Сұхбат: Сүлеймен Баязитовпен
Киелі Ертіс-Баян өңірінің табиғаты қаншалықты сұлу болса, осы елде өсіп-өнген ақындары да соншалықты сырлы болып келеді. Баянтау баурайындағы қарапайым малшылар отбасында өмірге келіп, туа біткен табиғи талантымен әдебиет әлемінен өзінің орнын тапқан ақын, журналист, сатирик Сүлеймен Баязитовтің есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Оның журналистік жолдағы еңбегі алғаш Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінде басталды.
Одан соң облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде қызмет істеп, кейін ұстаздық жолға түскен. «Жасыбай батыр», «Хан ием», «Құдіреті күшті бір Алла» сынды он шақты кітаптың авторы. Сонымен қоса, үстіміздегі жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақмыс» корпорациясының бірлескен жобасы – республикалық «Балауса» жыр мүшәйрасының үшінші орын иегері. Ақын ағамыз биыл асқаралы 70 жасқа толып, ұрпағының қызығын көріп отыр. Осыған орай жерлес жазушымен жүздесіп, сұхбаттасып қайтқан едік.
- Ассалаумағалейкум, Сүлеймен аға! Алдымен балалық шағыңызға бір сәт саяхат жасасақ?
- Мен 1944 жылы Баянауыл ауданына қарасты Ж.Шанин атындағы елді мекенде колхоздың малшысы Баязит ақсақалдың отбасында өмірге келіппін. Мен туғанда қар аралас жаңбыр жауып, тас балағанның төбесінен су ағып тұрыпты. Ол кезде қойшылар қандай жөні дұрыс үйде тұрды дейсің? Әйтеуір баспана деген аты болмаса...
Ал балалық шағың қалай өтті дейтін болсаң, өмірдің соқпағына ерте түстім, кішкентайымнан қара шаруаға жегіліп өстім. Өзім өмірге келген жердегі жеті жылдық мектепті тәмамдадым. Мектеп бітірген соң біраз уақыт қой бағып, сиыр өсіріп, малшыларға көмекші болдым. Бұл сол тұстағы кез келген баланың өмірінен өтетін үлкен сындардың бірі еді. Сол арқылы көндігіп, өмірдің сырын ұқтық, қиындыққа төзуді үйрендік.
- Ол кезде өлең жазатын ба едіңіз?
- Менің алғашқы өлеңдерім 16 жасымда жазылды. Ол кезде қазіргідей қаламақы дегенді мүлдем білмейтінбіз. Менің сондағы өлең жазып жүргенімді бір ауылда тұратын Мұхамеджан ақсақал естіпті де, үйіне шақырды. Өлеңдерімді оқып көрген соң, ұнаған болса керек, қолымды қысып, сәт-сапар тіледі. Сонымен қоса бір уыс күміс теңге ұстатты. Шығармашылығымнан алған ең алғашқы табысым да осы еді.
Бұл менің шабытымды одан сайын қанаттандырды, әдебиет әлеміне аяқ басуыма септігін тигізді. Өлеңге деген құмарлығым, міне, осыдан бастау алды. Бірақ бұдан кейін көп адамнан қағажу көрдім. Алғашқы жазбаларымды редакцияларға апарған кезде алдымен білімімді сұрайтын. Жеті сынып бітіргенімді естігенде: «Сенікі не сандырақ, мұндай біліммен не бетіңмен өлең жазып жүрсің?» деген сыңай танытып, дәптерімді қолыма ұстатып, кейін қайтаратын. Бірақ мұндай оқиғалар өлеңге деген құштарлығымды әлсіреткен жоқ. Керісінше соларды мойындатуды мақсат еттім. Ол кезде облыстық «Сарыарқа самалы» газеті «Қызыл ту» деген атаумен шығатын. Жіберген өлеңдерімнің бәріне «Иі қанбапты» деген бір сарынды жауап келе берді. Мен де үндемей қалғам жоқ. Оларға қарсы жауап жазуға кірістім.
Өлеңім кетіп жатыр иі қанбай
Өлеңді илейтіндей етіп нандай.
Сіздердей көп көрінед амалым не?
Арманым әлі жүрмін кездесе алмай.
Кездесіп сіздерменен бірме бірге,
Сөз берер күн бар ма екен қызыл тілге.
Сыншыдан мен жеңілсем жекпе жекте,
Өнердің бітпегені босқа терде, - деген шумақтарымды жөнелттім. Бірақ менің бұл шимайым ешкімді елең еткізбесе керек, бұрынғыдай жауап та келмейтін болды.
- Алғаш жарыққа шыққан шығармаларыңыз есіңізде ме? Қандай көңіл-күйде болдыңыз?
- Облыстық «Қызыл ту» газеті жабылып, бес облысқа тарайтын «Тың өлкесі» деген газет шыға бастады. Бұған дейін қаншама рет жолым болмаса да, үмітім үзілмеген еді. 1962 жылдың соңы болcа керек, ең алғашқы жазылған «Айтылмаған сыр» деген әңгімемді жолдадым. Осыдан кейін көп кешікпей жарияланды, тіпті, бірде-бір өзгеріс енгізілмеген екен.
Сондағы қуанышымды айтып жеткізе алмаспын. Артынан іле-шала қаламақысын да жіберіпті. Осыдан кейін-ақ шығармаларым газет беттерінен жиі орын алып тұрды. 1963 жылы мен әскер қатарына шақырылдым. Отан алдындағы борышымды өтеп жүрсем де, редакциямен байланысым үзілмеді.
- Әскер қатарында жүргенде шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік болды ма?
- Сарбаздар сапында жүрсем де, жазылған дүниелерімді «Тың өлкесіне» үнемі жіберіп отырдым. Бірде бір жақын ағамыз менің материалдарым, шығармаларым жарияланған бір топ газет пен содан түскен азғантай табысымды поштамен жіберіпті. Дәл сол тұста мен бір бөлімнен екінші бөлімге ауысып кеткен болатынмын.
Ол кезде газетті Үкіметтің үні ретінде санайтындықтан аса мұқият қарап, менің қолыма табыстауға арнайы адамдар келіпті. Рота командирі мен полк командиріне дейін баяндап, салтанатты түрде табыстады. Сол оқиға менің қатарластарымның арасында абыройымды әжептәуір көтерді. Содан кейін-ақ менің журналистік кәсіпке деген қызығушылығым оянып, газетке ерекше құрметпен қарайтын бодым. Осылайша ақындығымның арқасында әскерде де абыройлы болдым.
- Журналистік қызметке қалай келдіңіз?
- Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келген соң, жөні дұрыс жұмысқа орналаса алмай, біраз жүрдім. Жеті сыныптық біліміммен ешкімге керек еместігімді сезген соң, қой баға жүріп, Павлодардағы мал дәрігерлік техникумынан сырттай білім алдым. Сондай бір уақытта жазба ақындар арасында мүшәйра ұйымдастырылды.
Мен де өз бағымды сынап көрдім. Бойымдағы азғантай талантыма тәнті болған болса керек, сөздің сырын білетін ағаларым газетке шақырды. Қызығынан гөрі қиындығы басым журналистік жолға осылай түстім. Менің бұл салаға келуіме Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің редакторы белгілі журналист Шакрат Шалбаевтың көп көмегі тиді.
- 1997-1999 жылдарда облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде қызмет істедіңіз? Содан бері де біршама уақыт өтті. Сол кезді жиі еске алатын шығарсыз?
- Әрине, бұл менің өмірімнің ең күрделі кезеңдерінің бірі болды. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Сарыарқа самалы» газеті шығармашылықтың нағыз қайнаған ортасы ғой. Менің мұнда келуіме журналист Жанат Тұрғанбеков пен белгілі ақын Қажымұрат Смағұлов ықпал етті. Республикаға белгілі қаламгерлермен қызметтес болдым.
Редакцияның қызу тірлігі менің қалам-қарымымды арттырып, журналистік шеберлігімнің шыңдалуына септігін тигізді. Ол кезде өндіріс ошақтары опырылып, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі тұралап тұрғандықтан, бұл тақырыптарды жазу қиынға соқты. Соған қарамастан, талай жылдары қазақтың басына түскен тауқыметін, қайғысы мен қасіретін сезініп, ұлтымыздың өткен тарихына терең ой жүгіртуге мүмкіндік алдық. Біздің ең басты жетістігіміздің бірі осы еді.
- Сізді оқырмандарыңыз сықақшы ретінде де жақсы біледі...
- Рас айтасың, сықақ жанрында жазылған біраз туындыларым бар. Қаншалықты талғамға татитынын немесе қаншалықты өтімсіз дүниелер бергенімді өзім де білмеймін. Бағасын оқырмандарым бере жатар. Бір кезде осы жанрда көп қалам тербеген белгілі қаламгер Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлының шығармаларын жата жастанып оқыдым.
Менің бұл әзіл-сықақ жанрында қалам тербеуіме мынадай бір оқиға себепкер болды. Алғаш өлең жаза бастаған кезім еді. Әлі есімде, құдаммен бірге соғым іздеп көрші ауылға келдік. Келсек, біз іздеп келген ақсақал үйінің сыртында отыр екен. Аты ерттеулі, аулада тұр. Ал өзі көйлегін шешіп қолына алып алған, аударып-төңкеріп бір нәрсе қарап отыр. Ар жағы түсінікті ғой... Аман сәлемнен кейін:
- Сізде бір сатылатын мал бар екен, соған келдік, - деді қасымдағы ақсақал. Бірақ ол кісінің бізді тыңдайтын түрі жоқ. Айдалаға қарап:
- Анау жолды көріп тұрсыңдар ма? Осы жолмен бір мәшине келді де, алдынан үріп шыққан итімді қағып кетті. Осыған қатты қайғырып отырмын. Кемпірім де кетіп қалған еді. Өте қиын жағдай орын алды, - дейді салы суға кетіп,
Осыны естіген соң аяқ астынан менің ойыма:
Құдай алып құнтымды,
Сығып отыр ем битімді.
Бір мәшине келді де,
Қағып кетті итімді, - деп басталатын бірнеше шумақ өлең орала кетті.
Сонымен үйге жеткенше есіме сақтап отырып, қағазға түсіріп үлгердім. Қазір есімде қалғаны осылар ғана екен. Осы оқиғадан кейін аздап сықақ өлеңдер жаза бастадым. Жазғандарымды «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналына жариялатып, сықақшы ретінде сырттай таныла бастадым. Одан кейін көп кешіктірмей жазған дүниелерімнің басын қосып, «Көне қазақтың қыңыр қисыны» деген жинағымды жарыққа шығардым. Сонымен қоса, бірқатар республикалық басылым беттерінен орын алды.
- Балалар тақырыбына жазуыңызға не түрткі болды.
- Алла Тағаланың берген бір сыйы болса керек, кейде әңгіме жазамын деп отырып, балалар тақырыбына кетіп қалам, сықақ жазам деп отырып, лирикаға түсіп кетем. Осылардың ішінде маған жаттығы жоқ. Бәрі менің жүрегіме жақын. Балалар әдебиетіне бет бұруыма себепкер болған белгілі қаламгер Есентай Ерботин ағамыз еді.
Осы салаға икемім барын байқаған болса керек, «Балалар тақырыбына жазсаңшы» деумен жүретін үнемі. Одан кейін Павлодарға арнайы келген жазушы Бердібек Соқпақбаев та маған: «Сүлеймен, сен балалар тақырыбына да жазуды баста!» деген ұсыныс білдірді. Мен де ол кісінің сөзін аяқсыз қалдыра алмадым.
Үнемі ізденіс үстінде жүрдім. Бір күні аудан орталығындағы Ленин көшесін бойлап келе жатсам, бір топ бала ойнап отыр екен. Бірі күшігін мақтаса, енді бірі мысығын мақтап, даурығып жатыр. Балалардың балдан тәтті қылығы менің де шабытыма қозғау салды. Балаларға арналып жазылған «Күшік» деген бірнеше шумақ өлең осы жерде дүниеге келді. Өкінішке қарай, осы өлеңім қазір есімде қалмапты.
- Өзіңіз айтып отырсыз, қай жанрда қалам тербесем де, алдыңғы ағаларым үнемі бағыт-бағдар беріп отырды деп. Қазіргі кезде жас ақындарды, жас прозашыларды қолдап-қолпаштап, олардың шығармаларына пікір айту үрдісі кемшін қалған сыңайлы. Сіз қалай ойлайсыз?
- Өте орынды мәселе. Бұл жағынан ұяттымыз. Жасымыз қанша жерден үлкен болса да, жастарға көрсетер мейірбандығымыз жеткіліксіздеу секілді. Проза және поэзия саласына бет түзеп келе жатқан жастарды назарымызға көп алмайтынымыз - шындық. Олардың жақсы бір өлеңін немесе әңгімесін оқи отырып, пікір білдіруге, қаламдарына қуат тілеп, шабыттандыруға келгенде шабандық танытамыз. Осыдан үміт күтуге болар-ау деген жас қаламгерлерді ара-тұра болса да ынталандырып қойсақ, артық болмас деп ойлаймын.
- Өмір - күрес. Өткел бермес толқындары да болады. Осы тұста кез келген адамның бір басына жетерлік тауқыметі бар. Тағдырдың қиын сынағы сіздің басыңызды қаншалықты торлады?
- Сұрағың өте күрделі. Өмірдің аса бір қатты сынағына ұшырамасам да, өз басыма тән қиындықтар болғаны - шындық. «Ауруын жасырған өледі» демекші, оны мен ешкімнен жасырып қала алмаймын.
Бір қызығы жасым 70-ке келіп, үбірлі-шүбірлі болып отырсам да, «Мынау менің жеке шаңырағым» деп бір жайлы үйдің табалдырығын аттап көрмеппін. Мұны өзім өмір иірімінің бір қағаберісі шығар деп ойлаймын. Қаламды қару етіп, ел арасында жүрген әрбір азаматтың басында белгілі бір өмір кедергілері болады. Мұны өзім Алла Тағаланың жіберген сынағы ретінде қабылдаймын.
Сол сынақты сабырлықпен қабылдап, төзімділік танытып, соған қарсы тұру біздің азаматтығымыздың, адамдығымыздың белгісі деп білемін. Бірақ, қандай жағдай болса да, жан қалтамнан қағаз, қолымнан қалам түскен жоқ. Алғаш жазылған балаң жырларыма ешкімнің жылы пікірін естімей қамыққан күннің өзінде қолымды бір сілтеп кете берген жоқпын.
Бұл менің әдебиетке деген адалдығым, журналистикаға деген жанашырлығым деп білемін. Енді қалған аз ғұмырымда да әдебиетті жаныма серік етіп өтемін деп ойлаймын. Аз-мұздап жазып жатқан дүниелерім де баршылық. Алла қуат берсе, оны да оқи жатасыздар деген үміттемін.
- Уақыт тауып әңгімелескеніңізге алғыс айтамыз. Қаламыңыз мұқалмасын.
Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Мағжан Жұмабаев
- Мағжан Жұмабаев
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі