Менің бейшара гүлдерім мүлде солып қалыпты, – деді Ида. – Кеше кешкілік соншалық әдемі еді, енді, міне, қылжиып жатыр. Неге бұлай? – Ол диванда отырған студенттен осылай деп сұрады.
Қыз студентті өте жақсы көретін. Өйткені ол таңғажайып әңгімелерді майын тамызып айта беретін және ағаштан жонып, ішінде кіп-кішкентай бишінің бейнесі бар жүрекше, гүл, есік-терезесі ашылып-жабылатын керемет сарайлар секілді ойыншықтар жасайтын. Студент өте бір көңілді жан еді.
— Бұларға не болған? – деп қайталап сұрады да, қыз солып қалған бір шоқ гүлді көрсетті.
— Не болғанын білесің бе? – деді студент. – Гүлдер түнде би кешіне барған, шаршап қылжиып жатқаны да сондықтан.
— Гүлдер билемейді ғой! – деді кішкентай Ида.
— Билейді! – деді студент сенімді үнмен. – Түн жарымда қараңғы түсіп, бәріміз ұйқыға кеткенде, олардың бір-бірімен қалай билегенін көрсең, соншалық ғажап!
— Олардың биіне кішкене балалардың баруына бола ма?
— Неге болмасын, – деді студент, – кішкентай меруерт гүлдер мен дәстүргүлдер де билейді ғой.
— Ең әдемі гүлдер қай жерде билейді, а? – деп сұрады Ида.
— Сен қаланың сыртында, ғажайып гүлдер өсетін бағы бар, жаз кезінде патша келетін әлгі үлкен сарай тұрған жерде болмап па едің? Қолыңдағы нанды көріп, соған жүзіп келген аққуларды ұмытып қалдың ба? Міне, дәл сол жерде нағыз би кештері өтіп тұрады!
— Мен кеше мамаммен бірге сол жерге бардым, – деді кішкене Ида. – Бірақ ағаштарда бірде-бір жапырақ қалмапты, бақта да жалғыз тал гүл жоқ. Олар қайда кетті екен? Жазда соншалық көп еді!..
— Олардың барлығы да сарайда! – деді студент. – Патша мен оның қызметшілері қалаға көшіп келісімен барлық гүл атаулы бақтан сарайға қашып барады. Сол жерде олардың сауық-сайраны басталады. Барып көрсең ғой, шіркін! Ең әдемі екі раушан гүл таққа отырады, бұлар патша мен оның зайыбы. Қып-қызыл қораз айдарлы тәж гүлдер олардың екі жағына тұрып алып, иіліп, тәжім етеді. Бұлар нөкерлер. Сонан соң толып жатқан әдемі гүлдер келеді де, би кеші басталады. Теңізшілер бейнесіндегі кіп-кішкентай сүмбіл иек, жылан қиық бикештер есепті көгілдір түсті шегір гүлдермен билейді, ал қызғалдақтар мен үп-үлкен сары лалалар – кәрі кемпірлер секілді биді сырттай қызықтап, тәртіпті бақылап тұрады.
— Патша сарайында билегені үшін гүлдерге ешкім ұрыспай ма? – деп сұрады, кішкентай Ида.
— Бұл туралы ешкім де білмейді ғой!– деді студент.
Рас, кей кезде түннің бір уағында қолында бір топ кілт бар күзетші шал келіп кетеді. Кілттің сылдырын естіген сәтте гүл атаулы терезеге тұтылған ұзын перденің тасасына жасырынып қалады да, кішкентай саңылаудан ұрлана қарап тұрады. «Мына жерден гүлдің иісі аңқып тұр ғой», – деп міңгірлейді шал. Бірақ ештеңе көрмейді.
— Міне, қызық! – деді кішкентай Ида қол шапалақтап. – Оларды мен де көре алмаймын ба сонда?
— Көре аласың, –деді студент. – Ендігі барғаныңда терезеге қарасаң жетіп жатыр. Мен бүгін ол жерден үп-үлкен сары лалагүлді көрдім. Ол өзін сарайда тұратын бикештей сезініп, диванның үстінде кербез керіліп жатты.
— Ботаникалық бақтағы гүлдер ол жерге бара ала ма? Екі ара тым алыс қой!
— Қорықпай-ақ қой, – деді студент. – Керек болса олар ұша да алады. Сен өте әдемі қызыл, сары гүлдерге ұқсайтын ақ көбелекті көріп пе едің? Олар да бір кезде гүл болған. Өз сабақтарынан үзіліп, биікке ыршып, қанат секілді қауыздарын қағып-қағып қалып ұша жөнелген. Олар өте әдепті болғандықтан осындай бақытқа ие болған. Әрине, олар түнде ғана ұшпайды. Ал басқалары күндіз де сабақтарына жабысып, қимылсыз отырады. Олар болса ұшып жүреді. Ұша-ұша қауыздары да ақыры нағыз қанатқа айналады. Сенің өзің оларға талай рет қызыға қараған да шығарсың. Айтпақшы, Ботаникалық бақтағы гүлдердің патша сарайында болмауы да мүмкін. Бәлкім, олар әр күн сайын әлгі сарайда сауық-сайран өтетінін білмейтін де шығар. Мен саған кейіннен профессордың өзі таң қалатын әңгіме айтайын. Сен оны білесің, бізбен көрші тұрады ғой. Сонымен оның бағына барғанда кез келген гүлдің біреуіне патша сарайындағы би кеші туралы айт. Ол басқа гүлдерге жеткізеді де, барлығы қашып кетеді. Баққа келген профессор онда бірде-бір гүлдің қалмағанын көріп, не болғанын түсіне алмай аң-таң қалады.
— Ол басқаларына қалай айтады? Гүлдің тілі жоқ қой.
— Әрине, жоқ, – деп келісті студент. – Дегенмен олар бір-бірімен ымдасып ишара арқылы түсініседі. Сәл ғана самал соқса олардың теңселіп, жап-жасыл жапырақтарының қалай желпілдейтінін талай рет көрмеп пе едің. Осының өзі қандай тамаша! Бір-бірімен сөйлесіп жатқан секілді.
— Ал профессор олардың ымдасуын түсіне ме? – деп сұрады кішкентай Ида.
— Әрине! Таңертең баққа келген ол үлкен қалақайдың теңселе қозғалып, көздің жауын алардай қып-қызыл қалампырға ишарат жасап тұрғанын көреді. Қалақайдың: «Сен соншалық сүйкімдісің, мен сені сүйемін», –деп тұрғанын түсінген профессор оны салып қалады. Қалақайдың қылқандарының қалай екенін білесің ғой, ол профессордың қолын шағып алады. Осыдан кейін ол әлгіге тиісуді қойған.
— Міне, қызық! – деп Ида күліп жіберді.
— Қайдағыны айтып, баланың басын қатыруға бола ма? – деді осы үйге қонаққа келіп, диванда манаурап отырған кеңесші.
Ол студентті жақтырмайтын, үнемі күңкілдеп, сөгіп отыратын. Әсіресе оның ағаштан жонып жасаған қолына жүрек ұстап, дарға асулы тұрған адам (жүрек ұрлағаны үшін дарға асылған) немесе мұрнына күйеуін мінгізіп, таяқта отырған мыстан кемпірдің мүсіні секілді көз тартарлық ойыншықтарын көргенде кеңесші қарап отырып бүлінетін.
— Қайдағыны айтып, баланың басын қатыруға бола ма? Бұның бәрі бос далбаса! –дейтін ол әрқашан.
Бірақ студенттің әңгімесі Иданың көкейіне мықтап орнықты, ол күні бойы гүлдер туралы ғана ойлаумен болды.
«Гүлдер биден шаршаған соң қалжырап қалған екен ғой».
Ида ойыншықтары жатқан кішкене столға келді. Столдың тартпасында әр түрлі ойыншықтар өте мол еді. Софи есімді қуыршақ өз төсегінде ұйықтап жатқан, Ида оған:
— Төсектен тұрып, бүгінше жәшікке түнеп шығуыңа тура келер, Софи. Бейшара гүлдер сырқаттанып қалыпты, оларды сенің төсегіңе жатқызсақ, бәлкім, жазылып көтер, –деді.
Сөйтіп қуыршағын төсектен жұлып алды. Софи өз төсегін өзіне билетпегені үшін Идаға жақтырмай бір қарады да үндемеді.
Ида гүлдерді төсекке жатқызып, үстін көрпемен дұрыстап жапты да: «Қозғалмай жатсаңдар шай беремін, таңертең сендер мүлде жазылып кетесіңдер», – деп уәде өтті. Сонан соң күн түспесін деп шымылдықты жапты.
Студенттің әңгімесі есінен шықпай қойды, төсегіне жатқан соң да терезені түгел алып жатқан перденің тасасына жасырынған қызғалдақ, сүмбіл секілді мамасының сүйкімді гүлдеріне қарамауға шыдамы жетпеді. Сүйкімді гүлдерге қарап жатып: «Мен бәрін білемін, түнде сендерде би кеші болады», – деп күбірледі.
Гүлдер ештеңе білмейтіндей қимыл-қыбырсыз тұра берді, тіпті бірде-біреуі сыбдыр еткен жоқ. Бірақ кішкентай Ида олардың би кешіне баратындығына еш күмәнданған жоқ.
Төсекке жатқанмен Ида ұйықтай алмай ұзақ уақыт гүлдердің қалай билейтінін көз алдына елестетумен болды. «Менің гүлдерім шынымен-ақ патша сарайындағы би кешіне барды ма екен?» – деп ойлады. Осы бір тәтті ойға беріліп жатып ұйықтап кетті.
Түн ортасында кішкентай Ида кенеттен оянып кетті. Түсінде ол әр түрлі гүлдерді және мұның басын түкке тұрғысыз бірдемелермен қатырған студентті сөгіп жатқан кеңесшіні көрді. Ида жатқан бөлмедегі столда шырағдан жанып тұрған, әкесі мен шешесі ұйықтап жатыр екен.
— Менің гүлдерім қалай ұйықтап жатыр екен, білейінші, – деп ойлаған Ида жастықтан басын көтеріп жартылай ашық тұрған есікке қарады. Осы сәт ойыншықтары мен гүлдері қалған бөлмеде әлдекім жайлап қана фортепьяно ойнап жатқан секілденді, мұндай әуенді ол ешқашан естімеп еді.
Расында да, гүлдер билеп жатыр! – деп күбірледі Ида. – Шіркін-ай, өз көзіммен көрер ме едім!
Бірақ әкесі мен шешесін оятып алармын – деп қауіптеніп, орнынан тұруға батылы жетпеді.
— Гүлдер осы бөлмеге кірсеші,– деп тіледі ол.
Бірақ гүлдер оның бөлмесіне кірмеді. Жаңағы әсем әуен баяу ғана қалықтап тұр. Соншалық сүйкімді, ғажап әуен! Ида шыдай алмай жайлап төсектен түсті де, аяғының ұшымен басып барып, жартылай ашық есіктен екінші бөлмеге көз салды. Ғажайыпты көріп, аңтарылып тұрып қалды.
Ол бөлмеде шырағдан жанып тұрмағанмен күндізгідей жап-жарық еді. Енді терезеден ай сәулесі түскен жерге қызғалдақ пен сүмбіл гүл екі қатарға сап түзеп тұра қалыпты. Терезенің алдында топырақ толтырылған түбектен басқа ештеңе қалмаған, гүл атаулының бәрі жерге түсіп кетіпті. Әр түрлі гүлдер аса бір жарастықпен билеп жүр, олар бірде дөңгеленіп, енді бірде бейне бір қол ұстасқандай жасыл жапырақтары бір-біріне жабысып, шыр айналады. Фортепьянода үп-үлкен сары лалагүл ойнап отыр. Мұны Ида жаздыгүні көрген де шығар, бәлкім. Студенттің бір ретте «Ах, ол Лина бикешке қандай ұқсайды» дегені әлі есінде. Сонда барлығы да студентті мазақтап күлген. Ал дәл қазір лалагүл шынында да Линаға ұқсайтын тәрізденді. Оның рояльда оймауы Линаға қатты ұқсайды екен, ол да сопақша келген бетін біресе оңға, біресе солға бұрып, әуеннің ырғағына сай басын шұлғып отыратын. Иданы ешқайсысы байқай қоймайды.
Кенет үлкен көгілдір жылан қияқ ойыншықтар жатқан столдың ортасына ыршып шықты да, ауру гүлдер жатқан қуыршақтың төсегіне жақындап келіп, көрпені ашып жіберді. Біздің де билегіміз келеді дегендей бас шұлғысып, орындарынан тұрып кетті. Астыңғы ерні опырылып түскен кәрі Курилка әдемі гүлдердің алдына келіп, бас игені сол еді, олар столдан ырғып-ырғып түсіп, басқаларға қосылып, көңілді сайранға араласып кетті. Олардың бірде-біреуі ауру гүлге ұқсамайтын еді.
Кенет әлдене сарт етті де, әлдекім еденге құлап түскендей болды. Ида жалт қарады, бұл қызыл тал екен. Өзінің гүлдерге бөтен еместігін танытқысы келгендей ол да столдан ыршып түсіпті. Қағаз гүлдермен әшекейленген қызыл тал да көздің жауын алардай еді. Оның иығына кеңесшінікіне ұқсас кең жиекті қалпақ киген балауыздан жасалған қуыршақ отырып алыпты. Қызыл тал үш бірдей ағаш аяқтарымен еденді дүңкілдете тепкілеп, гүлдердің арасында ерекшеленіп, мазурка биін билей бастады. Ал басқа гүлдер тым жеңіл болғандықтан бұл биді билей алмайтын-ды.
Кенет қызыл талдың иығында отырған балауыз қуыршақ бойын түзеп, қағаз гүлдерді шыр айналдырып, қатқыл дауыспен:
— Қайдағыны айтып, баланың басын қатыруға бола ма? Мұның бәрі бос далбаса! – деп айқай салды.
Кең жиекті қалпақ киген, өңі сұп-сұр әрі адуын қуыршақ кеңесшіден айнымай қалыпты. Осы кезде қағаз гүлдер оның шілмиген тірсегінен салып-салып жіберді. Балауыз қуыршақ бұрынғы қалпына түсіп, бүрісіп отырды да қалды. Мұның күлкілі болғаны соншалық, Ида өзін-өзі тежей алмады.
Бірде еңсесін көтеріп, шіреніп, енді бірде жиегінен қалпақ киген балауыз қуыршақ қалпына түскен кеңесшінің қызыл талмен бірге билемеске амалы қалмады. Ақыры, барлығының, әсіресе қуыршақ төсегінен тұрған гүлдердің өтініші бойынша қызыл тал би алаңынан кетіп, балауыз қуыршақтың жаны жай тапты. Кенет Софи және басқа ойыншықтар жатқан жәшік дүңкілдей бастады. Курилка стол жиегімен жүгіріп барып, етпеттеп жата қалды да, столдың тартпасын ашты. Софи орнынан тұрып, жан-жағына таңырқай қарады.
— Сендер би кешін өткізіп жатыр екенсіңдер ғой, – деді ол. – Маған неге айтпайсыңдар?
— Менімен билегің келе ме? – деп сұрады Курилка.
— Менімен билейтін кісінің сұрын қара! – деді де Софи теріс айналды. Сонан соң жәшікке отырып, гүлдердің өзін биге шақыруын күтті. Бірақ онымен билеу бірде-біреуінің қаперіне кіріп шықпайтын тәрізді. Ол қатты жөтелді, сонда да ешкім назар аудармады. Курилка жалғыз өзі әп-әдемі билеп жүрді.
Бірде-бір гүлдің өзіне көз салмағанына ызаланған Софи жерге құлап түсті, сол-ақ екен, барлығы жүгіріп келіп: «Бір жеріңді жарақаттап алған жоқпысың», – деп сұрай бастады. Барлығы бірдей, әсіресе оның төсегіне жатып тұрған гүлдер Софимен соншалық жылы сөйлесті. Софидың еш жері жарақаттанбаған еді. Кішкене Иданың гүлдері соншалық тамаша төсегін бергені үшін алғыс жаудырып, оны ортаға алып шығып, биге тартты, ал басқалары қол ұстасып, оларды қоршап, айнала бастады. Қатты көңілденген Софи гүлдерге қарап, «төсегін оларға беретіндігін, өзі жәшіктің ішінде ұйықтайтындығын» айтты.
— Рақмет! – десті гүлдер. – Бірақ біз ұзақ өмір сүре алмаймыз. Таң атысымен біз біржола өлеміз! Кішкентай Идаға түсіндіріп айт, ол бізді бақтың әнші құс көмілген жеріне сақтасын; жаз келісімен қайтадан өсіп шығамыз, әрі бұдан да әдемі боламыз.
— Жоқ, сендер өлуге тиісті емессіңдер! – деді де Софи гүлдерді құшақтап сүйді. Осы кезде есік ашылып, ішке бір топ гүл кірді. Ида бұлардың қайдан келгенін біле алмады. Бәлкім, патша сарайынан келген шығар деп ойлады. Ең алдында бастарына алтын тәж киген екі раушан гүлі келеді. Бұлардың патша мен оның зайыбы екенін қыз бірден түсінді. Ол екеуінің соңында жан-жағына бас шұлғып, көздің жауын алардай әдемі қалампыр мен меруерт гүлдер келе жатыр. Музыканттар ірі келген... ...көкнар мен сарғалдақтар бұршақ қауызын үрлей-үрлей жарылардай әбден ісініп кеткен тәрізді, ал кіп-кішкентай көкшіл қоңыраугүлдер мен аппақ жауқазындар бейне бір қоңырау тағып алғандай сылдырлаған үн шығарады. Олардың соңын ала топ-топ болып әр түрлі гүлдер көгілдір шегіргүл, қызғылт сары дәстүргүл және басқалары қызу билеп кіріп келеді. Гүл атаулының бір-бірімен сүйісіп, жүріп билегені соншалық ғажайып бір сурет еді.
Ақыры барлығы бір-біріне тәтті ұйқы тілеп, тарап кетті. Кішкене Ида төсегіне келіп жатты. Түні бойы ол түс көрді. Түсінде осылардың барлығын қайталап көріп шықты.
Таңертең орнынан тұра салып, гүлдерін көру үшін столға келді.
Көрпені ашып жіберді, гүлдері орнында жатыр екен, бірақ мүлде солып қалыпты. Софи да жәшіктің ішінде қатты ұйықтап жатыр.
— Сенің маған не айтуың керек екенін білесін бе? – деп сұрады Ида.
Софи оған түк түсінбегендей бажырая қарап, ләм деместен жата берді.
— Сен қандай жамансың, – деді ашулы Ида. – Олар сенімен биледі ғой.
Осыдан кейін ол қалпағында әдемі құстың суреті бар қатты қағаздан жасалған қорапты алып, оның ішіне солып қалған гүлдерді салды.
— Miнe, сендердің табыттарын осы! – деді ол. – Менің норвег туыстарым келген соң келесі жазда бұдан да әдемі болып қайта өсіп шығуларын үшін біз сендерді баққа апарып көмеміз.
Ионас пен Адольф алғыр да өжет балалар еді. Әкелері екеуіне жаңа садақ сатып әперген-ді. Олар жаңа ойыншықтарын көрсетуге Идаға келген. Қыз оларға солып қалған бейшара гүлдер туралы айтып, көмектесулерін сұрады. Балалар садақтарын асынып, жол бастады, олардың соңынан өлі гүлдер салынған қорапты көтерген кішкентай Ида ілесті. Бақ ішінен жер қазды. Ида өлі гүлдерді сүйіп болған соң, қорапты шұңқырға түсірді, ал Ионас пен Адольф бейіт басында тұрып, садақ атты. Өйткені олардың не мылтығы, не зеңбірегі болмады ғой.
Аударған Б.Мұқаев
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі