Өлең, жыр, ақындар

Бала тәрбиелеу мәселесінде шектеу қою міндет пе?

Адамзат Жаратушының қалауымен дүниеге келгенімен, ата-анасының ықпалымен өмірге бейімделеді. Анасы мен әкесінің қамқорлығында есейіп, қоғамда орны бар тұлғаға айналады. Алайда баланың жеке тұлға  болып қалыптасуы күрделі процесті құрайды.  Бұл процесте отбасының орны ерекше маңызды рөл атқарады. Сондықтан да ата-ана мен бала тақырыбы қоғамда өзектілігі жағынан мінберден түспейтін мәселе болып табылады. Себебі, отбасы- қоғамның негізгі тірегі.

Баланы жоспарлап, дүниеге әкелу бір бөлек те, оны әлеуметтендіріп, бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп тәрбиелеу бір бөлек. Баланы дүниеге әкелген әке мен ана оның кәмелеттік жасқа жеткенше өміріне жауапты жандар ретінде есептеледі. Демек, бала 18 жасқа дейін  психологиялық және физикалық түрде ата-ана ақылы мен көмегіне зәру болғаны.

Баланы көңілдің гүлі, көздің нұры деп ерекше жақсы көретін халқымыз оның тәрбиесіне де баса назар аударған. Тарихымызда бала ұтымды ой айтып, кемеңгер даналарды аузына қаратқан тарихи тұлғаларымыз да жоқ емес. Сонымен қатар, ол заманда, бүгінгі біздің бала деп еркелетіп жүрген жасөспірімдерімізді, 13 жас отау иесі деп, оған отбасылық өмірге жауапты ер-азаматтың жауапкершілігін жүктеген. Алайда бұл тарихтың еншісінде.

Бүгінде, жаңа заман. Адамзаттың өмір сүру бағыты ғана емес, мінез-құлқы да заман ағымымен өзгерген. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас та өзгеріске түскен. Бала тәрбиелеу заман ағымына қарай қиындап кеткен деуге де толық негіз бар. Бала тәрбиелеу үшін ата-ананың алдымен өз тәрбиелеріне көңіл аударуы тиіс. Содан соң бала тәрбиесіне бел шеше кіріскені жөн. Алайда көп жағдайда, ата-ана бала тәрбиесінде тепе-теңдікті бақылаудын шығарып алып жатады. Сол тепе-теңдіктің бір жағында тақырып турасындағы “шектеу” деген ұғым тұрады. Осы тұста, пікір білдірушілер, екі тарапқа жіктеледі. Біреулері, баланы шектеу арқылы түрлі жаман әдеттерден сақтап қалуға және тәрбиелеуші уысында берік ұстауына болады десе, енді біреулері, баланы шектеу арқылы оны түрлі мүмкіндіктерден айырып, мінезіне жасықтық қалыптастырамыз дейді. Баланы шектеу оның тәрбиесіндегі оз орны мен нормасы бар тармақ болуы қажет. Дегенмен, бүгінде көпшілік ата-аналар, балаларын шамадан тыс шектеп, тәрбиесін керісінше ақсатып алатын жағдайлар көп кездеседі. Осы тұста, сөзге тұздық ретінде, еліміздегі атақты әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың:”Баланың тілін шыққанын асыға күтеміз де, тілі шығып, әр нәрсені сұрап, шамалы көп сөйлей бастағанда, аузыңды жапшы деп ұрысамыз, ал тәй-тәй басып жүргенін күтіп, ол бөлме арасында шарқ ұрып жүгіріп жүрсе, бір орында отырмайды деп шағымданамыз” деген сөзін саралай кетсек, астарлы әзілден, балаларды шектеудің алғашқы сатылары осы кезден басталып кететінін аңғарамыз. Сөйлейтін баланың сөзін бөгеп, оның тіл дамуын тежейтініміз өз алдына, оның сұрақтарын қанағаттандырмағандықтан баланың ақыл-ой жүйесіне алғашқы жауапсыздықты  ата-ана енгізеді. Ата-ана тарапынан болатын осы шектеу бала өскен сайын ұлғайып, баланың мүмкіндіктеріне тосқауыл болуы әбден мүмкін. Әрине, қазіргі заманда, бала үшін алаңдайтын себептер көп. Қоршаған ортада жас өсіп келе жатқан тал шыбықты майыстыруға дайын сан мыңдаған факторлар бар. Баласының үйден шыққаннан бастап қайта аман оралғанын тілеуші әке мен ананың перзенттеріне қатысты барша алаңдаушылықтары қалыпты жағдай. Елдің болашағы деп санайтын жеткіншектер тағдыры тек отбасын емес барша қоғамды алаңдатуы тиіс. Осыны ескере тұра, баланы бақылаусыз еркіне жіберу тағы қате.

Баланы осы жағымсыз факторлардан алыс ұстаудың кілті - шектеу емес. Ата-аналар көп тұста баланы бақылау мен шектеуді шатастырып алып жатады. Кең мағынада үңілсек, баланы бақылап, оның жаман әдеттерге бой алдырмауын қадағалау бір бөлек те, оны бақылауды шектеумен алмастырып, тыйым салу шараларын жасау мүлде бөлек. Бір анығы, баланы қатаң шектеулер арқылы тәрбиелеу мүмкін емес.  Тек балаға, жақсы рухани қасиеттерді үйретіп, бойына адамгершілікті сіңіріп, оның өмірінің маңыздылығын ұғындырып, жақсы мен жаманды ажырата білуге баулыған жөн.

Баланы шектеу әр баланың жеке мінезінің қалыптасуына да әсер етеді. Шамадан тыс шектеу көрген бала мінезінде тұйықтық пен ынжықтық пайда болуы мүмкін, ал кей жағдайларда тіптен қамқоршыларына деген іштей наразылық пайда болып, әкесі мен анасына деген ерегесушіліктер де орын алуы ғажап емес. Мамандардың айтуынша, балаға “ол нәрсеге тыйым саламын, олай істеуге болмайды, бұл мүмкін емес” деген шамадан тыс қаталдықтың орнына, “мен саған сенемін” деген сөзді жиі айтқан дұрыс. Бұл сөздер баланы жастайынан жауапкершілікті сезініп, жетістіктерге жетуіне жағдай жасайды екен. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, еш шектеусіз баланы бетімен жіберу оны елсіз далада адастырумен тең. Ал қатаң шектеу қойып, тыйымдарды көбейту баланы оқшаулауға апарып соғады. Шектеу дұрыс емес деп, тілге тиек етеріміз оған толықтай еркіндік беру емес. Отбасы мүшелері белгілі бір нормада балаға ықпал етуге толық құқылы. Жоғарыда аталғандай, ата-ана перзент тәрбиелеу барысында  таразы басын тең ұстағаны абзал. Себебі бүгінгі бала- ертеңгі ел болашағын тізгіндеуші азамат.

Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және әлем тілдері университеті Журналистика факультетінің 2 курс студенті Искакова Адэлина Аленовна


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз