Ақпанның соңғы күнінде аудандық Мәдениет Үйінің кіші залында , келе жатқан көктемнің алғашқы лебіндей әсерлі де әдемі кеш өтті. Аудандық кітапхана ұжымының үлкен еңбегінің нәтижесінде жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл шара- аты қазақ еліне танымал арқалы айтыскер, өлеңдері республикалық басылымдарда көптеп жарияланып жүрген белгілі жазба ақын,Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойлық медалінің иегері, төрт жинақтың авторы Хасен Зәкәрияның творчествосына арналған еді. Күнілгері осы жүздесуден құлағдар болған ақынның оқырман, тыңдарман, көрермендерінің бір парасы ғана көрсетілген уақытта кіші залды лық толтырғанда, «Хасеннің ақындығын жоғары бағалайтын алыс-жақындағы жырсүйер қауым жиылып келсе, үлкен залың таршылық етер ме еді!?.»-деген ойға келгендейсің... Сонымен, кітапхана қызметкерлері Гүлнар Даутова мен Роза Кенжеханова кезектесе сөз алып, қысқаша өткізілмек шараның мақсатын айта келіп , кеш иесі-ақын Хасен Зәкәрияға төрден құрметті орын ұсынған соң, алғашқы құттықтау сөзді Хасеннің көп жылдар қызметтес болған аға жолдасы, аудандық «Рауан» газетінің редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Кәдірбек Айдархановқа берді. Кәдірбек Айдарханұлы ақынды редакцияға қызметке шақырғанда өзінің қателеспегенін, Хасен інісінің бай сөздік қорымен, тілді аса жетік меңгергенімен және өзінің туабітті еңбекқорлығымен аз ғана уақытта газет жұмысын тез игеріп, кәнігі журналист деңгейіне көтерілгенін қысқа да әсерлі жеткізді. Хасеннің қызметтегі жетістіктерінетыңдарман назарын арнайы аударып,оның журналистика саласында алар биіктері әлі де алда екеніне сенім білдірді.
Бұдан кейін Х.Зәкәрияның өнердегі басты бағыты-ақындық творчествосын саралау, талдау арқылы көпшілікке ой салу мақсатында, оның шығармашылығы турасында келелі баяндама жасалды. Баяндамашы- білікті ұстаз,Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі, «Астана»(?) медалінің иегері, еңбек ардагері Нүрбила Шәкенова ақын творчествосына кеңінен тоқталып, оның өлеңдері сан тақырыпты қамтитын жан-жақты екенін атап көрсетті. Хасен-алдымен лирик ақын. Оның өлеңдерінен адам жанын тазартатын көктемнің таңғы лебіндей бір жылылық еседі, оқырман көңіліне нұр құяды. Хасеннің жыр жинағын бір демде оқып шыққан адам кітаптың тез бітіп қалғанына назырқанып, мынандай сұлу жырдың әлі де өріле бергенін қалар еді... Мына шумаққа назар аударыңыз:
...Сап-сары нұрға шым батып
Сілтідей тұнып тұр әлем
Сағыныш жүрек сыздатып
Сыңсиды мұңды бір әуен... («Күзгі бақта»)
Болмаса:
...Түн ауды, әлі көз ілмей
Отырмын жырға түйіп сыр
Үндесіп сыртта көңілмен
Сұп-суық жаңбыр құйып тұр... («Жаңбырлы түнде»)
Осы екі өлеңнің екі шумағы ғана ақынның болмыс-бітімін айқындап тұрғаны- көзіқарақты оқырманның зердесіне оңай жететіні кәміл. Хасен-суреткер ақын. Ол азғана сөзбен,мына төмендегі шумақтай, көпшілік көрсе де аңғармайтын бір суретті кестелей салғанда, «осыны мен де көріп едім-ау»-дегендей ойға еріксіз келесің:
...Әлдененің қызығына батқандай
Күншуақта шүпірлейді көп торғай
Қар суымен таңдайларын жібітіп
Мәз-мәйрам боп қуанысып жатқандай ... («Наурыз») Және де тағы бір өлеңде:
...Өршеленіп күні- түні, бұлт жинаған әрқайдан
Күзгі қара дауылдың өтті ызғары маңдайдан
Қимастықпен аяқтап бір маусымдық ғұмырын
Ұшып жатыр бір-бірлеп жапырақтар сарғайған... («Күз»)-деп толғайды
Міне, мұндай бір сәттік көріністерден сұлу сөзбен сурет салу-кез келген ақынға бұйыра бермейтін қабілет. Ал, осы жаны нәзік лирик суреткер «Оралмандар» атты өлеңінде:
...Тоспасын жаңа ғасыр өрінде сын
Ағайын қайда барсаң өзім десін
Халықтың қазақ деген бұдан былай
Іргесі ешқашанда сөгілмесін!-деп биік азаматтық тұғырдан ел мүддесін толғаса, «Туған өлке»жырында:
...Ақтай біліп ел сенімін ұлдарың
Нұрлы болсын келешегің, туған жер-деп патриоттық рухта ұрандаған ақынды көреміз.Хасен қай бағытта жыр түзсе де, «Шын жүйрікке ылди да бір, өр де бір» екенін көрсетіп келе жатқан майталман, әмбебап суреткер. Оның негізі-ақындық атты қабілеттің туа бітті бойға дарығаны болса, тағы бір парасы- пар жегілген қос жүйрікті бір делбемен тең желдіргендай,ауызекі суырыпсалмалық пен жазба өлеңді қатар алып жүргенінде деп түсінгеніміз жөн болар. Асылында, мұндай ақындар сирек. Көбінде суырыпсалма ақын жазба өлеңде тасырқап жатса, қандай мықты жазба ақын айтысқа беттей алмайтынын көріп жүрміз. Хасеннің осы ерекше қасиетін оның ауылдас ағасы кезінде:
Хасен деген ақын бар,білесің бе,
Өлең мен жыр тел біткен бұл есімге
Айтыстың бөгет бұзар нөпірі мен
Лириканың тұнығы -үлесінде
. . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Бір шындық бар-өзгелер біле ме осы
Өлеңнің мызғымайтын тірегі-осы:
«Ақын болып туады»-дейді Хасен,
Бұл-Хасеннің өмірлік кредосы-деп сәтті бағалаған.Хасен өлеңдерінің жан-жақтылығы- елдің қордаланған күрделі мәселелерін жырлауда, дос-жарандарға әзіл-қалжыңды әдемі ұйқастармен жеткізуде, естелік-жырларында кеңінен ашылады. Ақынның үлкен философиялық астарлы оқиғалы өлеңдері мен балладалары өз алдына жеке тақырып. Жақсылық пен жамандықтың тоғысы, қияметті тағдырлар, ел жағдайы, ішкі жанайқай- оның «Қайта тоғыспаған жол», «Қайт ауылға,ағайын» атты балладаларында айшықты бедермен, адам жанын шабақтар өткір тілмен оқырман санасына жеткізіледі.
Ақын өлеңдерінің болмысы адамның жан дүниесіне жақындығы соншалық, оның көп жырлары әнге сұранып тұрады. Бүгінде Хасеннің өлеңіне жазылған жиырма шақты ән республика сахналарында орындалып жүргені-сол сөзіміздің айғағы.Оның ішінде шоқтығы биік «Достарға» әні ерекше бағалауға лайық. Бұл шығарманың музыкасын Күршімнің тағы бір талантты тумасы,дүниеден ерте өткен Оралхан Көшеров шығарып, сөзін Хасен жазып,оны үлкен сахналарда орындап халыққа таратуға еңбектенген дарынды әнші Есен Мәженов сияқты өнерлі үштіктің осы туындысы қазіргі күнде Қазақстан ғана емес,Қытай,Ресей,Моңғолия қазақтарының арасында кеңінен танымал. Бұдан басқа өлеңін Х. Зәкәрия жазған «Балалық» (әні О Көшеровтікі), «Күршім вальсі»(әні Б. Әшірбаевтікі), «Ардагерлерім»(әні М. Шәкеровтікі), «Көрдің бе,сен, Күршімді?»(әні Ғ. Досановтікі)т. б.көптеген әндер түрлі аудиторияларда орындалып келеді.Хасеннің көркем әдебиеттегі тағы бір қыры-шешендік сөздер мен тапқыр әзіл- қалжыңдарды құрау, жинау. Бұл-қазақ ауыз әдебиетінде ертеден қалыптасқан үрдіс болғанымен, жазба әдебиетте тасада қалып келе жатқан жанрдың түрі. Өзі суырып салма ақын, өзі әзіл-қалжыңды қойыны-қонышынан табан астында уыстап шашатын шешен Хасен күлдіргі әңгімелерді ел аузынан жинақтаудан да жалыққан емес.Нәтижесінде, осы бағыттағы еңбектері «Дидар»газетінде жаңа айдармен шықты. Республикалық басылымдарда ұдайы жарияланып келеді. Көптеген оқырмандарының сұрауы бойынша,осы қалжың әңгімелерді жеке кітап қып та шығарды.
Білгір әдебиетші, білікті тіл маманы Нүрбила Шәкенқызы баяндамада өз пайымдауын Хасен Зәкәрияның өлең жолдарымен әдіптей отырып, ақын творчествосы хақында келелі ой, көшелі пікірлерді молынан айтып, әдеби туындыларға жан-жақты терең талдау жасады. Бұл-әсіресе, осы кешке келіп отырған ұстаздар мен мектеп оқушылары үшін ақын поэзиясын тануға, түсінуге, түйсінуге жетелейтін үлкен еңбек болғанын атап айтқанымыз-ләзім. Баяндаманы бүтіндей емес, оның қомақты бөлігін ғана жариялаудың өзі газет көтермейтін жүк болғандықтан, осылай қысқаша түйіндеуді жөн көрдік. Ал,осы еңбектің көшірмесін ұстаздар көбейтіп алып , оушыларға ұсынса, олар үшін ақын творчествосын тануға өте пайдалы көмекші құрал болар-ақ.
Жүргізуші Г. Даутованың сұрауына орай Хасен Зәкәрия өзінің ақындық жолының қашан, қалай басталағанын қысқаша әңгімеледі. Мектепте қабырға газетіне оқушыларға сықақ өлең жазудан бастаған ол ақындық шеберлігін әскерде жүргенде ұштай түсіп,кейінде айтыс өнері қайта жаңғырғанда, айтыс ақындарының алғашқыларының қатарында аудандық, облыстық, республикалық айтыстарда сан рет жеңімпаз боп, жүлде алғанын,соңынан жазба поэзияға біржола бет бұрғанын көрермендерге әсерлі етіп жеткізді. Сол кездегі өнердегі азулы қарсыластары, бүгінге дейін өмірдегі дос аға-інілері Абаш Кәкенов, Серік Құсанбаев, Айтақын Бұлғақов сынды танымал айтыскерлермен ел алдындағы тартыстарынан қызықты естеліктер айтты.
Бұдан кейін құттықтау сөздер мен ақын өлеңіне жазылған әндер кезек алмасып отырды. Республикаға танымал әнші Есен Мәженов «Достарға»әнін шырқап, аудандық музыка мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Бауыржан Өтеулинов О. Көшеровтың «Аман жүр,інілерім» әнін домбырамен нәшіне келтіріп орындады. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Жайлаубек Оқасов ақынға өзінің тілегін айтса, Оралхан Көшеровтың қарындасы Индира ағасының Хасеннің сөзіне жазылған «Ақ тілек» әнін көпшілікке тарту етті.Өз кезегінде ақынның жары Гүлжан жиналған қауымға алғысын айтып, ізгі тілегін жеткізді. Хасеннің өмірдегі ағасы, өлеңдегі әріптесі Құмарбек Қалиев ақынның құрметіне бірнеше өлең оқыса, №1 Ю.А.Гагарин атындағы орта мектептің 8-сынып оқушылары Жұмағұлова Мархабат пен Серікқызы ШұғылаХасен Зәкәрия өлеңдерін көрермен көңіліне нақышына келтіре жеткізіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.Гүлнар Даутова «Ниеттестер тілектері» айдарынан Қабдолда Тұраровтың, Құмарбек Қалиевтің Хасенге арнаған өлеңдерін оқыды.Кезек ақынның туған ауылынан келген екі інісіне жеткенде, зал толы көпшілік бір желпініп қалды. Асылы, осы өнерлі жұптың шығармашылық еңбегі кем қойғанда, аудан көлемінде лайықты бағасын алатын уақыт жеткен сияқты.Қазіргі кілең фонограмма, компьютерлік дыбыс жазу кезінде бір домбыра, бір гармоньмен көпшіліктің алдында Әбішев Талғат пен Әреков Беглан «Сәулетай» әнін қос дауыста келістіре орындағанда,ұмытыла бастаған халықтық ән салу үрдісін жаңғыртқандай әсер қалдырды. Кеш иесінің сұрауымен олар «Киелім» әнін және шырқады. Кешті «Күршім ауданының мәдениет,тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі»мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақытқан Фазылұлы Өлмесеков қорытындылады. Ол өз сөзінде ауданның мәдени жағдайына қысқа шолу жасап, бүгінгі кештен алған әсерін ортаға сап, көрермендерді алдағы шаралардың жоспарымен таныстырды. Ғазез Досановтың Хасен Зәкәрияның сөзіне жазылған «Көрдің бе, сен, Күршімді?»әнінің шығуына өзінің де қатысы болғанын қызықты әңгімелеп,сөз соңында қолына домбыра алып, осы әнді әуелете шырқап, көрерменнің көтеріңкі көңілін одан әрі көкке өрлетті. Кеш барысында ақын өмірінің түрлі кезеңін бейнелейтін слайдтар көрсетіліп, қосымша мағлұматтар беріліп отырды. Осы кездесуді өткізуге кітапхана қызметкерлері үлкен әзірлікпен келгені көрермен көңілінен шықты.Бұл ұжымның кейінгі кезде өзі әзірлеген шаралар аясын кеңейтіп, тыңдарман аудиториясын ұлғайтып келе жатқанының бір парасы-бүгінгі өткізілген тағылымдық та, танымдық та мәні зор осы кеш болғанын атап айтқанымыз жөн болар-ақ.
Құмарбек ҚАЛИЕВ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі