Өлең, жыр, ақындар

Ағзаңызға дәрумен жетіспейтінін бет-әлпетіңізден біле аласыз

Көктем келіп, жуанның жіңішкеріп, жеңішкенің үзілетін шағында дәрумен жетіспеушілігі кім үшін болмасын өзекті тақырыпқа айналады. Ағзамыз дәрумен тапшылығын сезінсе, әлсіреп, кез-келген вирусты оңай жұқтырамыз.

Біле білсеңіз, ағзаңызға дәрумен жетіспейтінін айнаға қарап-ақ біле алады екенсіз. Сенбейсіз бе? Олай болса, айнаға қарап, тексеріп көріңіз.

Терінің бозаруы

Қыс бітіп, көктем келген уақытта кез-келгеніміз күнге күйген теріміздің сұлулығымен мақтана алмаймыз. Ал бірақ теріңіз тым бозарып кетсе, мұндай белгі В12 дәруменінің жетіспеушілігін аңғартуы мүмкін. Бұл дәруменсіз біз өзімізді жабырқаңқы әрі шаршаңқы сезінеміз. Ал оның орнын толтыру үшін, ет және теңіз өнімдерімен жиі ауқаттаныңыз.

Шаштың құрғауы

Құрғақ, сынғыш, қайызғақты шаш биотин, яғни В7 дәруменінің жетіспеушілігін білдіруі ықтимал. Ағзаңыздағы мұндай өзгеріс әдетте антибиотиктер қабылдағаннан кейін байқалады. В7 дәруменінің ағзаңыздағы мөлшерін арттыру үшін, ет, балық, көкөністер мен жемістер, саңырауқұлақ, бұршақты өнімдермен тамақтаныңыз. Сонымен қатар біраз уақытқа емдәмді ұмытқаныңыз абзал.

Көздің ісінуі

Егер көзіңіз және аяқ-қолыңыз ісінсе, ағзаңызға йод жетіспеуі мүмкін. Ал көпшілікке кең тараған йод көзі – йодталған тұз. Сонымен қатар йод теңіз өнімдерінің (асшаян, балдыр, лобстер), сүт өнімдерінің және нанның құрамында кездеседі.

Еріннің түссізденуі

Бозарған ерін ағзадағы темір жетіспеушілігінен белгі беруі ықтимал. Егер жиі тұмауратып, қан қысымыңыз төмен болса, бұл белгілер жоғарыдағы диагнозды қуаттай түседі. Десе де темір жетіспеушілігінен арылу қиын емес. Ол үшін жиі етпен ауқаттанып, құрамында кальций көп мөлшерде кездесетін тағамдардан уақытша бас тартқаныңыз жеткілікті.

Қызыл иек қанауы

Қызыл иектің қанауымен байланысты қиындық – ағзаңызға С дәрумені жетіспеушілігінің белгісі. Оның ағзадағы мөлшерінің төмендеуі иммунитеттің әлсіреуіне, бұлшық ет және сүйек ауруларына, тіске байланысты қиындықтарға алып келеді. С дәрумені цитрусты жемістер мен қызыл бұрыш құрамында көптеп кездеседі.

Жоғарыда аталған сырқат белгілері дәрумендердің жетіспеушілігінен пайда болуы мүмкін жанама белгілер екендігін атап өткеніміз жөн. Егер бойыңыздан аталған нышандардың біреуін байқасаңыз, нақты диагноз қою үшін, дәрігерге қаралғаныңыз абзал.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Дәулетхан

Ал беттің қызаруы нені айтады?

Ерхан

Анализ тапсыру керек болды ғой)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз