Өлең, жыр, ақындар

Марвин Химейер – Американың соңғы қаһарманы

Бұл оқиғаның соңы қайғылы аяқталды. Колорадо штатының Грэнби деген елеусіздеу, кішкентай қалашығы Американың соңғы қаһарманы Марвин Химейердің (28-қазан 1951 ж. – 4-шілде 2004 ж.) ажал құшқан мекені болды.

52 жасар дәнекерлеуші Марвин Химейер (Marvin Heemeyer) Грэнбиде автокөлік басқыштарын жөндеп, ешкімге соқтықпай, қарапайым тіршілік етіп жүрген. Бір күні Mountain Park жергілікті цемент зауыты өз аумағын кеңіткісі келді. Бірақ Марвиннің шағын жөндеу шеберханасы оған кедергі келтіріп тұрған еді. Олар Химейер мен оның басқа көршілерін жерлерін сатуға мәжбүрлей бастады.   

Қарапайым халық әлсіз, ал корпорация үлкен әрі күшті. Ұзақ текетірестен кейін зауыттың барлық көршілері амалсыздан өз жерлерін сатып, басқа жаққа көшіп кетті. Бірақ, Химейер орнынан тапжылмады. Ол шеберханасы мен дүкені бар жер телімін біраз жыл бұрын аукционда қомақты ақшаға сатып алған болатын. Ол үшін Денвердегі үлкен автокөлік жөндеу орталығындағы акциясының үлесін сатқан. Сондықтан, өзінің заңды меншігінен айырылғысы келмеді. Заңды түрде де, заңсыз түрде де қанша әрекет жасағанымен, зауытқожайындары оның жерін ала алмады.

Мәселені қандай жолмен де шеше алмасын білген зауыт қожайындары Марвинді қыспаққа алмақ болды. Химейердің шеберханасының айналасындағы барлық жер зауыт иелігіне өтіп кеткендіктен, олар оның үйіне кіретін барлық жолды қоршап тастады. Ал Марвин болса өзіне басқа жол жасап алмақ болды. Ол үшін тіпті есептен шығып қалған Komatsu D355A-3 бульдозерін сатып алып, оған қозғалтқыш орнатты.

Қала әкімшілігі жаңа жол салуға рұқсат бермеді. Ал банктегілер ипотекалық несиені алға тартып, оның үйін тартып аламыз деп қорқытты. Химейер әділдік орнатпақ болып, Mountain Park зауытын сотқа берді. Бірақ, сотта жеңіліп қалды. 

Бірнеше рет оған жеке сауда салығы жөніндегі салықшылар мен өрт инспекциясы келіп мазасын алып, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау оның шеберханасында «санитарлық нормаларға жауап бермейтін суағар орналасқандықтан» 2500 доллар айыппұл салып кетті. Суағардағы қалдықты ағызып жіберу үшін кәріз жүйесіне қосыла алмады. Өйткені арық қазатын жер зауыттың иелігінде еді. Ал зауыт Марвинге ешқашан рұхсат бермейді. Марвин айыппұлын төлеп, түбіртектің сыртына «Қорқақтар» деп жазып, өткізді. 

Біраз уақыттан кейін (31-наурыз 2004-жыл) оның әкесі қайтыс болады. Марвин әкесін жерлеуге кеткен кезде, оның жарығын, суын өшіріп, шеберханасын таңбалап кетеді. Осыдан кейін ол шеберханасына кіріп, бірнеше ай бойы ешкімнің көзіне түспей жатып алды. 

Ал бұл уақытта ел мақтаған америкалық әділеттіліктен көңілі қалған Химейер кек алу үшін құрышталған бульдозерін жасап жатқан еді. Ол өзінің Komatsu-ын бір сантиметр цемент қабаты бар 12 миллиметрлік құрыш табақтармен қаптап шықты. Сырттағы бейнені кабинаның ішіндегі мониторда көрсететін телекамера орнатты. Камераны шаң-тозаңнан тазалайтын тазарту жүйесімен жабдықтады. Сауысқандай сақ Марвин азық-түлік, су, газқағар және қару-жарақты да (Barrett M82 винтовкасы, Ruger AC556 карабаны, оқтары бар Magnum тапаншасы) ұмытпады. Алыстан басқару көмегімен ол шассиге құрыш қақпақты түсіріп, өзі ішінде қалды.  Бұл құрыш қақпақты бульдозердің кабинасына түсіру үшін Химейер өзі жасаған көтергіш кранды пайдаланды. «Оны түсіргеннен кейін Химейер машинадан ешқашан шыға алмайтынын түсінді» - деп мәлімдеді полиция сарапшылары.

2004-жылдың 4-шілдесінде, сағат 14:30-да  Марвин өзінің танкіне мініп, гараждан шықты.

Марвин кек аламын деген нысандардың тізімін алдын-ала жасап алған болатын. Ол әуелі зауыттың басқару ғимаратын, өндіріс цехын және ең соңында қоймасын бұзып-жарып, зауыттың тас-талқанын шығарды.  Содан кейін қалаға қарай бет алды. Қалалық кеңес мүшелерінің үйлерін қопарып тастады. Ипотекалық несиесінуақытынан бұрын төлеуді талап еткен банктың ғимаратын бұзды. Айыппұлын төлесе де, асүйдегі газ баллонын толтырып беруден бас тартқан газ компаниясының ғимаратын сүріп тастады. Одан әрі әкімішілікті, қалалық кеңес кеңсесін,  өрт сөндіру күзетінің ғимаратын, тауар қоймасын, қала мэріне тиеселі бірнеше тұрғын үйді түк қалдырмай бұза бастады. Жергілікті газет редакциясы мен көпшілік кітапхана да Марвиннің тізіміне кірген екен. Қысқасы, Марвин жергілікті билікке кішкентай болса да қатысы бар барлық ғимараттар мен тұрғын үйлерді жермен-жексен етті. Мұны өте мұқият жасағаны сонша, қаланың басқа нысандарына титтей де зарар келген жоқ.

Әрине, Химейерді тоқтатуға тырысты. Әуелі жергілікті шериф көмекшілерімен келді. Содан кейін жергілікті полиция тапаншаларымен, бытыралы мылтықтарымен көмекке келді. Дабыл соғылып жергілікті SWAT жасағы да көтерілді. Одан кейін оларға орманшылар да келіп қосылды. SWAT жасағында жарылғыш болды, орманшыларда шабуылдаушы винтовкалар болды. Батылдау бір сержант шатырдан бульдозердің капотына секіріп түсіп, шығару құбырына жарықшулы жарылғышты тастамақ болып талпынды. Бірақ әккі Химейер ол жерге тор орнатып тастапты. Бұдан тек бульдозердің құбыры ғана зиян шекті. Көз жасауратқыш газдармен де жүргізушіні ала алмады. Мониторды газқағармен де жақсы көруге болатын еді. Бульдозерді тоқтату әрекеттерінің бәрі сәтсіз аяқталды. 

Химейер құрыш көлігінен тесіп жасаған ұңғыдан жиі-жиі оқ атып тұрды. Бірақ, оқтан бір де бір адам зардап шеккен жоқ. Өйткені ол оқтың бәрін аспанға қарай, бастан асырып атты. Ол кінәсіз адамдарды жарақаттап алғысы келмей, тек қорқыту үшін ғана оқ атқан еді. Мұнысы сәтті болды. Полиция оған жақындауға батылдық таныта алмады. Орманшыларды қосқанда, сол кезде қырық шақты адам жиналып қалған еді. Осы уақыт аралығында бульдозерге қызмет револьверлерінен бастап М-16-ға дейін және жарылғыштардықосқанда 200 рет шабуыл жасалды. Оны үлкен скрепермен (жер қазатын көлік) де тоқтатпақ болды. Алайда, Komatsu скреперді еш қиналмастан дүкеннің алдына қарай ысыра салды. Химейерге қарсы жіберген жарылғыш толтырылған көлік те еш нәтиже бермеді. Марвинге қарсы шабуылда полицейлердің қол жеткізген жалғыз жетістігі – бульдозердің радиаторына жанай тигізген оқтары болды. Жер қазу жұмыстарындағы тәжірибе көрсеткендей, мұндай бульдозерлер суыту жүйесі толық істен шықса да бірден тоқтап қалмайды.

Ақыры соңында амалы қалмаған полиция – 1,5 мың тұрғынды қауіпсіз жерге көшіріп, Денверге бастайтын №40 негізгі федералды жолды (федералды жолды жауып тастау бәрін дүр сілкіндірді) қосқанда,  барлық жолдарды жауып тастады.

Марвин «Гэмблс» деген шағын дүкенді де жермен-жексен етпек болды. Бірақ, дүкеннің үйіндісінің астында қалған бульдозер кенет тынши қалды. Бұл тыныштықты тесілген радиатордан ысқырып шыққан будың даусы ғана бұзды. Үстінен шатыр құлаған бульдозер сол күйі орнынан қозғалмады.

Әуелде полицейлер біраз уақыт бойы Химейердің бульдозеріне жақындауға қорықты. Содан кейін дәнекерлеушіні «құрыш қамалынан» (үш пластик заряд күткен нәтижені бермеді) алып шығу үшін құрышқабатты тесуге амал жасады. Олар Марвиннің соңғы құрып қойған қақпаны болса, соған түсіп қалармыз деп қауіптенді. Автоген арқылы құрыш қабатты әупірімдеп әрең тескен сәтте Марвин тірі емес емес еді. Соңғы оқты Марвин өзіне қалдырыпты. Жауларының қолына тірідей түсуді өзіне сын санаса керек-ті. 

Марвиннің күресінің салдарын Колорадо штатының губернаторы «Қала торнадо жүріп өткендей болды» деп дәл сипаттап берді. Қалаға 5 000 000 доллар, ал зауытқа – 2 000 000 доллар шығын келді. Мұндай кішкентай қалашық үшін бұл орасан шығын еді. Ал зауыт болса, сол күйі бас көтере алмады. Өз жерін қирандымен қоса сатып жіберді.

Содан кейін тергеу басталды. Химейердің жасаған бульдозерінің өте мықты болғаны сонша, оны жарылғыш қана емес, артиллериялық снаряд да жара алмапты. Әуелде бульдозерді тұғырға орнатып, қаланың көрікті жеріне қоймақ болды. Бірақ көпшілік оны қайтадан ерітіп жіберуді қалады.

Химейердің бұл оқиғасын естігендер екіұдай күйге түседі. Бір жағынан, бәрін жермен-жексен еткен әлеуметке қарсы әрекет әдетте, айыптауға лайық. Ал екінші жағынан – Химейердің бұл әрекеті АҚШ-тың және бүкіл әлемнің көптеген тұрғындарының қолдауына ие болды. Марвин Химайерді үлкен бірлестіктер мен мемлекеттік күшке қарсы күресте басымдығын көрсетіп, қарапайым халыққа әлімжеттік жасайтын әлеуметтік әділетсіздікке қарсы шыққан «Американың соңғы қаһарманы» деп атап кетті. Көптеген адамдар Марвин Химайерді өз құқығы үшін әділетті жолмен күресуін мақтауға лайық деп есептейді. Өйткені оның кішкентай соғысында тек өзіне әлімжеттік жасаған адамдардың мүлкіне зиян келді, одан бір де бір бейбіт адам зардап шекен жоқ.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Хамидолла

Нағыз қаҺарман деп осыны айт, жалғыз өзі барша системаға қарсы

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз