Өлең, жыр, ақындар

Маңғыстаудың экологиялық ахуалы қалай?

Қоршаған ортаны қорғау мәселесіне келетін болсақ, облысымызда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, алайда проблемалар да бірінен соң бірі туындап отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл мақалада ең өзекті деген үш проблемаға тоқталғанды жөн санадық.  

Өңірдің басты экологиялық проблемасы ретінде «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын айтуға болады. Бір кездері мұнда Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының үш зауытынан барлығы 105 млн. тоннадан астам қалдықтары жиналған. Өз кезегінде бұл жиынтық белсендігі 11,2 мың кюри және 51,8 млн. тонна әлсіз радиоактивтік қалдықдың жиналуына әкеп соқты. Ойпаттың оңтүстік бөлігінде арнаулы жоба жасақталмастан 1994 жылға дейін химиялық-гидрометаллургиялық зауыттың қатты радиоактивті қалдықтары көмілген.

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сағынбаевтың айтуынша, күкірт қышқылы зауытының өндірістік қалдықтары «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының оңтүстік - шығыс бөлігінде, оның санитариялық аймағы шекарасынан тыс жерде. Жасыратыны жоқ, дәл қазіргі уақытта қалдық қоймасының және оның айналасындағы экологиялық жағдайы мәз емес. Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданы халқының табиғи ортасы «экологиялық қысымда» тұрғаны ешқандай күмән келтірмейді.

"Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары, қалдық қоймасының жақын жердегі елді мекендердің экожүйесіне әсерін зерттеу мен бақылау жасау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Яғни, бірінші кезекте «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасының жақын аумақтағы экожүйесіне әсері және қалдықтар қоймасының жақын аумақтағы тұрғындардың денсаулығына экологиялы-генетикалық әсерін бағалап көрген. «Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, санитариялық аймақ ішінде өмір сүретін кеміргіштердің дезоксирибонуклеиндік қышқылы мен хромосомдарына теріс әсері анықталған. Сондай-ақ, қоршаған ортаның қолайсыз факторларының әсеріне және генетикалық (тұқымдық) ауруларға минорлы генотиптерді тасушылар түсуі мүмкін деген болжам жасалып отыр», - дейді  Серік Сағынбаев.

Бұл проблеманы кешенді шешу мақсатында «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын қалпына келтірудің техникалық-экономикалық негіздемесі және бірінші кезеңінің жұмыс жобасының  жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Нәтижесінде, «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтірудің І кезеңінің жұмыс жобасын іске асыру үшін, республикалық бюджеттен төрт күнтізбелік жылға 17 518,159 млн. теңге бөлінді.  Оның ішінде 2017 жылдың II жартыжылдығына – 3 738,786 млн. теңге; 2018 жылы – 5 168,147 млн. теңге; 2019 жылы – 5 426,304 млн. теңге; 2020 жылы – 3 184,922  млн. теңге қаржыландыру жөнінде ұсыныс өтінім берілген. Сонымен қатар Мұнайлы аудандық сотының шешіміне сәйкес, «Қошқар-Ата» қалдық қоймасында орналасқан иесіз қауіпті қалдықтар республикалық меншікке берілді. Жасанды көлдің сұйық фазасын тұрақтандыру мақсатында Ақтау қаласындағы кәріздік тазарту имаратынан (КОС-1) жыл сайын тазаланған 8,4  млн. м3 су құйылады. Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылының санитарлық-гигиеналық, экологиялық жағдайын және микроклиматтын тұрақтандыру үшін «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының оңтүстік бөлігінде жалпы аумағы 8,2 га тәжірибелік жасыл қорғаныш аймағы құрылып жатыр. Сондай-ақ, осыған ұқсас ұзындығы 3 км жасыл қорғаныш аймағын құру жоспарлануда.

Шөлейттенуге қарсы атқарылған жұмыстарды да айтып өту қажет. Маңғыстау облысындағы көшпелі құмдармен күрес жұмыстары қалай жүріп жатырғанды, әрбір тұрғынды мазалайтындығы сөзсіз. Айта кету керек, өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап өңіріміздің қарқынды игерілуі қоршаған ортаға түсетін антропогендік фактордың салмағын еселей түскендігі белгілі. Биологиялық алуан-түрліліктің кемуі соның бір көрінісі. Облысымыздың ірі құм массивтерінің жер асты су көздерінің игерілуі, құм массивтерінің қысы-жазы жайылым ретінде пайдаланылуы, және де жергілікті  тұрғындардың орман ресурстарын отын ретінде пайдалануы құм сілімдерінің көшуіне әкелді. Мұндай жағдай Қарақия ауданындағы «Түйесу», Маңғыстау ауданындағы «Бостанқұм» және «Қызылқұм» құм массивтерінде көрініс алды. Аталған құм массивтерінің іргесінде орналасқан Сенек, Ұштаған, Тұщықұдық және Шебір ауылдарының тұрғындары табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуының салдарларының куәсі болды.

2004 жылдан бастап Сенек, 2007 жылдан Ұштаған, 2012 жылдан Тұщықұдық және де 2016 жылдан бастап Шебір ауылын көшпелі құмнан қорғау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл уақыт арасында 2910 гектар аумақты алып жатқан территория қоршалып, фитомелиорация-механикалық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде қоршалған аумақтың өсімдік жамылғысы толықтай қалпына келді деп қорытындылауға болады.

Елді мекендерді көшпелі құмдардан қорғау жұмыстары алдымен «Түйесу» құм массивінде (Сенек ауылы) 2004 жылдары басталды. 2008 жылға дейін жүргізілген жұмыстарды Алматы қаласының география институты атқарды. Аумақтағы 440 гектар жердегі құм қозғалысы тоқтатылды. 2009-2013 жылдары аумақта 300 гектар құм тоқтату іс шараларын іске асырды. «Бостанқұм» құм сілемінде (Ұштаған ауылы) 2007-2010 жылдар аралығында ауқымды құм тоқтату шаралары іске асырылды. Нәтижесінде тұрғылықты жер маңайындағы 530 гектар аумақтық құм массиві тұрақтанды. 2011-2013 жылдар аралығында 300 гектар аумақтың құм тоқтату іс шаралары іске асырылды. 2011 жылдың аяғында Қызылқұмда (Тұщықұдық ауылы) құм тоқтату жобасы басталды. Жоба 640 гектар жер аумағынын қамтиды. 2011-2013 жылдар аралығында 300 гектар аумақта Тұщықұдық елді мекенін көшпелі құмнан қорғау жұмыстарын іске асырды. 2016 жылы құм тоқтату жұмыстары Маңғыстау ауданының Шебір ауылында басталып жалғасын табуда.

Тағы бір өзекті мәселе, Каспий теңізінің экологиясын қорғау бойынша атқарылған жұмыстар жайы. Теңізде мұнайдың төгiлуінiң алдын алу және оны жою жөнiндегi өңірлік жоспары әзірленіп облыс әкімдігінің 09.08.2016 жылығы № 249 қаулысымен бекітілді. Сонымен қатар, жер үсті өзен сулары облыс бойынша жоқ екені белгілі. Ал облыс аумағы жер асты су ресурстарымен және де Каспий теңізі айдынымен қамтылған.

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат ресурстарды пайдалануды реттеу басқармасы Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігін қорғау аясында біршама жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, 1399,5 қашықтықты құрайтын Түрікменстан шекарысынан Атырау облысының шекарасына дейін су қорғау аймақтары мен белдеулері орналастырылды. Жыл сайын Экологиялық зерттеу зертханасы Маңғыстау облысының теңіз портының және де мұнай кен орындарының Каспий теңізінің жағалауларына техногенді әсерлерін кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Осы жыл аясында Экологиялық зерттеу зертханасы Гидробиология бөлімімен толысып Каспий теңізінің гидрофлора және гидрофауна жағдайын зерттеуге мүмкіндік алды. Зерттеу жұмыстарының қорытынды есебі экология департаменті, геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясы және де мамандырылған табиғатты қорғау прокуратурасына анықталған экологиялық бұзушылықтарды жоюға шара қолдануға жіберіліп отырады.

Жылда халықаралық Каспий күні қарсаңына облыста мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады, сонымен қатар Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттердің өкілдерімен  және де халықаралық беделді ұйымдармен Каспий теңізінің биоресурстарын қорғау мәселесінің аясында түрлі шаралар өткізіліп келеді. 

Әрине, экологиялық ахуалды жақсартуға құзырлы органдар барын салуда. Десе де, қоршаған ортаны қорғау мәселелері жергілікті немесе республикалық бюджеттен қыруар қаржыны жұмсау арқылы шешіле бермейтіні айдан анық. Өкініштісі сол, қоршаған ортаны қорғаудың орнына, қазір қорлайтындар көбейген заман болып тұр. Бір ғана Каспий мәселесін айтатын болсақ, теңіз жағалауын ластануына адамдардың өздері жол беріп отыр. Демек, бұл ретте ең алдымен ой-сананы түбегейлі өзгерту қажет. Мұны тек еститін құлақ, сезінтін жүрек болса жетіп жатыр.

 

Дайындаған Нұрбол Оқуов,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Ардақ

Демалу орнына барып қоқыстарын шашып жинамай кететін ақылы кемдерге айтарым. Қайда жүрсеңдерде артарыңды жинап жүріңдер!

Болат Е

Өкініштісі Қазақстанның барлық табиғи жерлері осындай қоқысқа толы. Егер бізде адамның саны үндістандағындай болса біздің қалалар, көшелер, парктер, демалыс орындарымыз үндістандағы қалалардан да лас болушы еді! Кәзірдің өзінде ап аз-ақ халық бола түра Қазақстанның боғын ағызып жібергенміз. Міне нағыз ҰЯТ! Біз қазақ мықты халықпыз - деп көкіректі ұрып жатып айналаны қоқысқа толтырып, сапазыз тұрғын үйлер, сапазыз жолдар, сапазыз мектептер соғып, сапасыз білім береміз өскелен ұрпаққа! Өндірісіміз де жоқ, таза экологиямыз да. Бұл мықтылыққа жатпайды!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз