Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында қазақ халқы біраз күйзеліске ұшырап, халықтың саны азайды. Осы тұста соғыс ошақтарынан күштеп қоныс аударылған халықтар Қазақстанға қоныстандырылды. Соның ішінде ахыска түріктерінің бір бөлігі Қызылорда облысының ауылды елді мекендеріне орналастырылған болатын. Олардың тұрмысы таңсық ортаға бейімделуіне қазақ халқы көмектесіп, өз бауырындай қамқорлық көрсетті.
Түріктердің этногенезі екі негізгі компоненттен тұрады: Азия мен Кавказ өңірінде жаппай пайда болуы ІІ ғасырда басталған месхтардың грузиндік тайпалары және түріктер. Месхет жотасы ауданы грузин патшалары мен түрік сұлтандарының билік ету аясын бөліп тұратын шекаралық аймаққа айналды. «Ахыска» түріктері – 1944 жылдың қараша айында Сталиннің өктемдігі кезінде Орта Азия мен Қазақстан аумағына қоныс аударылған халықтардың бірі. Олардың тарихи Отаны – қазіргі Грузияның оңтүстік-батыс аудандары саналады. Кезінде осы аудандар Осман империясының құрамына еніп, Ахыска патшалығын құраған. 1829 жылғы түрік-орыс соғысынан кейін аталмыш жерлер Ресей империясының қол астына өтіп, Ахалцих уезд атағын алған. Осы кезеңде шекара жабылып, түрік халқымен қарым-қатынас үзіліп қалады. Сол уақыттан бастап “Ахыска” түріктері деп аталып, жаңа түріктер тарихы басталды. Олар өздерінің түп тамыры түрік ұлтынан тарағандықтарын мойындайды.
1944 ж. Грузиядан 81026 тұрғын (түрік-месхетиндер) қуғындалды, ал 1949 жылдың 1 қаңтары бойынша 2 300 535 адам арнайы қоныс аударылғындардың есебінде тұрды. Түріктермен өштес Кеңес өкіметі олардың тілі өте ұқсас болғандықтан әуелі әзірбайжандарға теліп, кейіннен түбі бір болғандықтан бірігіп, кірігіп кетуінен қорқып, 1925-1940 жж. зорлап түріктердің ұлтын, тегін грузин деп өзгертіп, осы ұлттың тамырына «балта шапты». Зұлымдық әрекетті мұнымен де доғармай, кейін грузин болып жазылған әзірбайжандарды да орналасқан, мекендеген жерлерінен күштеп көшіріп жіберді. Сол уақытта ата-анасы құжатында «түрік» деп жазылса, баласы төлқұжат ала алмады.
1944 жылы қыста Ахыска түріктері Грузияның Ахалцих, Алиген, Адиген, Аспиндз, Ахалкалак және Богданов сияқты оңтүстік және оңтүстік батыс шекаралық аудандарынан Орта Азия мен Қазақстанға күштеп көшірілді. Барлығы 115,5 мың адам депортацияланды. Олар негізінен әйелдер, балалар және қарттар. Олардың 17 мыңы жолда қырылып кетті. Ахыска түріктері Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның әртүрлі облыстары мен жекелеген кенттеріне «ерекше жер аударылғандар» ретінде шоғырландырылды [1].
Қазақстанда тұратын түрік халқының 38,6%, соның ішінде 37,3% ауылдық және 45,5% қалалық тұрғындар. (Алматы қаласы бойынша есепке алынбаған түріктер, барлық отандастарының санының 1,7% құрады). Республика көлемінде, Түрік халқының аймақтық орналасуы жағынан екінші орында Жамбыл облысы болып табылады. Мұнда Қазақстандағы барлық түріктің 34,6% шоғырланады, соның ішінде 36,6% ауылдықтар және 24,6% қала тұрғындары. Егер ауылдықтарды алатын болсақ, онда олардың басым бөлігі осы облыстың Жамбыл, Мерке, Байзақ аудандарында тұрады. Келесі кезекте Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша орналасуы жағынан түріктердің халық санағы өзіндік орын алады. Бұл мынаған 22,3,-20,2,-12,8% сәйкес келеді. Егер олардың аудандарға орналасуын алатын болсақ, түріктер Сайрам, Төле би, Сарыағаш және Мақтарал аудандарында шоғырланған және бұл жерде олар қазақ-өзбек халқымен көршілес орналасқан.
Соңғы кезекте түріктердің халық санағы бойынша орналасуы Қызылорда облысы болып табылады. Жалпы түрік халқы мұнда не бары 1,7% құрайды, соның ішінде 1,5% ауыл және 2,4% қала тұрғындары. Олар негізінен Қызылорда қаласында және Байқоңыр қалаларында, Қармақшы ауданының III Интернационал ауылында, топталып орналасқан.
Қызылорда облысы бойынша арнайы қоныс аударылғандарды шаруашылықтарға жайғастыруға жауапты бөлім басшысының мұрағат құжаттарында сақталған мәліметі бойынша Солтүстік Грузиядан көшірілген месхетия түріктерінің 356 жанұясы (1857 адам) Қызылорда облысының 6 ауданына орналастырылды.
Кесте 1. Месхетия түріктерінің Қызылорда облысы аудандарына орналастырылуы [2, 11-12 пп.].
Қоныстанған ауданы |
Жанұя саны |
Адам саны |
Шиелі ауданы |
61 жанұя |
327 адам |
Арал ауданы |
72 жанұя |
354 адам |
Қазалы ауданы |
53 жанұя |
327 адам |
Қармақшы ауданы |
65 жанұя |
324 адам |
Сырдария ауданы |
49 жанұя |
250 адам |
Жаңақорған ауданы |
56 жанұя |
275 адам |
Барлығы |
356 жанұя |
1857 адам |
Оларды ортақ құрылымның аясына біріктірудің сара жолы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру болды. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган - Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл тарихи күн Тәуелсіз Қазақстанның құрылуының, қазіргі мемлекеттік құрылымның орнығуының, түпкілікті әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулар жүргізудің, бейбітшілік, бірлік пен Қазақстан халқының қоғамдық келісім идеясын іске асырудың бастапқы нүктесіне айналды [3].
Ассамблеяның басты мақсаты ретінде Қазақстандағы барлық этностардың рухани тұрғыда қайта жанғыруы мен дамуын қамтамасыз ету; өркениеттік және демократиялық ұстанымдарға, мемлекеттік ұлттық саясатта барлық этностардың мүддесіне деген құрметке негізделген ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру болатындығы айқындалды.
Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінде 1991-1992 оқу жылында «Түрік тілі және әдебиеті» мамандығы ашылды. Сонымен қатар, «Түрік әлемін зерттеу» қоғамы мен Қорқыт ата университеті арасында 1992 ж. қабылданып қол қойылған хаттамаға сай, Қызылорда қаласында Түркия тарапының көмегімен 1992-1993 оқу жылында «Түрік тілі» мамандығы ашылды. Осы мамандық бойынша жоғары білім алып шыққан түлектер саны 138-ге жетті.
1996 жылы “Ахыска” қоғамдық ұйымы Түрік ұлттық орталығы ретінде тіркеліп (ТҰО), оның төрағасы болып Қурдаев Тофик Ашимұлы сайланды. Осының нәтижесінде Республикамыздағы түріктер көп шоғырланған аудандарында филиалдары құрыла бастады[4]. 2004 жылы желтоқсанда Қызылордада «Қызылорда қоғамдық Түрік Ұлттық-мәдени орталығы» құрылды. 2013 жылы Қызылорда облыстық этномәдени орталық болып өзгертілді. Этномәдени орталықтың төрайымы – Гейдарова Гулшен Ансеровна. Этномәдени орталықтың қолдауымен «Бахар» би тобы құрылып жұмыс жасауда. Этномәдени орталықтың өкілдері облыстық және қалалық іс-шараларға белсене атсалысады. Осындай мерекелік іс-шаралардың бірі Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты «III Интернационал» елді мекенінде 1 мамыр Қазақстан халқы бірлігі мерекесі үлкен ұйымшылдықпен атап өтілді.
Осы арқылы халықтар арасындағы үлкен достықты аңғару қиын емес. Бұл өңірде ежелден татулықта қазақ, ахыскалық түрік, корей, орыс, украин, мордвин, татар, әзірбайжан секілді он бір ұлттың өкілдері бірге тұрып келеді. Ауыл адамдары кез келген мерекені әрдайым ұйымшылдықпен бірге өткізеді. Мұндай мерекелердің қатарында Қазақстан халқы бірлігі күні де бар.
Сол күні де ауыл тұрғындары көпшілік шаралардан кейін үлкен дастархан жайды. Онда қазақтың етінен бастап, түріктің хинкал, тәтті бахлава, қырыққабат нан, палау, корейдің хе, кукси секілді тағамдары орын алды. Мәдениет үйінде ұштасқан концерттік бағдарламадан жұрт қазақтың әндерінен бастап түріктің билерін қызыға тамашалады. Өнер көрсетушілерді жергілікті «Бахар чичиклери», яғни «Көктем гүлі» ансамблі музыкалық жағынан сүйемелдеді.
Ауыл тұрғындарының тең жартысы, яғни 2500-і түрік ұлтының өкілдері болып келеді. Олар Ұлы Отан соғысы жылдарында Грузия республикасынан жер аударылып келгендердің ұрпақтары болып табылады. «Содан бері бір ұрпақ алмасып, екінші ұрпақ тіршілікті жалғастырып жатыр», - деді түрік диаспорасының ақсақалы Тельман Дямуршаев. – Біз ауылда бір-бірімізбен тек қазақ тілінде ғана қарым-қатынас жасаймыз. Мұндағы орыс пен түріктің өзі бір-бірімен осы тілде сөйлеседі. Менің өзім жер аударылып келгенде 4 жаста екенмін. Қазір 70-тен астым. Бүкіл өмірімді осы жерге арнап, тамырымды тереңге жайдым. Біз бақытымызды осы қазақ жерінен таптық. Құдай қосқан қосағым да түрік қызы. Бірақ облыстың Жаңақорған ауданында туған, оның есімі «Салтанат» деп қазақша қойылған.
Тельман Дямуршаев кезінде колхоз атанған ауылдың шаруашылық жұмыстарының көптеген сатыларынан өтіп келіп, ұзақ жылдар кәсіподақ комитетін басқарды. Біраздан бері «Нұр Отан» партиясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Төрт тілде – қазақ, түрік, орыс және корей тілдерінде еркін сөйлейді. Корей тілінде еркін сөйлегені сондай, бір рет Ташкентте өткен корейлер қауымдастығы съезінде сол тілде баяндама да жасапты. Корей тілін жақсы білгендігінің арқасында корейлердің кеңестік делегациясы құрамында Корей халық-демократиялық республикасына барып, Ким Ир Сеннің қабылдауында болған [5].
Түрік этносы өкілдері облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында білім және ғылым саласына, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларына үлкен үлес қосты. Олар: Набиев С.В., Арифов М.Ш., Мададов К.Т., ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы – Гейдаров М.М., еңбек сіңірген ұстаз – Раждабова М.Д. және т.б. Жастар мемлекеттік тіл қазақ тілін үйренуге белсене атсалысуда. ЖОО-да оқитын студенттердің көпшілігі қазақша білім алуда. Республикалық және облыстық деңгейдегі қазақ тілінен олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленуде.
Қазіргі таңда Қазақстанда 180 мың, Ресейде 95мың, Әзірбайжанда 87 мың, Қырғызстанда 42 мың, Түркияда 76 мың, АҚШ-та 16 мың, Украинада 8 мың Ахыска түріктері тұрады. Бейбітшілік пен ұлттық ынтымақтастықты сақтай отырып Қазақстанның түрік қоғамының ұлтаралық қызметі жалғаса бермек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Алиев Ф. У нас общая история, общие цели: [О турках-месхетинцах] // Агитатор Казахстана. – 1989. – № 15. – С. 19-21.
2. КООММФ 268 қор, 2 тізбе, 2964 іс, 11-12 пп.
3. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия//Бас редактор Ә.Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-23-9
4. Курдаев Т.А. О моём времени. – Алматы: Казахстан, 2004- 351с
5. М. Жатибаева. Моя земля, и нет ее роднее!//Кызылординские вести, 2009ж., 18 ноябрь
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетінің
магистранты: Сайлауова Жамиля
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі