1917 жылғы орыс революциялары тарихына қатысты, әсіресе Қазан революциясына қатысты Отандық және Шетелдік тарихнамада мынандай тарихи бағыттар мен мектептер – кеңестік, эмигранттық, батыстық, қазіргі Ресейлік және Отандық – қалыптасқан. Революцияның алғашқы тарихшылары оның тікелей қатысушылары болды. Сондықтан олардың көзқарастарына айрықша суъбектевизм тән болды. Олардың көзқарастарының негізінде ғылыми әдіс-тәсілдерден гөрі, дүниетанымдық ұстанымдар үстем болды. Ленин 70 жыл бойы Кеңестік тарихи ойды айқындаған көзқарастардың негізін қалады. Ол бойынша:
- 1917 жылғы Ақпан революциясы буржуазиялық сипатта болды;
- 1917 жылғы Қазан революциясы социалистік сипатта болды;
- Революция қарсаңындағы Ресейдің экономикалық дамуының жеткілікті пісіп жетілмегендігі алға тартылды;
- Экономикадағы саясаттың басым рөлі (белсенді қондырма).
ХХ ғасырдың 20 жылдары тақырыпқа қатысты алғашқы Кеңестік тарихи зерттеулер пайда болды. Кеңестік тұңғыш марксистік тарихшы М.Покровский Ресейдің экономикалық дамуы мен пролетариаттың авангардтық рөлін асыра бағалап, Қазан революциясының заңдылығы сипатын орнықтыруға тырысты. 20 жылдардағы Кеңес өмірі баспасөздің еркіндігі мен қатаң цензураның жоқтығымен ерекшеленетін. Оған дәлел арагідік мерзімдік басылымдарда ақгвардияшылардың да естеліктері жарияланып тұрды. 20-шы жылдардың соңында Сталинның жеке басына табынушылық басталды, ал 30-шы жылдардың өн бойында айқын формациялық тұжырымдама доктриналар іске асты. Тарих – ғылым болудан қалып, идеологияға айналды. Оның негізгі қағидасы: ХІХ-ХХ ғасырлардың шегінде капитализм өзінің соңғы сатысы импереализмге өтіп, социолистік революция үшін алғышарттар жасады. Ал, Ақпан революциясы өткінші буржуазиалық революция ғана болды. Сөйтіп, капитализм прогрестің кедергісіне айналды. Бұл доктриналардың негізгі қағидалары ВКП(б)-ның ХХ сьездіне дейін сақталынып, «ВКП(б) тарихы. Қысқаша курсында» көрсетілді.
Жоғарыда айтқандай, либерал тарихшылар Ақпан революциясын Николай ІІ мен оның төңірегіндегілердің саяси таяздығынан туындаған тарихи кездейсоқтық деп есептеді. П.Н. Милюковтың пікірінше [1] «революция сөзсіз болмай қоймайтын нәрсе емес еді: егер келісімге келуге дәрменсіз патша істі бүлдірмегенде «прогрессивтік блок» ұсынған реформистік альтернатива оны болдырмайтын еді». Либералдық интеллигенцияны революцияның басты қозғаушы күші деп есептеген Милюков: оның саяси күйреуі себебін большевиктердің халық бұқарасын оларға қарсы айдап салуымен түсіндірді. Ал, көптеген тарихшылар оның ішінде Н.А.Бердяев,[2] Л.П.Карсавин [3] орыс революцияларын заңды және әділ деп есептеді.
Шетел тарихшылары, орыс революциялары тарихын зерттеудің үш кезеңін бөліп көрсетеді. Олардың пікірінше, бірінші кезеңі өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан басталып, 60-шы жылдарға дейінгі аралықты қамтиды. Олар негізінен Кеңестік зерттеушілердің еңбектеріне қарсы жазылған шетел авторларының кітаптары мен мақалалары болды. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Себебі тақырыпқа қатысты негізгі деректер олар үшін қолжетімді емес еді. Батыс тарихшыларының тұжырымдамаларына әсер еткен екінші себеп саяси конъюктурада жатты. Себебі, Кеңестік елмен батыс елдерінің арасындағы қарым-қатынастар өте күрделі болды. Антикеңестік көңіл-күй олардың тұжырымдарына және зерттеу бағыттарына әсер етті. Кеңес тарихшылары орыс революцияларының басында социолистік және большевиктік партиялар тұрды деп есептесе, батыс тарихшылары революциялардың радикальды-террористік мәніне көңіл бөлді. Батыс тарихшылары сондықтанда орыс революцияларына дұшпандықпен қарады. АҚШ тарихшысы Бернштамның айтуынша, «1917 жылдан бастап Ресей жерінде ешқандай ұлттық емес, бүкіл халыққа дұшпандықпен қараған окупациялық режим, тотолитарлық мемлекет орнады». Ол большевизмді «адамдардың өмір сүрген уақытынан бергі, ең қиратушы күш» [4] - деп есептеді.
Тегі орыс, американдық С.П.Мельгунов Қазан революциясын «большевиктердің өкімет билігін жаулап алуы, төңкеріс» деп атайды. Өзінің «Золотой немецкий ключ большевиков» деген кітабында ол большевиктерді «Германияның жансыздары» деп есептеді. Дегенмен, ХХ ғасырдың басындағы орыс революцияларына оң баға берген шетелдік тарихшылар мен публисцистерде болды. Айталық, Джон Рид «Дүниені сілкіндірген он күн» атты еңбегінде «Большевизм туралы кейбіреулердің не ойласа да бір нәрсе сөзсіз, орыс революциясы адамзат тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі, ал большевиктердің өрлеуі – әлемдік мәнге ие құбылыс. Тарихшылардың Париж коммунасы туралы кішігірім мәліметтерді іздегені сияқты оларда 1917 жылы қараша да Петроградта қандай оқиғаның болғанын білгісі келеді, халық бұл уақытта қандай рухтың құшағында болды,оның көсемдері кімдер болды, олар не айтты, не істеді. Осы кітапты жазып жатқан кезде мен осы туралы ойладым» [5] - деп жазды. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Ақпан және Қазан революциялары тарихнамасының екінші кезеңі басталды. Батыс тарихшылары революциялардың обьективті әлеуметтік экономикалық алғышарттарын зерттеуге күштерін жұмылдырды. Бұл кезеңдегі зерттеулердің үлгісі ретінде Индиан университетінің (АҚШ) профессоры, тарихшы политолог А.Рабиновичтің «Большевиктердің билікке келуі. 1917 жылғы Петроградтағы революция» атты кітабын айтуға болады. Орыс революциялары проблемаларын зерттеудің батыс тарихнамасындағы үшінші кезеңі 1980 жылдардың ортасында КСРО-да басталған әлеуметтік экономикалық өмірді қайта құру жылдарына сәйкес келеді. Батыс тарихнамасындағы тарих ғылымының әдіснамасы мен әдістері үнемі күрделеніп отырды, жаңа бағыттар мен тақырыптар пайда болды, әлеуметтік экономикалық тақырыптарға қарағанда талдау жұмыстары бұқара мен жекеленген әлеуметтік топтардың психологиясын зерттеуге, идеялардың дамуына ұласты. Бұл кезеңдегі үлкен еңбектердің бірі Р Пайпстың «Орыс революциясы» атты еңбегі болып табылады.
Тәуелсіздік жылдарында тақырыбымызға қатысты көптеген әдебиеттер жарық көрді. Қазіргі заманғы Ресей тарихшыларының ішінен тақырыбымызға қатысты В.З.Дробижев, Л.А.Голкин, Г.З.Иоффе, Э.Н.Бурджалов, Ю.И.Кораблев, П.В.Волобуев, В.И.Старцев, Д.Волкогонов, Р. Медведев, Д.Чураков, В.Шульгин, Ю.Жуков, Е.Городецский [6,7,8,9] және т.б. атауға болады. Айта кететін жайт қазіргі Ресей тарихшыларының бұдан 100 жыл бұрынғы оқиғаларға деген көзқарастары өте алуандығымен ерекшеленеді. Ресей тарихшыларының бір бөлігі қазіргі таңда В.И.Ленин бастаған 1917 жылғы Қазан революциясын ақтауға тырысуда. Олардың ойынша, большевиктер Ресейді біржолата ыдыраудан аман алып қалған патриоттар ретінде көрінеді. Тарихшылардың екінші бөлігі орыстың соңғы патшасы Николай ІІ-ні тақтан тайдыруға көндірген орыс либералдарын өткір сынға алады. Үшінші бір тарихшылар майдандардағы орыс армиясын ыдыратқан қолбасшы генерал Д.Корниловты өткір сынға алады. Қалай болған күнде де әлі күнге дейін «1917 жылғы революциялар» тақырыбындағы пікірталастар қазіргі Ресей қоғамдық пікірінде одан әрі жалғасын табуда.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тақырыпқа қатысты деректердің аясы кеңейе түсті. Олардың ішінде М. Шоқай [10], Сафаров Г. мұраларының орны зор [11]. Тақырыпқа қатысты өздерінің аікірлерін Қазақстан тарихшылары да білдіре бастады. 1992 жылы – 1917 жылғы Қазақстанда жарық көрген басылымдар жинағының шығарылуы маңызды болды [12]. Белгілі ғалым К.Нұрпейіс Алаш һәм Алашорда қозғалысына жаңа тұрғыдан келді. Мұхтар Құл – Мұхаммедтің Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясын зерттеуі сүбелі үлес болды. Ж. Нұрмағанбетқызының Қазақстандағы Уақытша үкіметтің комиссарларының қызметіне арналған зерттеуінің біздің тақырыбымызға тікелей қатысы бар [13]. Айман Селкебаеваның Қазақстанда құрылған қоғамдық ұйымдардың қызметіне қатысты зерттеулері де осы арнадан көрінеді [14]. Әсіресе Гүлжаухар Көкебаеваның Уақытша үкімет және большевизм тақырыбындағы зерттеуі революция жылдарындағы орталықтағы ахуалды жақсы береді [15].
Соңғы жылдарда жарық көрген еңбектердің ішінен тақырыбымызға қатысты белгілі тарихшы философ Д.Кішібековтің еңбектерін атауға болар еді. Автор ХХ ғасырдың басындағы Қазан төңкерісіне қатысты пікірін неғұрлым обьективті түрде беруге тырысады. Оның ойынша, «... Кеңес елі дамып келе жатқан елдерге өнеге болсын деп Азия, Африка, Америка елдеріне жәрдем көрсету кәдесі басталды. Ол жәрдемді капиталистік елдер күрескерлері де алып жатты. Есепсіз шашылу Кеңес елінің титығына жетті»[16]. Сондай-ақ ғалым социалистік дамудың Қытайлық және Кеңестік жолдары мен тәжірибелерін сараптай келе, Кеңес елі басшыларының интеллектуалдық дәрменсіздігіне назар аударады.
Қорытындылай келгенде, 1917 жылғы орыс революциялары және оның қазақ халқының тарихи тағдырындағы орны бұдан кейін де арнайы зерттеу объектісі болуы тиіс.
Пайдалынылған әдебиеттер тізімі.
1. Бернштам М. Почему победили большевики //Молодая гвардия. – 1992. –№ 5–6. – С. 192–196.
2. Булдаков В.П. Кризисы в России: Пути переосмысления. Москва, 2007.
3. Булдаков В. П. Октябрьская революция: современная судьба старых мифов. Сборник «Октябрь 1917: вызовы для XXI века», Москва, 2008г.
4. Деникин А.И. Очерки русской смуты. Электронная библиотека «ModernLib.ru» (http://modernlib.ru).
5. Земцов Б.Н. Историография революции 1917 года. Международный исторический журнал. №2. 1999 г. Минц И.И. «История Великого Октября» [1] (тт. 1—3, М: 1967—1973; 2-е изд. 1977—1980).
6. Дмитрий Чураков. Уроки и значение 1917 года.//Литературная газета 18-24 января 2017 №1-2 (6582).
7. Владимир Шульгин. Наказание, благо или каприз истории?// Литературная газета 18-24 января 2017 №1-2 (6582).
8. Ю.Жуков. Социализм будет.Новый. Некоторые итоги дискуссий о значении событий 1917 года.// Литературная газета 20-26 декабря 2017 №50 (6625).
9. Волкогонов Д.А Триумф и падение Сталина . 1989 г. Книгу первую см.в. «Роман-газете» No 19-20 за 1990 г.
10. Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры / құраст. Б. Серікбайұлы, Қошым-Ноғай. – Алматы, 1992. – 184 б.
11. Сафаров Г. Колониальная революция: опыт Туркестана // Алаш Орда: Краткий исторический очерк о нацианально-буржуазном движении в Казахстане периода 1917-1919гг. – Алматы: Жалын, 1996.-272 с.
12. Қоңыратбаев О.Т.Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі (1916-1924жж): Түркістан кезеңі: тарих ғыл. Канд....дис.. – Алматы, 1997.-227 б.
13. Нұрмағанбетқызы Ж. Қазақстандағы Уақытша үкіметтің комиссарларының қызметі: тарих ғыл.канд....дис.-Алматы, 2000.-124б
14. Айман Селкебаева. Қазақстанда құрылған қоғамдық ұйымдар.//Қазақ тарихы №6 (145)2016ж. - 29-30б
15. Гүлжаухар Көкебаева. Уақытша үкімет және большевизм//Егемен Қазақстан 7 наурыз, 2017 жыл.
16. Д. Кішібеков. Қазан төңкерісі және Кеңес одағы//Егемен Қазақстан 7 қараша, 2017 ж
Қорқыт ата атындағы ҚызМУ-дың 2-курс магистранты: Аякөз Ниязбек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі