Егесінің іс-қимылын басқарып, оны зомбиге айналдыратын паразит, бейне бір қорқынышты фильмнің сюжетіндей, келісесіз бе? Алайда мұндай организмдер шынайы өмірде кездеседі және жаңа ғылыми зерттеулер олардың ойлағанымыздан әлдеқайда қорқынышты екенін көрсетті.
Бір бүйірлі кордицепс деп аталатын паразиттің ағаш тескіш құмырсқаларды колонияларын тастап, саңырауқұлақ үшін тиімді жерде бекінуге мәжбүрлейтіні белгілі, осылайша ол құмырсқалардың іс-қимылын басқарады екен. Содан кейін саңырауқұлақ құмырсқаның басынан өсіп шығады да, өзге құмырсқаларға жұқтыра отырып, спораларын таратуды жалғастырады.
Алайда, құмырсқаның зомбиге айналу меxанизмі осы уақытқа дейін белгісіз болған. Пенсильвания штатының Университетінен шыққан америкалық ғалымдар бір бүйірлі кордицепс егесінің бүкіл денесіндегі бұлшықет талшықтарына енеді деген болжам жасады.
Зерттеушілер паразит пен құмырсқаның өзара әрекетін клеткалық деңгейде қарастырып, кордицепстің тіндерге тән метаболиттерді бөліп шығаратынын және құмырсқа генінің айқындалуында өзгерістер, сондай-ақ төменгі жақ бұлшықеттерінде атрофия тудыратынын байқады. Алайда, саңырауқұлақтың бұл меxанизмдерді қалай басқарып, бағыттап отыратыны әлі де түсініксіз еді. Соны анықтау мақсатында ғалымдар ағаш тескіш құмырсқаларды паразитпен арнайы жұқтырды да, кейіннен саңырауқұлақтың егесінің денесіне басқаруды қалай орнататынын білу үшін сол үрдістің 3D-визуализациясын құрастырды.
Жасанды интеллекттің алгоритмін пайдалана отырып, зерттеушілер суреттерді талдаудан өткізіп, паразит клеткаларының құмырсқаның басын, кеудесін, құрсағы мен аяқтарын қоса алғанда бүкіл денесіне таралатынын анықтады. Егесінің қимыл-әрекетін басқару үшін саңырауқұлақ клеткалары бірыңғай жүйе құрастыра отырып, белгіленген тәртіппен жұмыс жасады. Шындығында, паразит жұқтырған құмырсқа енді құмырсқа емес еді. Ол құмырсқадан жасалған “етті сауыттағы” паразит-саңырауқұлаққа айналған десек дұрысырақ болар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
М.Амина
кандай сумдык мынау