Өлең, жыр, ақындар

Е.Бекмаханов Қазақстан тарихы мектеп курсының негізін салған алғашқы әдіскер, тарихшы ғалым

Ермұхан Бекмаханов тек көрнекті тарихшы-ғалым ғана емес, ол үлкен педагог-ғалым болатын. Оның халық ағарту саласына, Қазақстан мектептерінің дамуына сіңірген еңбегі бір төбе. 1937 жылы Воронеж пединститутының тарих факультетін бітіріп келгеннен кейін алғашқы қызметін Қазақ ССР Оқу министрлігі жанындағы ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып бастады. Көп ұзамай сол институттың директорлығына тағайындалды. Бұл қызметті 1940 жылы партиялық қызметке ауысқанға дейін атқарды [1, 257 б.]. Е.Бекмаханов ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқара жүріп орта мектеп мұғалімдеріне көмекші құрал әзірлеу, яғни тарих пәнін қазіргі заман талабына орай оқытуға әдістеме жасау жұмысымен айналысты. Бұл бастапқыда оп-оңай сияқтанған жұмыстың бірақ әуре-сарсаңы мол болып шықты. Амал қанша, қолына түскен ескі оқулықтарды өзінше қотарып, күмәнді оқиғаларды қазіргі заман әуеніне икемдеп, жаңа әдістеменің жалпы нобайын құрастырып болған кезде, 1938 жылдың басында комиссариат жетекшілігіне бұған дейін облыстық деңгейдегі партия жұмысын атқарған Мұхамеджан Әбдіқалықов есімді қайраткер тағайындалды. Халағарком басшысы жас әдіскердің жазғанын тәптіштей талдап, олпы солпы жерін қолымен түзеп институттың ғылыми кеңесіне ұсынды. Кеңес кедергісіз оқу құралын баспаға ұсынуға шешім қабылдады. Комиссариат алқасының арнайы шешімімен “Халық мұғалімі” журналы оны 1938-1939 жылдардағы санында жариялап, Қазақстан мектептері оқулық орнына қолданатын болды[2, 97 б.]. Сөйтіп, Е.Бекмаханов ең алғашқы ғылыми еңбегін аяқтады. Оқулық деңгейіне жетпесе де, мектеп мұғалімдеріне көмек болғандай әдістеме дүниеге келді.

Көп ұзамай, 1938 жылдың қараша айында жас тарихшы Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына тағайындалды. Бұл қарсаңда Е.Бекмаханов 23 жаста болатын. Кеше ғана институт бітірген жас маманның небәрі 15 айда кіші ғылыми қызметкерден институт директорына дейін тез өсуінің себебі, біріншіден, жас тарихшының ғылыми жұмысқа қабілеттілігі болса, екінші басты себебі, республикада жұмыс істеген мыңдаған мектептердің Қазақ КСР тарихынан оқулығын шығаруды қанағаттандыру мақсатынан туған шара деу жөн сияқты. Е.Бекмаханов жүктелген міндетті 1940 жылдың күзіне дейін атқарды. 1940 жылдың күзінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен Е.Бекмаханов БК(б)П ОК-тің Жоғары партия мектебіне қабылданады. Партия мектебін соғыс жағдайына байланысты жедел бітіріп, елге қайтқасын Қазақстан КП ОК-нің дәріскерлер тобына қосылады. Өзі жасаған әдістеме құралды сабақ үстінде тексеру мақсатымен қаладағы №28 қазақ мектебінде (бертінде Кеңес Одағының батыры М.Мәметова есімімен аталған) тарих пәнінен аптасына бірнеше сабақ берген.

Е.Бекмаханов 1941-1942 жылдары ҚазКСР Оқу халық комиссариатында мектептер басқармасына басшылық етіп, мектеп және басқа оқу орындарының оқу-тәрбие жұмыстарына қатысты істер атқарғаны айтпаса да белгілі.

СССР Ғылым академиясы тарих институтының бір топ тарихшы ғалымдарының уақытша 1942 жылы Алматыда болуын пайдалануға Е.Бекмаханов ерекше мән берді және республиканың идеология саласын басқаратын басшыларға өз ойын жеткізді. Бұл жөніндегі оның пікірін алдымен өзінің ғылыми жетекшісі, СССР ҒА академигі (ол кезде мүше- корреспондент) А.М.Панкратова қолдады. Осы бастама нәтижесінде Мәскеу ғалымдарының қатысуымен 1942 жылы орыс тілінде «Соғыс жағдайында СССР тарихын оқыту әдістемесі», «Соғыс жағдайында дүние жүзі тарихын оқыту әдістемесі» деген екі кітапша және 1943 жылы «Қазақ КСР-нің ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі тарихы» деген еңбектер жарық көрді.

1958 жыл – Ермұхан Бекмаханұлы үшін ерекше сәт болды. Біріншіден, 1951 жылы тарихты өздерінше түзетпек болған әпербақан шенеуніктер тартып алған ғылыми атақтарымен ВАК төралқасы жеті жылдан кейін қайыра марапаттауға мәжбүр болды. Екінші, “Қазақ КСР тарихының” тұңғыш оқулығын жазуға тапсырыс алды. Сол жылы КСРО Жоғары Кеңесі республика тарихын мектепте дербес пән ретінде оқыту туралы мәселені арнайы қолға алған болатын. Е.Бекмаханов тұңғыш оқулықтың алғашқы нұсқасын қарауға көп қиналмады, өйткені 1946 жылдан ел тарихынан лекция оқуы, сонымен қатар “Ерте заманнан осы күнге дейінгі Қазақ КСР тарихының” бірінші басылымын жазуға қатысқаны, сондай-ақ ХІХ ғасыр оқиғаларын әр қырынан талдаған екі монографиялық еңбекті жариялауы мектеп оқулығын дайындауға көп көмегін тигізді. Авторды алаңдатқан бір ғана жәйт болды, ол Қазақ елі мен Жерінің шежіресін 14-15 жастағы бүлдіршіндер ұғымына лайықтап қарапайым тілмен жазу, ұзақ тарихты ықшамдап суреттеу болды. Оқу министрлігінің алқасы “Қазақ КСР тарихы” оқулығының қолжазбасын екі мәрте талқылап, қосымша түзетуден соң “Учпедгиз” (бертінде “Мектеп”) баспасы оны небәрі екі-үш айда басып шығарады.

КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1959 жылғы 8 қазанындағы “Мектепте тарихты оқытудағы кейбір өзгерістер туралы” қабылданған қаулыға сәйкес республика мектептерінде “Қазақ КСР тарихы” алғаш рет КСРО тарихының құрамында курс болып оқытыла бастады. Осы жылдары Қазақ КСР тарихы курсының бағдарламасы, оқулықтары, хрестоматиясы, оқу құралдары дайындалып, тарихи карталардың тізімі бекітілді [3, 126б.].

Е.Бекмаханов – Қазақстан тарихы мектеп курсының ғылыми-әдістемелік негізін салған алғашқы әдіскер, тарихшы ғалым болды. Оның “Қазақ КСР тарихының 8-9 кластарға арналған оқу құралы”  (1959ж.) және “Қазақ КСР тарихының 10 класқа арналған оқу құралы” (1960ж.), ал 1962-1963 жылдары сегізжылдық мектептің 7-8 сыныптарына және онбіржылдық мектептің 9-11 сыныптарына арналған оқулықтары мен соған сәйкес жазылған бағдарламасын дайындады [4, 97б.]. 

Ғалымның оқулықтары тарих оқулығының міндеті мен рөлі жөніндегі жаңаша көзқарасты бейнеледі. Оқулықтарда оқушылардың жас ерекшелігі ескерілген, түрлі мұрағат материалдары, еліміздегі сол кезеңдегі өзгерістерін айқындайтын құжаттар енгізілген. Оқу материалдарының ғылымилығы, дидактикалық талаптары орынды ескерілген. “Преподавания истории в школе” журналында А.Кариннің “Одақтас респуликалардың оқулықтары” атты мақаласында “Е.Бекмаханов оқулықтарын жоғары бағалап, тәрбиелік-танымдық маңызы зор екенін, Қазақстан тарихында белгілі орын алған жеке қайраткерлер туралы эмоционалды материал енгізілгендігін”- атап көрсеткен.

Белгілі ғалым мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған әдістемелік еңбектер, мақалалар жазды: «Қазақ КСР тарихының хрестоматиясы. Он бір жылдық мектепке арналған» (1962, 1965), «ХІХ ғасырдағы Қазақстан тарихының очерктері. Мұғалімдерге арналған көмекші құрал» (1967ж) т.б.

Көрнекті ғалым қайтыс болғаннан кейін академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәйла Ермұханқызы оқулықтарды уақыт талабына сай жетілдіру, өңдеу нәтижесінде Қазақстан тарихы оқулықтары еліміздің мектептерінде отыз жылдан аса пайдаланылды. Мәселен, «Қазақ КСР тарихы 7-8 кластарға арналған оқу құралының» мазмұнын (Алматы: Мектеп., 1979. - 112 б.) қысқаша қарастырайық. 2 курсқа арналған оқулық 3 бөлімнен, 10 тараудан және 40 тақырыптан тұрады. Оқулықтың алғашқы беті «Алғы сөз», «Қымбатты достар» деген атаумен басталып, оқулықта қандай мәселелер қарастырылатыны, мақсаты мен міндеттеріне тоқталады. Оқулық 23 суреттен, оның ішінде 4 түрлі-түсті сурет, 4 карта, 40 тақырыптың 11 тақырыбына сұрақтар мен тапсырмалар, 15 құжаттан және хронолиялық көрсеткіштен тұрады.

Оқулық оқу бағдарламасының мазмұнына сәйкестендіріліп жазылған. Оқу материалында сонау ерте заманда Қазақстан аумағын мекендеген алғашқы адамдар, олардың өмір-тіршілігі, тайпа одақтары, тайпалардың шаруашылығы, тұрмыс-салты, діни нанымдары, ертедегі мемлекеттер, көшпелілер мен егіншілер, қолөнершілер өмір-тынысы, шапқыншыларға қарсы қазақ халқының ерлік күресі, көрші елдермен саяси, экономикалық және мәдени байланыстары, қалалар, сауда, қолөнердің гүлденуі,елін, жерін қорғаған батырлар, ғалымдар, ағартушылар туралы толық, түсінікті баяндалады. Автор екі курсты (КСРО мен Қазақ КСР тарихы) органикалық байланыста оқыту жолдарын жетілдіре түсті. Оқулыққа «Алтын адам» туралы материал енген, жаңа терминдер мен ұғымдар мағынасы түсіндірілген. Оқулықта елеулі оқиға болған жылдар қою шрифтімен көрсетілген, ол оқушылардың назарын сол датаға баса аударып, болған оқиғаны есте жақсы сақтауына көмектеседі. Жоғарыда атап көрсеткендей құжаттар оқу материалының мазмұнына сәйкестендіріліп, оны дәлелді баяндау үшін орынды берілген. Оқушылардың білімін пысықтауға, бекітуге арналған сұрақтар мен тапсырмалар олардың ой-өрісін дамытуға септігін тигізеді.

Жалпы оқулықтағы материалдар ғылыми түрде баяндалғанын, ұқыпты іріктелгенін баса айту қажет. Тарих оқулықтарына қойылатын талаптардың күрделене түсуіне байланысты Н.Е.Бекмаханова Қазақ КСР тарихының жоғары сыныптарға арналған оқулықтарын үнемі жетілдіріп, заман талабына сай толықтырып отырды[5, 33б.].

Қорыта айтқанда, Ермұхан Бекмаханов Қазақстан тарихы мектеп курсының қалыптасуына сүбелі үлес қосқан әдіскер, тарихшы ғалым. Оның қатысуымен жарық көрген Қазақстан тарихының оқулықтары, хрестоматиялары, өзі жазған ХІХ ғасырдағы Қазақстан тарихының очерктері, мұғалімдерге арналған журнал, газеттердегі мақалалары мектепте Қазақстан тарихын оқытудың негізін салды. Тарихшы-ғалым ғылымның осы саласы бойынша да ғылыми кадрлар дайындауға ат салысты. Солардың бірі – Қадырбеков Икрам. Мектепте Қазақстан тарихын оқытуда көрнекті құралдар дайындау және пайдалану әдістемесінен диссертация қорғады және осы салада мектептің  тарихшы мұғалімдеріне елеулі көмек көрсетті. Педагогика ғылымдарының кандидаты Күләш Аманжолова “Жастарға қамқоршы аға” мақаласында Е.Бекмахановтың Қазақстан тарихын мектептік жеке пән ретінде оқытып, оның тәрбиелік, тәлімдік мәнін жетілдіруде көп еңбек сіңіргенін айтады[6, 104б.]. Е.Бекмахановтың мектепте Қазақстан тарихын оқытудың негізін салған игілікті ісін бүгінде одан әрі жалғастырып келе жатқан шәкірті педагогика ғылымдарының докторы Тотай Тәжіұлы Тұрлығұлов “Жалындап өткен өмір” атты естелігінде:“ Сол кісінің ақылымен 1962 жылы университеттің аспирантурасына түсіп, оның ғылыми жетекшілігімен 1965 жылы мектепте Қазақстан тарихын оқыту мәселелері бойынша кандидаттық диссертация қорғағанын” [7, 91б] ризашылық сезіммен жазады.

Түйіндеп айтқанда, Е.Бекмаханов халық ағарту саласына, Қазақстан мектептерінің дамуына зор үлес қосқан педагог ғалым. Оның өмірі мен қызметі жас ұрпаққа тәлім-тәрбиесі мол ұлағатты іс. 

Әдебиеттер:

1. “Қазақстан”. Ұлттық энциклопедиясы/Бас ред: Ә.Нысанбаев. Алматы: “Қазақ энциклопедиясының” Бас редакциясы, 1999, 257б.
2. Сәрсеке Медеу. Ермұхан Бекмаханов. – Астана: Фолиант, 2010, 97 бет (672 б)
3. Ы.Алтынсарин атындағы қазақтың білім проблемалары институты 60 жыл. (1933-1993). – Алматы, 1993, 126б.
4. Бекмаханов Е. Қазақ ССР тарихы. VІІ-VІІІ кластарға арналған оқу құралы. – Алматы, Мектеп, 1967, 97 б.
5. Әбдіғұлова Б. Е.Бекмаханов – 100 жас. Қазақстан тарихы әдістемелік журнал. 2015, №2, 33б.
6. Аманжолова К. Жастарға қамқоршы аға. – Е.Бекмаханов туралы естеліктер. Алматы, “Білім” баспасы, 2005, 104 б.
7. Тұрлығұл Т. Жалындап өткен ғұмыр. – Е.Бекмаханов туралы естеліктер. Алматы, 2005, 91 б.

Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетінің
магистранты: Ортаева Береке Алматқызы

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Жанеля

Рақмет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз