Өлең, жыр, ақындар

Жаңалыққа бастар тура жол

Жаңа бағдарлама - жаңалыққа бастар тура жол


Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай, келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама. Еліміздегі білім беру саласы жаңа жүйеге көшу барысында ұлтымыздың болашағына тірек болар азаматтардың білім деңгейі жоғары, ой-өрісі дамыған, өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін және шынайы өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелеуді басты фактор ретінде қарастырып отыр. Сондықтанда болашақ ұрпақты тәрбиелі, тәртіпті, білімді ұрпақ етіп тәрбиелеу біздің қолымызда. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс – тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеттері тұр. Сонмен өз білімімді  жетілдіру мақсатында, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курсына қатысуға  бел будым.

Назарбаев Зияткерлік мектептері Педагогикалық шеберлік орталығының Шымкент қаласындағы филиалында 05.06.2017 ж-16.06.2017ж  күндер аралығында оқуда болдым. Оқуға келгендегі мақсатым, ең бірінші жаңартылған білім беру бағдарламасымен танысу және жаңаша әдіс-тәсілдерді тәжірибе жүзінде қолданып, білім алу. Бұл менің ұстаздық жолымдағы алғашқы біліктілікті арттыру курсым болғандықтан, біліктілікті арттыру курсы бойынша көз-қарасымды қалыптастыра отырып, осы күндер аралығында өткен әрбір сәт көптеген жаңалыққа толы болды деп айта аламын. «Математика» пәні бойынша біліктілікті арттыру курсында 25 мұғалім біліктіліктерін арттырды. Біз екі апта көлемінде математика пәнін жаңа мазмұнда оқыту бойынша дәріс-тренингтер тыңдап, көптеген оқу стратегияларын, белсенді оқытудың әдіс-тәсілдерін, алған білімдерін  тәжірибеде қолдана білудің егжей-тегжейін үйрендік. Сонымен қатар бұл курста нәтижеге бағытталған сабақтарды жоспарлауды, білім мазмұнын бағалаудың ерекшеліктеріне де назар аудардық...

Курстан алған әсерім өте көп. Мен үшін  екі апта көзді ашып-жұмғандай тез өтті. Көңіл қойып, ой түйетін маңызды сәттер ерекше:  шиыршықты оқытудың мазмұны, жаңа бағдарлама бойынша әр сабаққа қысқа мерзімді жоспар құрастыру, төрт дағды бойынша (айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылым) оқып үйренген тренингтер біздің педагогикалық білімімізді тереңдете түсті. Білім алудан еш жалықпадық.

Еңбек жолымды заман талабына сай жаңаша бастауға, нағыз педагог ретінде танылуыма бірден–бір жол ашты деп ойлаймын. Мен өз іс – тәжірибеме өзгерістер енгізе отырып, оқушыларымды жаңа қырынан таныдым. Болашақта барлық үйренгендерімді үнемі жетілдіріп, әрбір сабақтарымда қолданамын деп нық айтамын. Осыған орай мұғалімдерді бағдарламаның барлық қыр-сырымен терең таныстырып, сапалы білім берген тренеріміз Бекахметова Мадина Султанахметқызына алғысымыз шексіз. Мадина Султанахметқызы өте білімді, өз ісінің шебері, өте еңбекқор, сонымен қатар талапшыл ұстаз маман екендігін көрсете білді. Ұстаз еңбегі өлшеусіз, әрдайым еңбегіңіз жемісті болып,  білімді ұрпақ, сапалы мамандарды тәрбиелей беріңіз демекпіз.

Қазақстан Республикасында білім мазмұнын жаңарту бағдарламасына сәйкес  Назарбаев Зияткерлік мектептері Педагогикалық шеберлік орталығының Шымкент қаласындағы филиалы,  оқытушы-тренерлері облыс педагогтеріне үздіксіз білім беріп, білімдегі жаңалықтарды айшықтап беруде бар күш-жігерлерін салуда.

ОҚО, Қазығұрт ауданы,  «Комсомол»(А) ж.о.м-нің
математика пәні мұғалімі: Сүттібаева Гүлнұр Анарқұлқызы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер