Бүгінде ел жұртты дүрліктірген атышулы «Синий кит» не «Тихий Дом» деп аталып жүрген интернет ойыны ата-ананы да, мектеп мекемесін де, мұғалімді де біраз әбігерге салды. Олай болатыны да орынды. Мәселе – балалар мен жасөспірімдер арасында туындағанымен өзекті. Суицидке саналы түрде жетелейтін бұл сұмдық, қауіпті психикалық ойынның БАҚ-та тарағаны сол еді, мектеп басшылығы қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында әрбір оқушыдан жаппай сауалнама алып,тағы бір интрига жасады. Ойын туралы естімегендер керісінше одан ары қыза түсіп, ол ойынның қандай тартымдылығы барлығына екі есе құмарта түскен сияқты. Тап бір секта сияқты өзіне баурайтын ойынның құмарына қаныққысы келгендер де болғаны анық. Әр жамандықтың артында бір жақсылық тұрады демекші, «Синий киттің» сырлы таяғы сынды: ресейлік желідегі топтың басшысы Филипп Вудейкин құрықталды деп істі жылы жауып қойдық. Статистика бойынша, бұл ойынның құрбанына айналған Ресейдің әр аймағынан 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің өлімі тіркелкен. Ал Қазақстанда «ҚР ІІМ мәліметінше, 2016 кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекеттер бойынша тоғыз қылмыстық іс жүргізілген, алайда олардың әлеуметтік желі арқылы жасалғаны расталған жоқ» - деген мәлімдеме жасалды. Сонда біз өз балаларымызды өлімге қиған кезден бастап, қозғалуымыз керек пе? «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» ғой, демек, қоғамда орын алып отырған бұл фактор әр балаға қалай болса да әсер етері анық. Балаларыңызды қорғаңыздар, ата-ана! Олардың болашағы – сіздердің қолдарыңызда!
Бүгінгі күні біздің басымыздан өткеріп жатқан ХХІ-ғасыр – жаһанданудың қарқынды белең ала бастаған кезі болып саналатыны бәрімізге аян.Бәріміз де еш елден қалыс қалмай, көштің басын бағындыруға бағыт ұстаймыз. Сол себепті де, дамыған өркениеттің өріне өрлеп барамыз. Ішер тамағымыз, киер киіміміз, қажет ақпаратымызды тез әрі қолжетімді етуде ешқайда бармай-ақ, үйде отырып тапсырып жасап, қалағанымызды алу бүгінде қиындық туғызбайды. Бұл, әрине, объективті түрде, дұрыс. Себебі, жылдам әрі ыңғайлы тауарды тұтыну – қарапайым қажеттілік. Дамыған ел қатарындағы Американың құрама штаттарында, Қытайда, Еуропада озық технологияның ең тиімді үлгілері қолданысқа енген бұл күнде. «Адамзат үшін ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар ғасыры болмақ, ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру – бүгінгі жас ұрпақ, сіздердің еншілеріңіз...» (Н. Ә. Назарбаев)
Интернет – қажетіңді қанағаттандырудың төте жолы. Өмірімізді бір сәтте де интернетсіз елестете алмаймыз. Бала-шаға да, ата-ана да, апа-аға да, мұғалім де бұл күнде интернеттің құлы боп тұр. Бүгінде біздер мектеп оқушыларын интернетпен оқытатын күнге де жеттік. Себебі, қоғамның сұранысы соны талап етеді. Бірақ, жаңа технология деген осы екен деп, жапа тармағай бас салудың қажеті жоқ. Кез келген дәннің құнарлысы да, яки құнсызы да болады. Біз өркениетке шығамыз деген интернеттің дұрыс жағы да, теріс әсер етер жағы да барына бүгінгі күні орын алып отырған жайлар куә. Интернет – әлдекімге ойына келгенін жүзеге асыратын қару, әлдекімге білім мен ғылымды дамытудың басты құралы. Өкінішке орай, онда пайдалы да, пайдасыз да ақпараттар жетіп артылады. Керекті де керексіз дүниелерді іздемей-ақ көз алдыңа атып шығады. Ең бастысы, керек дүниелер көп ізденісті қажет етсе, керексіз дүниелер барлық жерлерде жылтырақ дүниедей ілінеді де тұрады, оларға алданған бала батырманы басып қалса болғаны. Сананы улайтын да - осы тұс.
Бүгінгі біздің өскелең жас ұрпақтың аландайтыны ел қамы емес, олардың қазіргі бар ойы - бір сәттік құмар ойындары. Қолы бос деген баланың бүгінгі ермегі – интернеттегі онлайн ойындар. Олардың «танкілері» топ жинап, бір-бірімен телефон арқылы сөйлесіп жатқанын көрсеңіз, жанын ашиды. Түні бойы компьютерге телміріп таң атырып мектепке келген оқушының сыныптастарымен қызу талқылайтыны – сабақтың жайы емес, керісінше, ойынның кезекті турлары. «Оны неге өлтірмедің, оған неге мүмкіндік бердің, мен оны қатырдым, мен оны жаншыдым, мен оны аямадым...» сансыз бір бітпейтін «ойыншы-қылмыскердің» аузынан толастамайтын «өлтіру операциясы, қылмыстар». Тіпті, жан дүниең түршігеді жаңағы сөздерді естігенде. Ертеңгі елдің болашағы деп үміт күтетін біздің жас өркендер, жас өскелең ұрпақ, бір-бірін біліммен емес, «танкімен» атып, түбіне жетпек бе? Егер бүгінгі біздің ұрпағымыз «танкі» ойынымен атысып жүрсе, кешегі халықтың қамын ойлаған Әлихан, Мағжан, Сұлтанмахмұттар қалай туады? Ел үшін қызмет ету ұлы арманын интернеттегі онлайн ойын арқылы түсіне ме? Ойынның ойпатына түскен балада кітап оқу ойында қайдан болсын?
Мектеп жасындағы оқушылардың кітап оқымайтыны – бүгінде өте уытты өткір мәселе боп тұр. Бұған оқушыны мүлде кіналауға болмайды. Кінәлі бірден-бір адам болса, ол – билік. Ұрпағының болашағын ойлайтын адам болса, ол о бастан талап арқылы тәрбиені ұштау керек. Талап деген – тәртіп. Әрине, біздің елімізде әлі интернеттегі онлайн ойындарға белгілі заң, тосқауыл жоқ, бірақ қазіргі белең алып отырған бұл «құбыжық» онлайн ойындар біздің өскелең жас ұрпақты біліммен емес, тек жек көру, өлтіру, қарумен жарақтандырып жатыр. Неге біз осының бәрін көре тұра ешнәрсе өзгертуге тырыспаймыз? Біздің балаларымыз көз алдымызда онлайн ойынның қуыршағы, құлы боп кетіп бара жатыр ғой. Сізге бәрібір ме, ата–ана? Неге балаңызды қадағаламайсыз, жаныңыз ашымай ма, сіздің балаңыз - ертеңгі елдің келешегін жасайтын бір өрен ғой. Атақты педагог Ыбырай Алтынсариннің «Бақша ағаштары» әңгімесі есіңізде ме? Біз бұл әңгімені мектептегі оқушыларға оқытып әлекпіз, сонымыз теріс-ау шамасы, ең бірінші ата-анаға оқытуымыз керек. Себебі, әр ата-ана білу керек: баланың өсупроцесінде жүріп жатқан кезеңінде көріп, естіп, қолданып, өзі тікелей қатынас, байланыс жасаған нәрсесі алдағы өміріне әсер етпей қоймайды. Демек, оған қандай күтім жасасаңыз, сондай нәтиже аласыз. Дұрыс көңіл бөлсеңіз, «түзу, биік ағаш» секілді боп өседі, ал дұрыс көңіл бөлмесеңіз, «қисық ағаш» кейпін кешеді. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел - құл болмайды.» - дейді батыр Бауыржан Момышұлы. Технология суық қару болған заманда сіздің балаңызға темірдей берік талап пен тәртіп керек, онсыз балаңыз құл.
P.S: Данышпандармен дауласа алмаймыз ғой, ендеше солардың сөзіне құлақ түрейік: олар «бала – балшық тәріздес, оған қандай пішін берсең, сондай боп қалыптасады» деген. Неге осы біз балалық кезең деп қақсай береміз? Оның өзіндік себебі бар. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Жастық шақта алған білім –тасқа ойылған нақыш» деп тіліп айтады. Демек, балаңыздың жастық шағында естіп-көрген білімі жадында мәңгілік сақталып қалары сөзсіз. Бұл – ғылым дәлелдеген теория. Себебі, жастық шақтағы есте сақтау қабілеті мен қабылдау қабілетінің потенциалы егде жастан әлдеқайда жоғары. Сондықтан, балаларымыздың осы бір өтпелі кезеңдегі әр қимылына, көзқарасты неге, қайдан сүйеніп алғанын бақылау – сіздің міндетіңіз. Баланы тәрбиелеп, елге де, өзіне де, өзгеге де пайдалы іспен айналысуын қамтамасыз ету – сіздің жауапкершілігіңізде!
Тамбай Жайнагүл
Рентабельный ОМ-нің мұғалімі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі