-ішек жолында өмір сүретін гельминттер, бактериялар ыдырағанда түзілетін ақуыздық антигендер де аллерген болуы мүмкін. Аллергиялық реакцияны науқас адамның психикалық жағдайы, метеорологиялық фактор, әйелдерде етеккір айналымы да күшейтуі мүмкін.
Ас қорыту ағзаларының аллергиялық зақымдалуы жіті және созылмалы, ара қашықтығы әртүрлі ұстама тәрізді болуы, кейде ешқандай белгі бермеуі де мүмкін.
Асқазан-ішек жолының зақымдалуы регионарлық ісіктермен (Квинке тектес ісік), шырышты қабат гиперемиясымен, петехиямен және одан да ірі геморрагиялармен байқалады. Құрсақ қуысы лимфа түйіндері үлкеюі мүмкін. Бауырдың аллергиялық зақымдалуы холестатикалық, сирек паренхиматозды гепатит және бауырдың майлы дистрофиясы түрінде, кейбір ауыр жағдайларда бауыр паренхимасының көптеген ірі некроздарымен көрініс беруі мүмкін. Кейде гранулематозды гепатит анықталады.
Тағам аллергиясының белгілері
Тағам аллергиясының белгілері әртүрлі болуы мүмкін: ас қорыту (іштің ауыруы, іш өту, құсу), тыныс алу ағзалары (ринит, конъюктивит, бронхоспазм), тері арқылы (қышу, есекжем, ісік) білінеді. Бұл белгілер аллерген әсер еткен соң бірден немесе кешеуілдеп байқалады.
Өңеш зақымданғанда жұтынудың бұзылысы, кеуде артының ауыруы байқалады. Асқазан-ішек жолы зақымдалғанда іш ауырады, кейде абдоминальды криз болады, асқазан-ішектен қан кетуі мүмкін. Бауыр зақымданғанда ол үлкейеді, сарғаю пайда болады, функционалдық биохимиялық көрсеткіштер өзгереді.
Тағам аллергиясын нақтамалау
Аурудың тегі аллергиялық деген күдік туғызатын белгілі факторларға байланысты және басқа аллергиялық белгілердің негізінде жасалады. Қанның біршама эозинофилиясы да аурудың аллергиялық табиғатын растай түседі. Аллергенді жойып, аялаушы емдәм тағайындайды. Десенсибилизациялайтын ем жүргізеді. Ем қонбайтын ауыр жағдайларда күшті дәрі-дәрмек беріледі.
Аллергия туғызатын тағам өнімдері
Сүт - бүкіл жер шары халқының бір жарым пайызының сүтке аллергиясы бар. Емшек сүті - кейбір жаңа туған нәрестелерде байқалады. Тауық жұмыртқасы да күшті аллерген. Тауық эмбриондары өскіндерінен жасалатын кейбір вакциналар да аллерген болуы мүмкін. Балық өнімдеріне деген аллергия көбіне бүкіл теңіз өнімдерінің жақпауына соқтырады. Жемістер мен көкөніске келсек, аллергия тудыру жөнінен көбіне алма, алмұрт, шие, шабдалы, сары өрік, грек жаңғағы, жержаңғақ, каштан және миндаль алдыңғы қатарда.
С. Биғазиева, емдәмгер
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Алпанов Райымбек Нұржанұлы
Керемет талдау. Бұл жазба маған көп көмектесті.