Өлең, жыр, ақындар

Кітапхана - білім беру мекемесінің ақпараттық орталығы

Кітапхана - білім беру мекемесінің ақпараттық орталығы Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан – ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл – ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Онсыз, яғни кітапсыз өмір сүру XXI ғасырда мүмкін емес екендігі мәлім. Кітап қана дәл мәнді білім береді, себебі ол адамды терең ойлауға жетеледі. Әр адам кітаптың бетін ашқан сайын оның әлемінің тылсым табиғаттын, жаңа құндылықтарды үйренеді. "Наданмен дос болғанша, кітаппен дос бол" деп текке айтылмаған. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» - деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. «Кітап маған тақтан да қымбат», - деп Шекспирдің берген бағасы, бүгінде, осы асыл қазынаны оқуға деген құлшыныстың төмендеуі көңіл қынжылтады. Жас ұрпақтың санасында туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезім ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт - дәстүрін аялай, ардақтай білуге тәрбиелеу кітаптың еншісінде. Өкінішке орай көркем әдебиетке деген өз бетімен балалардың қызығушылығы азайды. Әдебиетке деген құлықсыздық пайда болды. Оның себептерін күнделікті қолданысқа енген ғалам тор, компьютер секілді құралдардың әсері деп білеміз. Бала кітап оқып, ойын қорытудың орнына теледидардан дайын өнімдерді көруге бейім. Мұның барлығы балалардың кітап оқуына үлкен кедергі келтіреді. Осы турайда әдеби кітаптың оқылуы үшін кім қандай күш жұмсауы тиіс деген қисынды сауал туады. Кітапханашылар жас ұрпақты әдебиеттен тыс елеңдететін ақпарат түрлері көп, қазақ тілінде балаларға арналған әдебиеттер тым аз деп шырылдайды. Кімде де болса білімділікке сәл-пәл болсада құштарлығын дамытуға көмектеседі. Кітап оқыған адамның шетте калмасы анық. Қоғамымыздың рухани әлемін жұтаңдатып әкетіп бара жатқан осы мәселеге ден қоюымыз да тегін емес. Жұртшылық арасында кітапханашыларды «руханият шырақшылары» деп те атайды. Орынды сөз. Оңтайландыру тұсында көп кедергілерге ұшыраған саланың қазіргі таңда басына бақыт құсы қайтадан қонғандай. Кітап қоры молайды. Заманауи қондырғылармен жабдықталуы да көңіл көншітеді. Соған орай кітапханашыларға жүктелер міндет те, қойылар талап та күшейді. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы 90 жылдан аса тарихы бар қарашаңырақ Мақтаарал гуманитарлық –экономикалық және агробизнес колледжінің оқу базасындағы кітапханада атқарылып жүрген игі істер жайында болмақ. Бүгінгі таңда кітапхана оқушылардың және тұрғындардың жан-жақты ақпараттық қажеттілігін ескеретін әлеуметтік орын саналады. Кітапханада заманауи технологиялардың көмегімен үрдістерді дамыту, электронды мәліметтер базасын жинақтау, анықтамалық және библиографиялық қызметте әлемдік ақпарат жинаушы ғаламторды пайдалану сынды қызметтер ұсынылған. Кітапхана соңғы улгідегі компьютерлермен қамтылған. Кітапханашылардың ұйымдастыруымен жергілікті ақын-жазушылар, танымал тұлғалармен кездесу ұйымдастыру жолға қойылған. Жаңа кітаптың тұсаукесері, оқырмандар конференциясы, өзекті мәселелерге қатысты дөңгелек үстелдер, алуан тақырыпта интеллектуалды ойындар, пікір-таластар көпшіліктің қызығушылығын туындататын алуан түрлі тақырыпта мәдени-қоғамдық іс-шаралар өткізіледі. Қандай сала болмасын кəсіби жетілу кітапхананың көмегінсіз мүмкін емес. Өмір өзгереді, адамдар өзгереді, кітапхана да жаңа мазмұнға ие болады. Жаңа ақпараттық технологияларды қолдану тәсілдері: электронды каталог, электронды оқулықтарды компьютер арқылы оқу, аудио-видео материалдар көмегімен ақпарат алуда қолайлы және тез арада оқырмандар сұранысын қанағаттандыруда. Ғылым мен білімнің негізі болып табылатын кітап пен білім ошақтары - бірінен-бірі ажырағысыз рухани қазыналар. Өйткені оқу-тәрбие үрдісіне кітаптың қосар үлесінің өлшеусіз екендігі ақиқат. Кітап-рухани прогрестің кепілі, ер мен елді , мемлекет пен мемлекетті жақындастырар, түсінкке бастар аса маңызды рухани фактор. Кітап - әлемдегі ұлы күш. Ол сананы нұрға бөлеуші. Кітапқа қызықтыру - білімге қызықтыру. Колледж кітапханасы – оқу орнының жүрегі, бір бөлігі. Жаңа заман компьютер дәуірі болғанымен рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы-кітапхана. Сондықтан да, оқу орнының кітапханасын - білім беру мекемелерінің ақпараттық орталығы деп айтамыз. Қолданылған әдебиеттер тізімі: 1. Кәрішалова К. Кітапхана жаңа ғасыр мәденитетінде (балалар әдебиеті проблемалары)// Саясат. - №3. - 2006. - 28-29б. 2. Дүтбаева Н. Кітап неге оқылмайды: себеп пен салдар// Қазақ әдебиеті. - 2009. - 30 қаңтар. - 1-3б. 3. БАҚ 4. Интернет желісіндегі ақпарат көздері


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз