Өлең, жыр, ақындар

Рақмет, алғашқы ұстаз!

Білім жол бәріне аңсарлы,
Ой зерек болса оған ұнадың.
Сендерді күлімдеп қарсы алды
Мектепте мейірімді мұғалім.

Қарсы алды сыныбың, партаң да,
Тәртіппен сен оған ұнадың.
Жүреді күлімдеп ортаңда
Тағы сол мейірімді мұғалім.

Ұстазың, мейірбан үні тым,
Қақпайды тым қатты бетіңді.
Қоғамның кішкентай үмітін
Баптайды жас шыбық секілді.

Ұстаздың сан қырлы әлемі,
Санасы, жүрегі – асқақ ар.
Қоғамға құрмет әуелі
Ұстазды сыйлаудан басталар.

Шәкірттер осында келеді,
Өзіне жаңаша дос табар.
Еліңе құрмет әуелі
Мектепті сүюден басталар.

Кешегі ұлылар ізісің,
Өткізбес босқа әр кез уақытты.
Отанның ұлысың, қызысың,
Отаны бар адам бақытты.

Әрқашан қамын жер баланың
Анаңды шаттықты күйге енгіз.
Құт болсын білімде қадамың,
Бірінші сыныптық ұл мен қыз.

Бәріне тым ыстық көрінген
Естисің қоңырау үнін кеп.
“Жақсы оқы” дегендей сеніммен
Сендерге елің тұр күлімдеп.


Олардың бірінші сыныптың табалдырығын аттағаны күні кеше ғана сияқты еді, енді, міне, бастауыш сыныппен қоштасатын күндері де келіп жетті.

Оларды осы жылдар ішінде алғашқы ұстаздары қабылдап алды, тәлім үйретті, өмір әліппесімен таныстырды, келешекке жетеледі.

Бастауыш сыныпта сабақ берген ұстаздары оларды білім негізінің сырына бағыт алдырды, өз әлемінде ойлануға үйретті, таным баспалдағын қалыптастырды, айнала орта, қоғаммен қарым-қатынастарын ізгілікке бағыттады, жазу, сөйлеу мәдениетінің алғашқы сырларын ашты, өзіндік шығармашылық әлеміне баулыды, болашақ жеке тұлғаның қалыптасуына, дамуына жағдай жасады, бүгінгі шыбықтың ертеңгі қоғамы мен Отанына септігін тигізер мәуелі бәйтерек боларын қазірден ойлады, жан-жақты жол ашты. Осы үшін бала тәрбиесі ғылымының соны тәсілдерін ізденіп, талай кештері мен түндерін ұйқысыз өткізді. Осының барлығы да тәуелсіз Отанның жас бөбегі үшін жасалған еді.

Енді олардың да, оларды өсірген ата-аналарының да осы бір ізгі қызмет үшін бастауыш сыныпқа, оның ұстаздарына да рақмет айтатын күндері келіп жетіпті.

Егер Ұстаз еңбегі өлшеусіз болып саналса, ол еңбектің алғашқы қомақты үлесі бастауыш сынып ұстазының ізденіс танытуында жатыр.

Балдырған сана ересек тартқанда да білімнің алғашқы баспалдағы боп саналар осы бір бастауыш сыныптағы күндерін естеріне алатын болады және алғашқы ұстаздарын да. Өйткені олардың ересек аға-әпкелерінің барлығы да осы жолдан өткен.

Тағы да қоңырау соғылды. Бірақ бұл қоңыраудың үні олар үшін соңғы қоңырау емес. Оларды әлі ғылым мен ғылымның арасын байланыстырып жатқан талай жауапты қоңыраулардың үні күтіп тұр.

Олар сәл есейді. Бұл есеюде алғашқы ұстаздарының да тынымсыз тер төккен еңбегі жатыр.

Бастауыш сыныптың бал бұлақ күндері артта қалып, олар болашаққа асығады. Тағы да білім алмақ үшін.

Енді бастауыш сынып балдырғаны өздерінің ұстаздарына рақмет айтпақ.

Рақмет, ұстазым, мың алғыс!

Үйретіп өмірде тағылым,
Ұстаздық көңілмен сендіңіз.
Ұқтырып тіршілік тәлімін,
Жетелеп бұл шаққа келдіңіз.

Бастауыш – білімнің бұлағы,
Сананы жетілтті, өзгертті.
Қойылып енді өмір сұрағы,
Онымен қоштасар кез кепті.

Келешек бұл күнді білмесе,
Онда әр жыл белесін атай кет.
“Алғашқы ұстазың кім?” десе,
Айтамыз: “Ол – біздің апай!” деп.

Алғашқы ұстаз ол – мейірбан,
Еліңді, Отанды сүй депті.
Қиналсаң, шығуды қиыннан,
Жалықпай біздерге үйретті.

Ертеңді білім деп атайды,
Сол жолмен келешек ұтамыз.
Сондықтан өмірде апайды
Әр кезде құрмет тұтамыз.

Үлес ап біз де әлі өмірден,
Самғармыз, жұлдыз боп тұрармыз.
Сондықтан шынайы көңілмен:
Рақмет, ұстазым, мың алғыс!

Жүгіріп қастерлі күн үшін,
Оятты көңілдің құштарын.
Бәрі де жасалды біз үшін,
Сол үшін рақмет, ұстазым!


Пікірлер (3)

Ерке Есмахан

Жақсы екен

АҚЖАРҚЫН

Рақмет, ұстазым, мың алғыс!

Кәусар

Жақсы барлығы ұнады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер