... — Ассалаумағалейкум, аға, деп қосарлана жамырай шыққан дауысқа бұрылғанда, оң жақ бүйінінде төрт-бес қадам жерде тұрған үш жігітті көрді. Сәлемді ала бере әлгілердің жүзіне таңырқай көз жүгіртіп шықты. Үшеуі де ақ тақия, ақ туфли, ақ шалбардың сыртына бос қоя берген ұзын етек ақ көйлектің үстінен қара желеткі киіп, сақалдарын қоя берген. Жас шамасы жиырманың о жақ, бұ жағындағы мына жігіттердің сырт тұрпаты бұған оқшау көрінді.
— Аға біз уағыз айтамыз, сіз сияқты үлкен адамдар мұсылмандықты біле бермейді, алдымен бес парызды үйретеміз, бірінші иманнан бастаймыз, – деп, дөңгелек сақалды жүзіне салиқалық беруге барынша тырысқан толықша қараторы жігіт:
— Мына серігім, – жанындағы ұзындау арық сарыны иегімен нұсқап, - Қазір иман айтады, сіз ілесе қайталайсыз, – деп бұның аузын ашуға келтірмей жөн үйрете жөнелді. Бағанадан кешігіп жатқан трамвайды тоса-тоса аялдамада тағаты таусыла бастаған бұған мына жәйт әрі қызық, әрі ермек көріне бастады.
— Аға, мен буынға бөліп, созып айтам, сіз қайталайсыз, - арық сары иегіндігі бес-алты қылды бір шымшып, тамағын кенеп ап, - Лә-иллаҺа илла аллаҺ, - деп, бұған иек қақты, «қайтала» дегені болар, бұл үндемеді.
— Жайлап айт, - деді арық сарыға толықтау басшысы.
— Лә-иллаҺа илла аллаҺ..., - деп, анау қайта созғанда бұл:
— ...Мұхамадүр расул-аллаҺ-деп жалғады.
— Аға, сіз біледі екенсіз ғой, бағанадан неге айтпайсыз, - шоқша сақалын барынша өсіріп, төсіне түсіріп жіберген үшінші жігіт араласты.
— Оған мына бауырларым мұрша берді ме, - бұл аңырып қалған алғашқы екеуін нұсқап күлді, - Мені екі айналымға келтірмей мұсылман жасауға кірісті емес пе... Осы арада өздеріңнің кім екендеріңді сұрап үлгірейінші, қайдансыңдар, көше аралап уағыз айтқанды сендерден көрдім бірінші рет...
— Біз осындағы университеттенбіз, сабақтан кейін мешітте дәріс аламыз, - толықтау жігіт бастапқы қалпына келіп, маңғаздана сөйледі, - Содан соң осылай уағыз айтамыз.
— Мақсат не сонда?
— Мақсат адамдарды дін жолына бұру, оларға мұсылмандық тәрбие беру, кеңестік дәуірде тұралап қалған дінді қалпына келтіру. Жігіт жаттанды сөздерді кітаптан оқығандай заулатып тұр.
— Онда... Маған мынаны түсіндіріп беріңдерші, Лев Толстойдың «Казактар» деген хикаятын оқыған шығарсыңдар?.. – Бұл үшеуіне барлай қарағанмен, олардың түрінен «оқыдық.., оқымадық»- деген нышанды байқамаған соң, одан әрі қызулана қаузай берді. – Сонда, «...өзеннің ар жағынан “Лә иллаһа илла аллаһ...”-деп қосылып салған шешен күзетінің діни өлеңі естіледі» - деген. Мен мазмұнын айтып тұрмын, сөзбе-сөз емес, түсінесіңдер ғой, ә..?, - аналар дүдәмәлдана бастарын изеген соң, - Енді сендер маған ұғындырыңдаршы, сонда шешендер тіріде имандарын үйіріп жүре ме, әлде, бар мұсылман осылай істеу керек пе?..
Сәл мүдірістен кейін толық жігіт тағы да жол тауып кетті:
— Аға жүріңіз мешітке барайық, онда имам бар, кезекші молдалар бар, кеңінен отырып әңгімелесеміз, сіздің сұрағыңызға толық жауапты сонда береміз.
— Жоқ, бауырым, мешітке мен онсыз да барам қажетінде, ал қазір, қалаға келген шаруамды бітіруім керек, - деп, тарс-тұрс етіп кеп тоқтаған трамвайдың артқы есігіне ұмтылған көпке қосыла беріп, бұларға қайта бұрыла – «Дүмше молда дін бұзар» - дегенді естеріңде ұстаңдар, - деді.
... Одан бері де жылға таяу уақыт өткен осы уақиғаның бүгін еске түскені – бағана моншадан келе жатып Науанды көрген. Иә, бұнымен бір кеңседе, бірақ, басқа бөлімде екі жылдай қатар істеп, биыл наурыз тойыныңалдында жұмыстан шығып, қалаға кетіп қалған Науан. Бір бөлімнің есеп-қисабы, компьютерлік операциялар, мемлекеттік мекеменің толып жатқан іс-қағаздарының үлкен үлесі Науанның мойнында екенін және басқалар қажып істейтін сол шаруаларды оның ойнап бітіретінін бұл көріп жұретін. Оның іскерлігі жоғарыдағылардың да назарына іліге бастаған. Бұған әсіресе ұнайтыны – Науанның мінезінің жұғымдылығы мен ойының ұшқырлығы еді. Бірер рет онымен бірге істейтін Әнипаның «Он в кабинете намаз читает, госучреждение в богодельню превратил, придурок...» - деп бұрқылдап жүргенін естіген. Сөйтсе... қазірше айтқанда, Науан дін жолында екен... Жас жағынан бұл оның әкесінен де үлкен болғанмен, екеуінің әңгімесі жарасатын-ды. Қандай мәселені Науан бұл пәнидің баянсыздығына, мәңгілік шын ғұмыр бақида екендігіне жеткізіп қорытындылайтын да, «... Аға, бұл дүниеде кішкентай бір жақсылық жасасақ, ол біздің бақилық ғұмырымызға салған депозитіміз, сондықтан байлық, қызмет, отбасы деп асыра сілтеуге болмайды, ол – күнә. Күнәдан таза болсын деп, Аллаһ тағала бізге сана берген, сол үшін де мұсылманның бес парызын әрқайсымыз өтеуіміз керек» - деп көсілетін. «Аға, мешітке келіңіз, сонда сізден үлкен адамдар да уағыз тыңдап жүр қазір, өзіңіз тазарып, жеңілдейсіз» - деп бұны да, басқаларды да үгіттейтін. Бұл жиырма беске толмаған балаң жігіттің осы сөздерін алғашында қызық көрген. Соңынан көңіліне күдік кіре бастаған. Неге бұл жап-жас бала өз кезеңінің қызығынан жерінеді, неге үй болуды, қызметті ойламайды, намаз оқығаны, ораза ұстағаны жөн-ақ, неге ылғи пәниді тәрк етіп, бекетте көлік тосқан жолаушыдай, о дүниеге аттанып кетуге әзір сияқты жүреді. Бірдеңе дұрыс емес-ау, сірә... Сонан да Науанның діни деңгейін барламақ болған. Бұның бір жаман әдеті – ойға алған нәрсесін қажеті болсын, болмасын түбіне жетіп, қарсы жақты мүдіртуге ұмытылатын сыңарезулік еді.Оның үстіне қазір ғаламтордың заманы, кез-келген ақпаратты сәтте тауып береді, тек басына сидыра біл де орнымен пайдалан. Ал, жадының мықтылығына бұның өкпесі жоқ-ты. Содан бұрын өзі қашқақтап жүретін осы салаға қойып кетсін. Сөйтсе, бұл дін дегеніңіз – ғылым ба, саясат па, қиял-ғажайып па, экономика-ма, әлде осының бәрі ме, қсықасы, мынау жалғанға өзі де білмей келіп қап, өлшеулі ғұмырын жер басып өткізіп жатқан біз сияқты міскін пенделердің қолы жетпейтін, тісі өтпейтін тылсым дүние екен. Ал, Науан сияқты уағыз айтушылардың қайсысымен болсын дауға түсетіндей ақпар жинағаны анық-тын. Бұл өстіп жүріп қыстың аяғы, қолайсыз уақытта екі жылғы демалысын зорға алып, толассыз боран-шашыннан ешқайда шыға алмай, Интернетке телміріп үйде жатқанда, Науан жұмыстан шығып, қалаға тартып отырыпты-ау.
Сол Науан қалаға кеткен соң жұрт «Ойбой, ол оқуға Аравияға кетіпті, жоқ оқуға емес, ғазауат жүріп жатқан бір елге соғысқа кетіпті, олай емес екен, Қазақстанды аралап кісілерді мұсылмандықтың теріс ағымына тартады екен, қызметінің аты далауатшы, бұрынғыша – диуана, дәруіш сияқты...» - деп біраз дүрліккен де басылған...
...— Ассалаумағалейкум, аға, - Науан қашанғы ақжарқын көңілімен мұны құшақтай кетті – Қалайсыздар, көрмегелі көп болды, денсаулығыңыз жақсы ма, апайдың жағдайы қалай?
Бұл да өз ретінде хал-жай сұрап қауқылдасып қалған, Науанды көргеніне қуанғаны рас-ты, «үйге жүр, шәй іш» - деген.
— Аға, сізге әдейілеп амандасу өзімнің ойымда да болған. Қазір мынау үйде бірге келген жолдас жігіт тосып отыр, – қарсы алдындағы екі қабатты үйді нұсқады, - Бір шаруаны бітіріп тастайын да барайын сіздердікіне.
— Жолдасыңды да ерте кел, - деген бұл.
... Науанның серігі одан ересек көрінеді. Аты – Амангелді, өздері Аман дейді екен, бұл тәптіштеп сұрағанда айтқаны, өзі біздің ауданнан, қалада заңгер боп жұмыс істеген, екі жоғарғы білімі бар, үйленбеген. Бұдан әрі «Балаларға шәй ішкіз тергей бермей, үлгересің әлі...» - бәйбішесі тежеген соң барып, бұл да қонақ жігіттерді дәмге шақырып, күтуге кіріскен. Шайдан соң есік алдындағы биік алма ағаштың түбіндегі сәкіге жайғасқаннан кейін ғана жай сұраған. Сөйтсе, елге тараған қауесет, шындыққа саятындай. «Ауыл аралап, уағыз айтып жүрміз»-дейді екеуі де сенімді үнмен. Сөздері қалада кезіккен ана жігіттердікінен ауса-шы... Бұл қарсы уәж айта алмай сәл тосылды да,
— ... жазушы Толстой, саяхатшы Кусто, боксшы Мұхамед Әли мұсылмандыққа келгенде оларға кім уағыз айтқанын білесіңдер ме? – үндемей қалған жас достарына насаттана қарап ап, - Ал уағыз айтушылардың әр ағымда өз атаулары бар, сендердікі далауатшы деп естідім, сонда қай ағымдасыңдар - деп, екпіндей тоқтады. Ана екеуі сол жігіттердің жаттанды жауаптарын қайталады.
— Ендеше, маған мынаны ұқтырыңдаршы, менің кеңестік қоғамда коммунистік идеямен жарақталған басыма мынау сыймайды. Сендерді ғой, өкімет бес жыл оқытып, маман ғып шығарды, дауласпаңдар, - аналардың бірдеңе айтпақ кейіптерін көріп дауысын қатайтты, Аманға қарап:-Сен екі жоғары білім алдым деп отырсың, тіпті ақылы-ақ оқыған шығарсың, бірақ, оны өзің тапқан жоқсың ғой, әке-шешеңнің ақшасын шаштың. Мұсылман дінінде «Қарызды қайтармаған – кәпірден әрі» деген, солай ғой (Аналардың дінде мұндай сөз барын, не жоғын білмейтіндігіне сенімі кәміл еді). Біздің кезімізде «отработка» деген болған. Оқу бітірген соң өкімет жіберген жеріне барып, кемі үш жыл қызмет атқаруың керек. Міне, қарызды қайтарудың қарапайым мысалы, одан кейін сол мамандығың сенің өміріңнің азығы болады, бір жағынан қоғамға пайдаң тиетін керек кірпішсің ұлы адам айтқан. Ал сендер бітірген оқуды тастап, істеп жүрген жұмсты тастап мұсылмандыққа бет бұрдық дейсіңдер. Қай дін саған кәсіп қылма деді, қай қызметте саған дінді ұстанба деді, ал, айта қойшы? – сонан соң жауап күтпей, - Енді мынаны қараңдар, бірің заңгер, бірің қаржыгерлікті тастадыңдар ғой, тастадыңдар, жоғары білімді тәрк еттіңдер де, әп-сәттедін қызметшісі болып шыға келдіңдер, ә? Өздерің арабша түсінбек түгілі, қаріп танымайсыңдар ғой, кириллицадан оқисыңдар, сонда сендердің діни өрелерің бастауыш мектеп көлемінде ғана болып шықты ғой. Шыны сол ғой енді. Жарайды, иман айтасыңдар, намаз оқып, ораза ұстайсыңдар, садақа беру болса да бар. Одан әрі кімге не дәріс үйретесіңдер, ә?.. Бес жыл оқыған академиялық білімдеріңді іске жарата алмаған сендер, бес парызды естіп-ап, мұсылмандыққа тұлға бола қояр ма екенсіңдер? – бұл шаршап тоқтады.
— Аға, уағызды бізге сіз айттыңыз ғой, - Амангелді зорлана күлді. Науан қолындағы шыбығымен жерді сызып әлдене ойлап отыр. Мұның сөзін мүлде тыңдамаған сыңайлы.
— ... Бағана Толстой, Кусто дедім ғой, олар ешкімнің уағызынсыз-ақ, мұсылмандыққа өз жүректерінің қалауымен келіпті. Ал, қазақ қашан исламға кірген, онда қай ағымды қалай ұстанған, оған дейін қай дінде болды – ол сөз алдына бір үлкен тарих. Менің ойымша – бұның бәрімен айналысуға жалқы адамның миы да, ғұмыры да жетпейді. Бір құдай, екі дүние бар екені пендеге аян. Ендеше, әркім өз өресінде жаратушыға құлдық етіп, өз тірлігін тыныш жасаса, сол жарап жатқан шығар. Осы бүгінгі кәпірге қарсы ғазауат жариялап жатқандар, анау ұсақ балаларды жиып ап зікір салып жүргендер, әй, осылардың қай-қайсысы да хақ дін жолындағы мұсылмандармыз дейді ғой өздерін, діннен хабары жоқ сарыауыз балапандар ермейді деймісің, солардың далауатына, ал, сол балапандардың обалына ана дүниеде емес, бұ дүниеде жауап беру керек қой біреу...
Әңгіме бұдан әрі өрбімеді.
— Аға, сіздің сөзіңізден кейін уағыз айтқаннан уағыз тыңдаған қиын ба деп қалдым ғой, бүгін Аман екеуміз тыңдаушы болып ауысқанымыз қандай жақсы болды, - Науан орнынан тұрды, - Сіздің осындай әңгімелеріңіз адамды сергітіп ширатады, кейде осы сәттерді сағынасың.
— Онда сағындырмай жиі келіп тұрыңдар...
Олар қош айтысып қақпадан шыққанда түн қараңғыланып қойған. Бұл үйге кіріп, телевизор қарап отырған бәйбішесінің жанына диванға жайғасты. Соңғы жаңалықтарда исламның теріс ағымына түсіп, лаңкесіткке қатысқан қазақ балаларының үстінен қозғалған қылмыстық іс турасында айтып жатыр екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі