Электронды құрылғылардың өміріміздің бір бөлшегіне айналып, мызғымас орын алғаны шындық. Ата-аналар мен мұғалімдер дабыл қағып, балаларын смартфон, планшеттерден шектеуге тырысқанымен, мұндай құрылғыларды баланың ой-өрісін дамытатын пайдалы қосымшалардың бар екендігін біле бермейді. Бағдарлама жасаушылар балаларды мектепке дайындауға арналған түрлі пайдалы қосымшалар жасауды әлдеқашан қолға алған. Бұл орайда назарларыңызға бүлдіршіндерімізді дамытатын пайдалы қосымшалар қатарын ұсынамыз.
«Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған математика»
Баланы түрлі есептер мен мысалдарды шешуге көндіру оңайдың ісі емес. Аталған қосымша балаларды ойын түрінде сандармен таныстырып, қосу-алуға, салыстыруға және есепті жылдамдыққа шешуге көмектеседі. Тапсырмалар күрделілігі бойынша бірнеше деңгейге бөлінген және 3-7 жас аралығындағы балаларға арналады.
Қосымшаға енгізілген көмекші құралдардың көмегімен бала оны өздігінен қолдана алады. Алайда арнайы ата-аналар үшін статистика бөлімін қарастырған. Қосымша интерфейсі – қарапайым әрі түсінуге жеңіл. Ал қосымшаға деген қызығушылығын туғызып, назарын аудару мақсатында түрлі көлемді, қызықты суреттер енгізілген.
«Учубука PRO»
Экранда пайда болған әріптер жануар атауын құрастыруға мүмкіндік беретін қосымша баланы оқуға үйретеді. Мұнда бірден екі әдіс қолданылады. Дәстүрлі түрінде жануар атауын құраған кезде әр әріп дыбысталып отырады. Ал екінші фонетикалық әдіс бойынша, қосымшадағы диктор дыбыстың қандай болуы керектігін көрсетеді. Аталған әдістердің біріктірілуі ақпараттың анағұрлым жақсы есте сақталуына көмектеседі.
Ең бірінші кезекте, «Учубука» – балалардың ерте жастан дамуына арналған. Алайда қосымшада күрделіліктің екі деңгейі бар: жеңілдікпен және жеңілдіксіз.
«Кірпінің хикаясы»
4 пен 6 жас аралығындағы балаларға арналған интерактивті дамытатын ойын. Мұндағы ертегі логика, зейінділік, көру арқылы есте сақтау және «кеңістікте ойлау» қабілетін дамытуды қамтиды. Қосымшада лабиринттен өтіп, пазлдар жинап, заттарды топтастырып, артық және ерекше бөлшектерді табуға болады.
Ойынды балалар психологы ойлап тапқан. Сондықтан ойынның астарында дамытатын сабақтарда қолданылатын әдістер жатыр.
«MarcoPolo ауа райы»
Қосымша ауа райындағы түрлі өзгерістер мен құбылыстарды ойын түрінде түсіндіріп, қоршаған ортада болып жататын өзгерістерді көрсетеді. Ойыншы желді басқарып, жаңбыр мен қар жауғызып, кемпірқосақ жасап, ауа температурасын көтеріп не төмендетіп, дауыл, құйын тұрғыза алады. Ойыншының әр әрекеті қоршаған ортаға әсер етеді. Нәтижесінде бала ауа райының табиғи ландшафтыны қалай өзгертетінін, кейіпкерлердің күнделікті өмірі мен түрлі заттардың күйін көре алады.
Қосымша әр түрлі жастағы балаларға арналған. Сол себепті ойын аясында табиғаттағы су айналымын біліп қана қоймай, киім таңдап үйренуге де болады.
«Балаларға арналған сурет салғыш»
«Балаларға арналған сурет салғыш» экранда түрлі кейіпкерлерді салуға мүмкіндік береді. Ол экрандағы сызықтар бойымен саусақты жүргізу арқылы жүзеге асады. Мұндай әдіс қолды жазуға дағдыландыруға, ұсақ моториканы дамытуға көмектеседі. Қосымшада ойын элементі де қарастырылған: салынған суреттер «тіріліп», кейіпкерлер секіріп, түрлі дыбыстар шығара алады. Аталған қосымша кез-келген баланың қызығушылығын тудыратыны анық.
«Адам денесі»
Қосымша анатомия негіздерімен танысуға мүмкіндік береді. Ол арқылы ағзалардың қалай жұмыс істейтінін біліп, олардың арасындағы байланысты бақылауға болады. Сонымен қатар бала алты қабатқа бөлінген дене үлгісін зерттей алады: қаңқа, бұлшық ет, тыныс алу, ас қорыту, жүйке, жүрек-қан тамырлар жүйелері және несеп-жыныс жүйесі. Аталғандардың соңғысы тек «ата-аналарға арналған бөлімде» көрсетіледі. Одан бөлек қосымшада денеміздегі ағзалар анимацияланған. Сондықтан жүрек соғысын, тыныс алғанда өкпенің кеңеюін, іштің құрылдауын көзбен көре аласыз. Бұл ретте құрылғының түрлі мүмкіндіктері де ескерілген: алдыңғы камера көз көруін тамашалауға мүмкіндік берсе, микрофон – есту қабілеті жайлы түсіндіру үшін.
Қосымша 4 жастан асқан балаларға арналған. Онда бірнеше қолданушыға арналған режим бар. Сонымен қатар ата-аналарға арналған бөлім мен анықтамалық кітапхана енгізілген.
«Star Walk Kids: Балаларға арналған астрономия»
StarWalkKids балаларды ғарыш және Күн жүйесімен таныстырып, ғаламшарлар мен аспан денелері жайлы мағұлмат беріп, жұлдызды аспан картасын оқуға үйретеді. Қосымшаның қызықты ерекшелігі – дәл қазір аспаннан нені көре алатыныңызды анықтау үшін, геолокация және гироскопты қолдану. Ол үшін планшет не телефоныңызды жоғары көтеруіңіз жеткілікті. Қосымша дәл сол уақытта аспанда тұрған жұлдыздар, шоқжұлдыздар мен ғаламшарларды көресетеді. Мәлімет мәтін, мультфильм немесе аудиотрек түрінде беріледі.
«Орманда не өседі»
Бұл қосымша – еуропалық ормандағы ағаштар, жеуге жарамlы және жарамсыз саңырауқұлақтар мен жидектер, гүлдер және т.б. тәрізді өсімдіктер жайлы мәлімет беретін интерактивті анықтамалық. Ойыншы өсімдікті нұсқағанда, оның атауы, жалпы мәлімет пен қызықты деректер пайда болады.
«Орманда не өседі» қосымшасы бізді қоршаған флорамен танысып, өсімдіктердің түрлі қасиетін білуге мүмкіндік береді. Ал алған білімімізді серуендегенде не сабақта тәжірибе жүзінде қолдана аламыз.
«Пішіндерді танимыз»
Қосымша геометрия негіздерімен танысып, дөңгелек, шеңбер, сопақ, тік төртбұрыш, ромб, трапеция және шаршы сынды негізгі пішіндерді білуге үйретеді. Алған білімді бекіту үшін, әр пішінге байланысты тақпақтар мен ойындар енгізілген.
«Тобби: жануарлар әлемі»
Бала кейіпкерге отбасын табуға көмектесетін ойын. Отбасын іздестіру кезінде жолда түрлі аңдар мен құстар ұшырасады. Ойыншы олардың атауын, қайда тіршілік ететінін және немен қоректенетінін біле алады.
Қосымша 2-5 жас аралығындағы балаларға арналған әрі баланың логикасы мен зейінділігін дамытуға бағытталған. Ойында 25 түрлі жануарлар туралы мәлімет беріледі. Сонымен қатар бала өздігінен қолдана алатындай жеңіл ойластырылған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Бауыржан
Балдарымыз болса да ойын ойнап отырады, осы ойындарды жүктеп беру керек екен, ең болмаса пайдалы өтсін уақыттары