Барабаншының әйелі шіркеуде болып, әр түрлі сурет және ағаштан жасалған бұйымдармен безендірілген жаңа альтарьға сұқтана, қарады. Олар көздің жауын алардай еді. Басын айналдыра зерлеген кенеп матадағы суреттер де, ағаштан жонылған, сосын боялып, алтын жалатқан бұйымдар да, шынында да, көз қызығарлықтай болатын. Суреттегі адамдардың шаштары күн сәулесімен шағылысып, алтындай сан құбылып, соншалық ғажап болып көрінді. Ал күн сәулесінің сұлулығы одан да ерекше болды. Қалың ағаш жапырақтарының ара-арасынан төгілетін батар күннің ал қызыл шапағы қандай ғажап! Жарық сәулеге тура қарап тұрудың өзі неге тұрады! Барабаншының әйелі қан қызыл болып батып бара жатқан күнге қарап тұрып, көп кешікпей құтан әкеліп беретін нәресте туралы ойлады. Ол нәрестені соншалық асыға күтіп жүр еді, енді батар күнге қарап тұрып бірақ нәрсе тіледі: ұлының жүзі нұр сәулелі болуын, тіпті болмағанда шіркеу қабырғаларындағы жарқын бейнелі әулиелердің біріне ұқсаса екен – деп тіледі.
Көптен күткен нәресте дүниеге келіп, оны әкесіне көрсету үшін жоғары көтерген кезде барып байқады, бала шынында да шіркеу қабырғасындағы әулиелердің біріне қатты ұқсайды екен. Баланың алтын түстес шашы, батар күннің алауымен шағылысып, сан құбыла жарқырап тұрды.
— Алтын балам менің, қазынам, күнім! – деп дауыстап, баласының алтын түстес бұйра шашынан сүйді.
Барабаншының бөлмесі әр түрлі әуенге толып кетті, он шырқалды, қуанышты дауыстар естіліп, сауық-сайран басталды. Қуанышқа мас болған әке құлақтың құрышын қандырардай барабанын даңғырлатуға кірісті. Өрт сөндірушілерге арнап жасалған барабан: «Сап-сары! Баланың шашы сап-сары! Тыңдаңдар, мұны айтып жатқан сәбидің анасы емес, барабан!.. Трам-там-там», – деп барынша даңғырлай бастады.
Мұны бүкіл қала қайталап жатты.
Баланы шіркеуге апарып, шоқындырды. Сәбиді бір ауыздан Петер деп атауға келісті. Бүкіл қала тұрғындары мен барабан оны сап-сары Петер деп, ал шешесі ұлының алтын түстес шашынан сүйіп, алтын бала деп атады.
Жол бойындағы ешқашан дегдімейтін сазды құлама қабаққа көп адамның есімі жазулы еді.
— Данқ! Бұл құр далбаса емес! – деді де барабаншы, қабаққа өзінің және ұлының есімін сызып жазды.
Қарлығаштар ұшып келді. Бүкіл әлемді шарлап жүретін олар аса құдіретті әміршілерді есте сақтау мақсатымен мәңгілік жартастар мен үнді еліндегі шіркеу қабырғаларына ойып жазылған неше түрлі жазуларды көрген-ді. Бұл таңбалардың тым ерте заманда жазылғаны соншалық, бірде-бір жан оларды оқып, ешқашан өлмес есімдерді анықтап атай алмаған-ды.
Даңқ! Даңқты есім!..
Қарлығаштар құлама жарқабақтың жұмсақ жерін қазып, ұя жасап алды. Әркім-әркім сызып жазған есімдер жауын-шашынның кесірінен бір-бірлеп өше берді. Көп ұзамай барабаншы мен оның ұлы Петердің есімі де жоқ болды.
— Петерімнің есімі дегенмен де бір жарым жыл бойы өшкен жоқ, – деп қуанды әке.
«Ақымақ!» – деп ойлады барабан. Бірақ бұл сөзді толық айтпай: «Ақ-ақ-ақ-мақ-мақ-мақ», – деді даңғырлап.
Сары Петер өте пысық, әрі көңілді бала еді. Әсіресе оның даусы керемет болатын. Ешқандай әуенді білмесе де ормандағы құстардай ән салатын. Ол дауыстай бастағанда-ақ, көмейінен ғажайып әуен төгілетін.
— Ол әнші болады, – дейтін анасы. – Ол шіркеуде өзі соншалық ұқсайтын алтындалған әулиелердің астында тұрып ән салады.
— Сары мысық! – деп мұқататын қаладағы әзілкештер. Барабан осы бір сөзді көршілерінен жиі естіп жүрді.
— Петер, үйіне барма! Әйтпесе шатырға шығып ұйықтасаң, үйдің жоғары қабаты күйіп кетеді. Сөйтіп өзіңнің барабаныңа жұмыс тауып беріп жүрерсің, деп мазақтайтын-ды оны көшедегі балалар.
— Барабанның таяқтарының қандай боларын көрсетейін сендерге! – деп айқай салып, өзінің кішкенелігіне қарамай Петер балаларға тап берді. Қарсы келіп қалған бірінші баланы ішінен нұқып жіберіп еді, анау аяғы көктен келіп, құлап түсті. Қалғандары тым-тырақай қаша жөнелді.
Сарайдағы дүкеншінің баласы қалалық музыкант болатын. Ол аса пан әрі атақты кісі еді. Ол Петерді жақсы көретін-ді, баланы жиі-жиі үйіне шақырып, қолына скрипка ұстатып, қалай ойнауды үйретіп жүретін. Баланың саусақтары, шынында да, алтын болып шықты. Одан қарапайым барабаншы ғана емес, белгілі музыкант шығарына ұстазының күмәні қалмады.
— Солдат боламын дейтін Петердің өзі.
Ол әлі еш нәрсенің байыбына бара бермейтін бүлдіршін еді.
Сондықтан да ол үшін әскери киім киіп, қылыш асынып, бір-екі, бір-екі деген бұйрықпен сапта жүргеннен асқан бақыт жоқ секілденетін.
— Барабанның үнімен жүруді үйренесің! Трам-тамтам! – деді барабан.
— Ол генерал болса ғой, шіркін! Ол үшін соғыс болуға тиіс қой, – деді әкесі.
— Құдай сақтасын, – деп үрейленді шешесі.
— Біздің неміз кетер дейсің, тәйірі, – деп соқты әкесі.
— Кішкентай баламыз ше? – деп қарсыласты шешесі.
— Ойлап көрші, егер ол соғыстан генерал болып келсе ше!..
— Қол немесе аяғынан айрылып келгенше, алтын балам аман-сау болып жүре берсін.
«Трам-там-там», – деп даңғырлады барабан. Оған қосылып басқалары да жер-әлемді жаңғыртып, соғыс басталды. Әскерлер жорыққа аттанды, олармен бірге сары бас, алтын бала Петер де жолға шықты. Анасы көз жасын көлдетіп, зар еңіреді. Ал әкесіне ұлы осы сапардан даңқты адам болып оралатындай көрінді. Қалалық музыкант Петердің соғысқа бармай, осында қалып, еліне өнерімен қызмет еткенін қалады.
«Сары бас» дейтін солдаттар, бұған Петер күлетін. Бірақ әлдекім «түлкі терісін жамылған» – деп кемсітсе қатты ашуланып, ернін тістеп, бір қырын бұрылып кетеді. Әлгі сөзді елемеуге тырысады.
Ол өте ширақ, бірбеткей әрі көңілді бала еді. «Көңілділік дегенің ең жақсы жанторсық», дейтін оның ересек жолдастары.
Ол талай рет далаға түнеп, жаңбырға малшынды, көп қиындық көрді, бірақ ешқашан көңілін кірбің шалған жоқ. «Трам-там-там, жорыққа аттаныңдар», дегізіп барабанын шабыттана соғады. Иә, ол, шынында да, барабаншы болып туған еді.
Шайқас болатын күн де жетті. Күн шықпағанмен таң сібірлеп атып келе жатқан, күн салқын еді. Шайқас басталып, қатты қызып жатты. Оқ-дәрінің түтіні төңіректі тұмшалаған тұманнан да қалың еді. Ысылдаған сансыз оқ пен гүрс-гүрс жарылған гранаттар бас көтертпейді. Сәл ғана көтерілсе болды, оқ немесе гранат басқа, қолға, аяққа тиеді. Соған қарамастан қайсар жауынгерлер алға жылжиды, әр сәт сайын самайынан жараланған жауынгерлер бордай бозарып, құлап жатты. Ал барабаншы бала болса ештеңеден де қорыққан жоқ, ысылдаған мың сан оқ оған жоламады. Секіріп ойнап, алдыңғы сапта кетіп бара жатқан полк итіне көңілдене қарап, ілгері жылжи берді. Ит қауіп-қатерден ада. Бұл аймақта соғыс емес, ойын жүріп жатқандай әр-әр жерге топ-топ етіп түскен зеңбірек оқтары ол үшін доп сияқты.
«Алға, ұмтыл!» Бұл бұйрықты жауынгерлерге барабан тілімен айту керек-ті. Бірақ ақылдың бұйрығымен бұйрықты қайтып алу керек болатын. Барабаншы бала түсінбей қалды. Ол жауынгерлерге демалыс жариялар кезде берілетін белгінің орнына барабанын дүңкілдетіп ұрып жіберді. «Алға, ұмтылыңдар!» Жауынгерлер барабанның бұйрығына бағынып, алға ұмтылды. Иә, титықтап шаршап, шегінуге қам жасай бастағандарды жігерлендіру үшін аз күш жұмсаған жоқ.
Бұл шайқас талай өмірді өшірді, гранаттар адам денесін жапырақтап жұлып, жаралылар жасырынып, жан сақтау үшін еңбектеп жеткен шөп маяларын өртеді. Мұндай ғаламат сұмдықтарды еске алғаннан пайда жоқ, әрине. Солай болса да алдымен осындайлар ойға түседі. Тіпті майдан алаңынан қашықта жатқан бейбіт қала тұрғындары да соғыстың осындай қияметтерін ойлайды. Барабаншы әйелі екеуі соғыс-сойқанның осындай сұмдықтарын ойлаудан жалықпады. Өйткені олардың жалғыз ұлы Петер соғыста жүр ғой.
Адамдардың қыңсылап жылағанынан-ақ жалығып болдым, – деді бірде барабан.
Бұл шайқас әбден қызған күн еді. Күн әлі шықпағанмен таң әлдеқашан ағарып атқан-ды. «Құдайға сеніп тапсырған» ұлдары туралы сырласып, түннің бір уағында көз ілген барабаншы мен әйелі бұл кезде тәтті ұйықтап жатқан. Барабаншы ғажап түс көрді. Соғыс біткен екен дейді, жауынгерлер қайтып оралыпты, Петердің кеудесінде күміс крест жарқырайды. Ал анасының көргені мүлде басқа түс. Ол шіркеуге барып, ағаштан жонылған және кенепке салынған әулиелерге қарап тұр екенмін дейді. Олардың арасынан алтын бұйра шашты сүйікті ұлы алтын баласы орын алыпты. Үстінде аппақ киім, тек періштелерге ғана тән дауыспен ғажайып бір әнді шырқап тұр екен дейді. Біраздан соң ол анасына еркелей бас изеп, әулиелермен бірге аспанға көтеріліп, күнге қарай ұша жөнелгендей болды.
Менің алтын балам! – деп шошына дауыстаған әйел оянып кетті. Оны жаратқан ием өзіне шақырып жатыр екен ғой. Басын салбыратып, қолын жайып, еңіреп жылап жіберді. Қай жерде жатыр екен-ай! Бір топ жауынгермен бірге жерленді ме? Бәлкім, терең сазға батып кеткен шығар. Оның мүрдесін ешкім де білмейді! Оның басына барып, ешкім де дұға оқымайды!
Ол ерні дірілдеп, діни әуенді ақырын ғана айта бастады. Сонан соң басын жастыққа қойып жатты. Біраздан соң қалжырап шаршаған әйел ұйықтап кетті.
Кеш батты, майдан алаңының үстіне кемпірқосақ керілді. Ол бір басын үлкен орманға, екіншісін терең сазға тіреп алған. Кемпірқосақтың ұшы тірелген жерде бай қазына, алтын бар дегенге жұрт сенеді. Иә, шынында да, дәл сол жерде алтын-алтын бала отыр еді. Туған анасынан басқа ешкім де кішкентай барабаншы туралы ойлаған жоқ. Анасының қорқынышты түс көруі де тегін емес-ті.
Күндер өтіп жатты, өмір бұрынғы ағысынан жаңылған жоқ, түс дегендер де ұшып келіп, ұшып кете берді...
Оның басындағы алтын шашының бір талы да түспеді.
Егер ол ұлын күтпесе, оның қайтып келе жатқаны туралы түс көрмесе барабанға қосылып: «Трам-там-там, міне, оның өзі», – деп әндетері анық еді.
Айқайлап, ән салып, «уралап» даланы жаңғыртып, мойындарына көк өрім алқа таққан жауынгерлер қайтып орала бастады. Соғыс бітіп, бейбіт күн қайта орнады. Жолын үш есе ұзартқысы келгендей үлкен-үлкен шеңбер жасап жүгірген полк иті саптың ең алдында жортып келеді.
Күндер, апталар өтті. Ақыры Петер де қайтып оралды. Ол жабайы адамдай күнге күйіп, тотығып кетіпті, бірақ көзі мен жүзі мың құбылып, нұрланып тұр. Шешесі ұлын қапсыра құшақтап алды да, ернінен, көзінен, сап-сары шашынан айызы қанбай сүйді. Жалғыз ұлы аман-есен қайтып келді. Рас, әкесі түсінде кергендей ол күміс крест тағып оралған жоқ. Жаратқан анасының тілеуін берді. Петр денесінің бір жеріне сызат түспей аман-сау келіп, ата-анасымен қауышты. Бұдан асқан қуаныш бар ма! Олар қосылып күліп, қосылып жылап, мәре-сәре болды. Петердің қуанғаны сонша, ескі барабанын құшақтап:
— Сен әлі осында ма едің, қартым! – деп бауырына басты. Ал әкесі болса барабанды даңғырлатып қағып-қағып жіберді.
— Ойлап көрші, шынында да, үй өртеніп жатқан сияқты. Төбесі де, жүрегі де өрт-жалын, алтын бала қайтып келді! Трам-там-там, – деді барабан даңғырлап.
Бұдан кейін ше? Бұдан кейін не болды? Далалық музыканттың сөзін тыңдап көрелік.
Петер барабаннан да үлкен болып кетіпті. Тіпті ол менен де асып кетеді, – деді ол, сарай дүкеншісінің ұлы болғанына өкінгендей. Оның бүкіл өмір бойы үйренгенін Петер жарты жылдың ішінде ғана меңгеріп шықты.
Барабаншының бойында ақ көңілділік, ақ жүректілік секілді жақсы қасиеттер бар еді. Оның тұп-тұнық көзі мен алтындай жарқыраған шашын көрген жан баланың осы бір ерекше қасиетін жоққа шығара алмайтын.
— Ол шашын боятып жүрсе ғой, – десті көрші туратын әйел. Полицмейстердің қызы шашын боятып еді, қалыңдық болып шыға келді.
— Оның шашы соңыра бәрібір балдыр секілденіп, өз түсіне қайта келген жоқ па. Ол енді шашын өмір бойы бояп жүруге тиіс.
— Несі бар, бұған оның байлығы жетеді, – деді көрші тұратын әйел. Ондай байлық Петерде де бар. Ол ең атақты үйлермен араласып тұрады. Тіпті бургомистрмен байланысы бар. Оның қызы Лотта бикешті фортепьянода ойнауға үйретіп жүрген де сол.
Ол, шынында да, жақсы ойнай білетін. Жан-жүрегімен беріліп ойнайтыны соншалық, оның саусақтарының астынан ешбір нота қағазына түспеген ғажайып әуен мамырлап ұшып жатады. Ол айлы түндерде де, көзге түртсе көргісіз қараңғыда да фортепьянода дамылсыз ойнай беретін. Бұлай сарылып отыра беру еш мүмкін емес дейтін барабан мен көршілері.
Ал ол ешқашан шаршамайтын. Ғажайып қиялдарға мініп даңқ тауының ұшар биігіне қарай қалықтап ұшып кете беретін...
Бургомистрдің қызы Лотта фортепьяно ойнап отыр. Оның клавиштердін үстімен жүгіріп жүрген нәзік саусақтары Петердің жүрек қылын шертіп-шертіп жібергендей болды. Кенеттен жүрегі үлкейе-үлкейе кеудесіне сыймайтын тәрізденді. Бұл бірінші рет емес еді, сан рет қапталанған. Бір ретте Петер қыздың сүп-сүйкімді сүйріктей саусақтарын ұстай алып, оның қолынан қадалып сүйді де, жаудыраған үп-үлкен көзіне тік қарады. Оның дәл осы сәт қызға не айтқанын бір құдайдың өзі ғана біледі. Біз тек болжам жасай аламыз ғой... Лотта ләм деп аузын ашқан жоқ, құлағына дейін қызарып кетті, дәл осы сәтте бөлмеге бөгде адам статс кеңесшісінің баласы кіріп келді. Оның маңдайы соншалық кең, әрі жып-жылтыр екен. Тіпті желкесіне дейінгі аралықтың бәрі маңдай секілді, бір тал шаш жоқ. Лотта оған елжірей қарап, қуана езу тартумен болды.
Кешкілік үйіне қайтып оралған соң ол бөтен жұрт және өзі үшін қыл қобызының шанағында жасырулы жатқан қазына-байлық туралы әңгіме қозғады.
Даңқ!
— Трум-тум-тум! Туммелум! Ол мүлде есінен адасқан! Шынымен-ақ, өртеніп жатқан сияқты! – деді барабан даңғырлап.
Ертесі шешесі базарға кетті.
Жаңалықты естідің бе, Петер? – деп сұрады ол қайтып келген соң. Өте қуанышты хабар бар! Бургомистрдің қызы Лотта кеше кешкілік статс кеңесшісінің ұлымен некелесіпті!
— Мүмкін емес! – деп Петер айқайлап жіберді де, орнынан атып тұрды. «Рас» – деді шешесі. Сонан соң бұл жаңалықты шаштараздың әйелінен естігенін, ал оның күйеуіне неке туралы бургомистрдің өзі айтқанын ұлына баяндап берді.
Петердің жүзі қуарып, орындыққа құлап түсті.
— Құдайым-ай! Саған не болды? – деп шешесі шошып кетті.
— Ештеңе, ештеңе болған жоқ! Мені жалғыз қалдыршы, – деді ол. Көзінен ағыл-тегіл жас парлады.
— Балапаным менің! Алтыным-ай! – деді де анасы ұлына қосылып жылап жіберді. Ал барабан болса «Осымен ән бітті» – деп іштей әндетті.
Бірақ ән аяқталған жоқ еді. Оның әлі айтылмаған ғажайып, алтын шумақтары көп болатын.
— Қарай гөр өзінің бәлденуін, ұзатылатын қыздай қылымсуын! Бүкіл әлем мұның алтын баласының оқып, барлық газеттің бала мен оның қыл қобызы туралы жазғандығына құлақ түру керек сияқты. Ол буған аз ақша жібермейді, – деп күңкілдейді Петердің шешесімен көрші тұратын әйел.
— Ол қазір патшалар мен императорлардың алдында өнер көрсетеді! – деді кеудесін мақтаныш кернеген қалалық музыкант. Бұл бақыт менің басыма қонбағанмен шәкіртім жетті. Ол өзінің кәрі ұстазын ешқашан ұмытпайды.
— Әкесі бір кезде Петердің соғыстан күміс крест тағып келгенін түсінде көріп еді. Бірақ соғыстан ондай абыроймен оралу өте қиын ғой. Дегенмен оның қазір әлгідегіден да бағалы кресі бар. Шіркін-ай, әкесі тірі болса ғой, дейді анасы.
— Ол аса данқты адам! – деп даңғырлады барабан.
Барабаншының ұлы бір кезде ағаш шоқай киіп,жүгіріп жүретін кешегі бала барабаншы, би кештерінде қобыз тартатын сап-сары Петер бұл күнде даңқты адам! Осы бір сөз бүкіл қала тұрғындарының аузынан түспейтін болды.
— Ол патша сарайынан бұрын біздің үйде ойнаған, дейді бургомистрдің әйелі. Ол сол бір шақта біздің Лоттаға ес-түссіз ғашық еді. Ол әрқашан қолы жетпеске ұмтылатын. Оның сол бір кездегі әрекеттері тым өрескел еді ғой. Баланың, әлгіндей ақмақ пиғыл, ниетін сезіп, менің күйеуім қарқылдап тұрып күлетін-ді. Ал біздің Лоттамыз қазір статс кеңесшісінің зайыбы!..
Бір кезде титықтап шаршап, шегінуге тырысқан жауынгерлерге күш-қуат беріп, шабуылға бастаған кішкентай барабаншының жаны мен жүрегі тұтастай алтын еді.
Оның кеудесі, шынында да, алтын қазына, ғажайып әуендердің көзі сарқылмас қайнарындай еді. Осынау әуенге сары шымшық пен адам баласының сан құбылатын ғажайып үні сыйып жататын. Оның әніне тыңдаушы біткеннің аса таң қалатыны және кішкене баланың атақ-даңқының лез демде өз елінен шет аймақтарға кең тарап кетуінің бірден-бір себебі де Петердің дауысының ғажайып құдіретінде еді. Ол тыңдаушылардың жүрегін от-жалынға орап, оларды кереметтей таң қалдыратын.
— Қандай көрікті еді! дейтін әйел біткен таңырқап. Олардың ішіндегі ең кекселерінің өзі жас скрипкашының сәнді шашынан бір тал сұрап алуды ғана сылтауратып, атақты адамдардың бұрымдарын жинау үшін әдейі альбом да жасады.
Бекзададай киінген, патшадай бақытты кейіптегі Петер барабаншының жұпыны бөлмесіне ақыры қайтып оралды. Оның көзі мен жүзі күндей жарқырап тұрды. Анасы ұлын құшақтап сүйіп, қуаныштан көзіне жас алды. Ал ол болса анасын құшағына басып тұрып, өзіне таныс бұйымдардың бәріне үстінде шай ішетін ыдыс және гүл салынған құмыра тұрған сандыққа, кішкентай кезінде өзі ұйықтайтын ағаш орындыққа соншалық үлкен ілтипатпен бас шұлғумен болды. Сонан соң ескі барабанды бөлменің ортасына әкеліп қойды да:
— Әкем болса ғой, қазір оны даңғырлатып тұрып қағар еді. Оның орнына қазір мен қағамын! – деді де, барабанды бар күшімен ұрып-ұрып жіберді. Оның даңғырлағаны соншалық, жер-әлем жаңғырықты. Барабан аса қатты масайрады. Бірақ оның әбден ескірген шаранасы алапат соққыға шыдамай жарылып кетті.
— Жұдырығы қандай ауыр еді! – деді барабан. Осыдан кейін мен оны қалай ұмытармын. Әне, ұлының күшін көріп, сорлы анасы қуаныштан жарылып кете жаздап тұр. Алтын бала туралы бар әңгіме осы.
Аударған Б.Мұқаев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі