1. СЫБАННЫҢ МОЛАСЫНДА
Ел Көксеңгірдің күнгейінде. Жайлауда жиын отырған көп ауылдың кешкі жылқылары суға келіп шығып, алды өріске кетіп бара жатқан мезгіл еді. Жаңа жамыраған қойлар дүниені у-шу қылып мазаны кетірген соң, біз ауыл иесі Жортар ақсақалмен әңгімелесіп, құдықтың желке жағындағы тастақ төбенің басына таман аяңдап келе жаттық.
Оңтүстік жақ жазықта жапырлап отырған көп ауыл айналасында шұбыртып қыбырлап жүрген малдарымен бірқалыпты жасыл даланың түсін түрлендіріп, көз қуантып тұр.
Көкжиектен асып бара жатқан күн ақырғы алтынды шұғыласымен далаға көрікті нұрын төгіп, ауылдың кешкі қызулы өмірін қызықтандырып тұрғандай. Төбенің басына таман көтерілген сайын, біздің көз алдымыздағы көрініс суреттің ауданы кеңейіп, қыр өмірі өзінің ең дырдулы шағын көзге көрсеткендей болды.
Даладағы мөлдір таза ауадан, сүйкімді суреттен көңілге белгісіз бір үміт кіргендей болады, қиял кезеді. Қөңілдің осы шағына не үйлесер еді деп ойлап келе жатқанда, көңіліме бұрыннан есте жүрген бір нәрсе түсті. Ол — қасымда келе жатқан Жортар ақсақалдың ерте замандағы басынан кешірген бір әңгімесін тыңдау еді. Жортар жас шағында осы ортаның айдынды қолбасы, батыры болған. Ол кезде маңайдағы ел атағынан шошитын. Тыным-тыныштықты білмеген, барымта, соғыс десе — алағызып қолды-аяққа тұрмайтын қызулы жас болыпты. Жортар мықтылық, батырлығының үстіне, ауызға ілінген найзагер болды десетін. Бұл сипаттың бәрін мен бұрыннан естігенімнің үстіне, сол батырдың шал болып қартайған түсін көргенде, ұзақтап алысқа кеткен ескі күннің көмескі түсі елестегендей еді. Сүйекті зор денесі апсағайланып, үлкен басы, келбетті түсі салқын сабырмен маңғазданып, туыстағы ірілігін бір көрген кісіге де білдіргендей. Көп бейнет, көп жылдардың ізіндей болып, бетіне түскен қатпарлы терең әжімдері ескі тентек күндердің таңбасы сияқтанады.
Ұзақ жолда ыстық күннен оңғандай болып сарғыш тартқан отты көздері, үлкен құлақ, кесек мұрны бұл адамды ескіліктің тірі қалған белгісіндей көрсетеді. Жортар ескінің шын сарқыты деседі. Қасымыздағы екі-үш кісімен дөң басына келіп отырған соң, көңілге алған тілекті айттық.
Ақсақал басында әдепті жылы шыраймен: қарағым, көргеннің көбі көмескі тартып ұмытылып қалды ғой, еске түседі деймісің? — деп аз отырды. Артынан қасымызға отырған Құдайберген ақсақал: «Айтып бер бір әңгімеңді балаларға, енді бізге әңгіме айтқаннан басқа не қалды?» — деп күлген соң, Жортар ақсақал бар әңгімесін айтпақшы болды.
Батырдың ұғымды шешен тілмен айтқан әңгімесі мынау еді:
— Сендерге мен көрген соғысымды, ұрыс-төбелесімді айтпай-ақ қояйын, — деп бастап келе жатып, сары шақшасып суырып: — Өзімнің бір қатты қорыққан жерім болды, соны айтайын — деді.
Біз тыңдауға ыңғайланып, батырдың салқын жүзіне телміріп: «Айтыңыз, айтыңыз!» — дедік.
— Өздеріңдей жас шағым еді — құлағы көрініп, аты естілген пәле болса, іздеп барып соқтығатұғын. Ол кезде «көп қолмен» көшкен елдей шұбатылып кім жүреді дейсің? Ұзақ жорық болса да, көбінше жалғыз - жалғыз аттанатұғынбыз. Аз жүрсек — ай жүреміз, апта жүреміз кейде талай айға шейін жоғалып та кетуші едік. Жортуылға шыққанда көбінесе баратынымыз — өр болатын. Тарбағатайдан асып барып, Қара Керейді, Семіз Найман — Мұрынды торимыз.
Бір жыл күздігүні сол жаққа қарай аттандым. Қарашаның кезі еді. Өрге қарай жүріп, Сыбанның ішіне жеткенімде сол елдің бір Төбет деген батыры есіме түсті. Менімен кездесуге ізденіп жүр дегенді алдында естігенмін.
Далада ұзақ жүріп еріккен соң, қадап шыққан жауым ол болмаса да, бір шайқасып кетпек болып, бір түнде соның ауылының тұсына келдім.
Сол жылы күз жаңбырлы болған. Түстен бері қарай бір мазасыз жауын дамыл алмай құйып тұрған. Кеш батқан coң күн ашыла ма деп едім — ашылмады. Оның үстіне бір қара суық жел шығып, гуілдеп соғып, мазаны кетіре бастады, Түн көзге түртіп алса көрінбейтін тастай қараңғы еді.
Бірақ бір қасиетім — қысқы ат құлағы көрінбейтін ақ боранда, жазғы тұнжыраған меңіреу қара түнде адасу дегенді білмеуші едім. Іздеген Төбеттің ауылының тұсына дәл келген екем. Аласұрып ұйтқып соғып тұрған жел даусымен бірге сол жел жағымда алыста жатқан қалың жылқының сарынын естідім.
Астымда есік пен төрдей ақ боз атым бар. Өзі алысшыл, төкпектеп шабатын мықты жылқы еді. Шу деп салғанда кібіртіктеп шаба алмайтын. Әрберден соң, ұшқыр жылқының бәрі жетпеуші еді. Әлгі атым қатты жаңбырдан жиреніп, жөндеп жүрмей, ығысып келе жатыр еді. Бір мезгілде осқырып тұра қалды. Аттың жалына жатып қарасам, алдымда бір қарайған тұр екен. Біраз жүріп қасына келдім, қарасам — төрт құлақты бейіт.
Бір Сыбанның моласы болса керек. Әлгіге келгенде өзімнен, бір жағынан, суық жел өтіп, бір жағынан, су өткен соң, жаңбыр айыққанша осында тұра тұрайын, күн ашылған соң, Тәбетті тауып алармын деп аттан түстім де, жетектеп бейіттің аузына әкеліп, ыққа қойдым.
Шылбырды беліме байлап, өзім моланың ішіне кіріп, төрдегі бір бұрышына барып отырдым. Бейіттің іші тастай қараңғы: көзге түк көрінбейді. Жел гуілдеп соғып тұр. Жаңбыр да басылмайды: сытырлап жауып тұр. Бейіттің ішінде біраз отырып бойым жалынған соң, қамшымды жерге тіреп, соған екі қолыммен сүйеніп, басымды қойып отыр едім, қалғып кетіппін.
Алдында бейіттің іші тіпті қап - қараңғы болып, көрдей азынап тұрған соң, алғашқы кірген жерде кішкене етім сескеніп еді. Артынан көзіме бөтен ешнәрсе көрінбеген соң, тынышталып отырдым. Бұрын әркім сондай кезде бейітті жерде жынпері, жезтырнақ дегендер кездеседі дейт ұғын.
Бірақ ол жерде бұның ешбірін де ойыма алған жоқпын. Сөйтіп отырып көзім ілініп кеткен екен, бір мезгілде маған қарсы бір бұрышта бір нәрсе тырс еткендей болып еді, қап-қараңғы меңіреу болып тұрған бейіттің іші жарқырап кеткен сияқтанды. Өзім ондайда сергек ұйықтаушы едім, көзімді ашып алғанда ұйқым шайдай ашылып кетті.
Әлгінің. не пәле екенін біле алмадым, жүрегіме қорқыныш кіре бастады. Бір ойдан, бұл мені айналдырып жүрген шайтан ғой деп ішімнен білген дұғамның бәрін оқып отырмын. Дыбыс шыққан жаққа барып, жөнін білуге де дәтім шыдамады. Төменшіктеп бұққандай болып, көзімнің астымен қарап едім, қараңғы бұрышта бір тіпті үлкен нәрсенің қарауытқан нобайы көрінген сияқтанды.
Бұрынғыдан да шошынып, не қыларымды білмей, отырып қалдым. Сол күйде бір азғантай отырған соң, бір мезгілде әлгі тырс еткен дыбыс тағы шықты. Бейіттің іші әлгіден де жарық болып кетіп артынан бәсеңдегендей болды. Алғашқы кезде қарауға дәтім шыдамай бұғып қалып, артынан бәсеңдеген соң сол жаққа көзім түсіп кетіп еді: құдай көрсетпесін — көзіме өзінің бұрын түсін көрмеген, атын естімеген бір пәле көрінді.
Алғашқы көрген кезде «жалмауыз» дедім. Нобайы адамға ұқсамайды. Қап-қара, тырдай жалаңаш. Бойы еңгезердей үлкен, биіктігі кісі бойы — қол сұғымдай,. шашы бұрқырап тұр. Көзіме түскен әсіресе қорқынышты жері — аузы. Ырсиып от болып, тістері ақсиып сойдиып тұр екен. Аузынан кәдімгідей от бүркіп тұр.
Әуелгі қараған жерде өзге ешбір жері көрінбейді. Қараңғы бұрышта қып-қызыл от болып жанып тұрған ырсиған ауыз, ақсиған тіс қана көрінгендей болды. «Жалмауыз, не айдаһардың аузы» дедім.
Зәрем кетіп қалды. Сөздің шыны керек, тұрайын десем, буынымды баса алатын емеспін. Тағы екі рет тырс етіп, жарқ-жарқ етті. Бір жолда ақырын қарап едім, тағы да от болып тұрған ауызды көрдім.
Енді ол жаққа қараудан қалдым. Жердің тесігі болса, кіргендей боп басым төмен тұқырып өзім бұғып, бір орнымда қатып қаппын: қозғаларға шамам жоқ. Қашан келіп бассалар екен деп, құр сүлдем отыр. Атым әуелгі жарық шыққанда ішін тартып осқырып, атқып жөнелгенде шылбырды үзіп кетіп қалған.
Ойлап отырғаным ат емес. Қарудан найза мен шоқпарым бар еді. Оның екеуін де, бейітке кірерімде, сыртқа сүйеп қойып кеткем. Жалғыз ғана семсерім бар еді — ол ішімде, қында болатын. Енді соны алуға да дәрменім келмеді. Қыбыр етіп қозғалсам, бассалатын сияқты қорқып отырмын.
Уақыт сонда түн ортасының мезгілі ғана еді. Жел бұрынғыдай алай-түлей болып соғып тұр. Күн ашылған жоқ, жаңбыр да шелектеп құйғандай болып, сабалап жауып тұр. Әлгі бәленің түсін көрген сайын: «Өлген жерім осы ғой, жапан түзде бір айдаладағы моланың ішінде қаңғырып өлуге жазған екен ғой», — деп отырдым.
Сөйтіп, зәрем кетіп отырғанда: әлгі нәрсе қыбырлап, маған қарай қозғалғандай болды. Қарауға дәрмен жоқ. Бір суық пәле келе жатқанын тек денем сезді. Иманымды айта бастадым. Бір мезгілде: тырс еткізіп дүниені жап - жарық қып жіберіп, қараңғыда құтырғандай қатты дауыспен ақырып келіп, иығымнан бассалды.
Еңгезердей, қап-қара болып үстіме төніп келе жатқанда, өзіме қарай созылып келе жатқан қолдарына көзім түсіп еді. Қолдарының ұзын салалы қап - қара саусақтары бүркіттің тұяқтарындай болып бүрісіп, тырысып, сіңірі тартылғандай көрінеді. Қапқалы келе жатқан қасқырдың аузындай ырсиып ашылған шеңгел түйіліп келе жатыр екен. Үстіме аюша ақырып келіп қона түскенде, сол шеңгелімен сүйектерімді ұсатады ғой деп отыр едім, жоқ — олай тимеді, тегеуріні қатты болса да, қолы адамның қолы сияқты.
Иығымнан басып келіп, жұлқып сүйреп, әмірлі дауыспен ақырып:
— Киіміңді тастап көрге кір, сен өлдің! — деді. Даусы кісінің даусы екеніне әбден көзім жетті. Сонан соң жүрегім орныға бастады. Сүйреуге айналғанда, екі қолынан ұстап, алыса түрегеліп:
— Мен киімімді тастағанда, сен киетін шығарсың!? Мен туғанда да шешем еркек бала таптым деп қалжа жеген, құдай - ақ та! — деп жағаласа кеттім.
Мұнан кейін оның да, менің де үнім өшті. Қараңғы бейіттің ішінде екеуміз шаппа-шап келіп қапсыра құшақтасып, таласқан екі аюдай үн-түн жоқ сіресіп, қатып қалдық.
О да қысты, мен де қыстым; жалаңаш еті басында ұстауға ыңғайсыз болып еді, құшақтап алған соң, жақсы болды. Аздан соң ышқынып келіп, опыр - топыр болып, кезекпе - кезек қайрат қылып алысып кеттік. Байқауымша күші маған соншалық басым көрінбейді. Бір мезгілде қуатымды әбден жиып, жүрегімді тоқтатып алып, тік көтеріп алып, жерге қойып келіп жіберіп, кеудесіне мініп алдым. Өзіме - өзім сүйсінуім әлей болды! Бағанадан қорқытқанның ызасы үшін: бір қолыммен кеңірдегін қысып, қылғындырып, бір қолыммен өкпеден қойып-қойып жіберіп, семсеріме ұмтылдым. Оны жан дәрмен суырып алып, қайнаған ашумен бауыздап жібергелі тамағына алып барғанымда, қараңғы түнде жарқ еткен семсерді көріп:
— Ой, сен Жортармысың? Жұдырығыңнан таныдым ғой! — дегені.
Сол арада дауысынан мен де тани кетіп, семсерімді тастай бердім. Тоғай байындағы Бура — Алтаяқ деген батыр екен. Бұрын жорықта кездесіп бір бақырдан дәм татысқан тату едік. Бағанадан бері қорқып отырған тажалым сол болып шыққаны!
Сөйтсем ол Сыбанды тори келіп, бір күні күндіз елсіз таудың ішінде қарауылсыз бейғам жатқанда, Төбет келіп түсіріп алған екен. Соның қолында бір айдай тұтқында жатып, нақ сол күні түнде қашып шыққан екен. Түн суық жауынды болған соң, киімі нашар, тоңып, әдейі бейітті пана қыла келіпті. Мен келген соң, құдай бір жұмсақ жемді берді деп күш жұмсап айламен алмақ болып, барлық киімін тастай қойыпты. Бойында қару жоқ. Жалғыз бұйымы: елінен алып шыққан бір сауыт сіріңкесі бар екен. Әлгі бағана тырс етіп, жап -жарық боп кететін уақытта, соны шағып жіберіп, отымен аузына тығып үрлей қояды екен. Менің, зәремді кетіріп жүрген ырсиған ауыз сол сіріңкенің кеселінен болып тұр екен. Ол күнде сіріңке қуды кім білген? От керек болса, шақпақ қуды тұтатып алып, жаға қоятынбыз. Сөйтіп мені қорқытып жүрген — жаман сіріңке болып шыққаны деп, — ақсақал мәз болып күліп, әңгімесін тоқтатты.
Бәріміз де ақсақалдың шын күлкісіне қосылып, қошеметтеп күлісіп, қас қарайып қалғандықтан, ауылға қарай жүрдік.
2. ТЕКШЕНІҢ БАУЫРЫНДА
Бір жылы июльдің аяқ шенінде жайлауда отырған қалың елден түс ауа шығып, қалаға қарай бес кісі келе жаттық. Бәріміз де салт аттымыз. Қала біздің елдің жайлауынан үш күншілік жерде - тін, ішіміздегі үлкеніміз Сүлеймен мен сол кісінің замандасы Қали еді. Бұл екеуі бір ауылнай елдің жер жайындағы приговорын алып, қалаға арыз бергелі бара жатқан. Біз екі жігіт оқуға келеміз. Бесінші жігіт Бейсембай, бәріміздің атқосшымыз еді.
Ауылдан аттанарда біз тез кетіп қалуға елді қимай, оны - мұныға бөгеліп, ақсақалдардың жүрейік деген мезгілінен кеш шығып едік. Өзіміздің ауылдан шығып алған соң Сүлеймен ақсақал:
— Бүгін кешке таудың күнгейінде отырған елдің біріне барып түсіп, ас ішіп алып, түн қатып жүріп кетеміз, түнде жүріп таудан асып алған соң, аржағындағы жолдың қиындығы болмайды. Ертең күн қызғанша ойдағы елге де барып қаламыз. Түнде жүрген жүріс адамға да, атқа да жеңіл болады, — деп жол туралы өзінің істеген байлауын бізге білдірді.
Біз үндемей көндік. Бізге ауылдан шығып кеткен соң, қалай жүрсек те бәрібір сияқтанып еді. Оның үстіне тау ішімен жарық айлы түнде жүру өз бетінде бір көңілді жүріс болатындай көрінді.
Сол бетпен ымырт жабылып бара жатқанда қалың таудың күнгейінде отырған үш-төрт ауылға келіп, соның біріне түстік. Ақсақалдар күні бойы үй иесімен әңгімелесіп отырды. Біз шай ішіп алған соң, түн қатардың алдында ұйықтап алмақ болып жатып қалдық. Бірақ көпке шейін ұйқы келмеді. Көз алдымнан бүгін шыққан ауылдың жаз бойғы қызығы, жайлаудағы өмірдің көз керген көп желігі, рақаты бірінен соң бірі келіп елестеп, ұйқы бермеді. Ақырында, талып шаршағандай болып, ұйықтап кеттім.
Біз оянғанда етті жасап, алдымызға әкеп қойған екен. Үйдің іші алакөлеңке, жеке жаққан шам жоқ, жарық қып тұрған — қазан - ошақ астындағы тезектің оты. Бұл кейде өшуге айналып бәсеңдеп, кейде жалыны үлкейіп лаулап, жарқырап кетеді.
Үй іші оттың күйіне қарап: біресе — қоңырқай тартып, қарауытып көлеңкеге айналады; біресе — түсі жадырап күлгендей болып көңілденеді.
Шала ұйықтағандықтан, мең - зең болып бойды көтере алмай, ұйқылы көзбен отырып тамақ ішіп алған соң, өзімізді - өзіміз зорлықпен сергітіп, атқа міндік.
Кештен бері отта тынығып, белі көтеріліп қалған аттар, түнгі жүріске өте көңілді сияқтанды. Ығысып, жіті жүріп, қатты аяңдап есіп келе жатыр. Ат үсті алғашқы мінген жерде өзінің көңілді желігімен ұйқыны ашып жібергендей болды.
Бүгінгі түн жарық, айлы. Қалғып қана тыныс алған майда түн еді. Қөңілге әлдеқайда: тоғайлы, ұйқылы, маужыраған сайда күбірлеп сөйлеп, сүлдер құрып, үзіліп тұрған көздерді еске түсіргендей еді. Түн сондайлық өзгеше демалыстың, жанды сағаттың түні еді - ау! Шіркін, құрбының сондағы тілі тәтті еді - ау! — деген әлсіз арман ойға леп - леп ұрады.
Ауылдан шығып біраз жүрген соң, тау ішіне кірдік.
Біз жағалап келе жатқан жіңішке өзен кейде жағасы ұсақ тоғайлы болып, кейде қалың шалғынды болып, иіріліп, көлденең таудың ішін жарып өтуші еді. Соның жағасындағы жалғыз аяқ жолмен бірде шұбырып, бірде қатар жүріп келе жаттық. Жанымызда жіңішке өзен сылдыр қағып, жас жыланша сумаңдап, нәзік тілмен бір нәрсені былдырлап айтқандай болып, еріп келе жатты. Кей жерде суы кеңейіп алаңға шығып, ай сәулесімен ақ беті жарқырап күлгендей болады. Кей жерде күлкілі жүзі өзгеріп, қоңырқай тартады.
Елсіз шың, ұлы таудың іші жым - жырт. Өзеннің бірсыдырғы сыбырынан басқа, дүниедегі ұйқы тыныштығын бұзған ешбір естілген дыбыс жоқ.
Тау ішімен өзенді өрлеп көп уақыт жүрдік. Сай мен өзен тау ішінен мүйіс жасап иіріліп бұралған сайын көз алдымызға жаңа сурет, жаңа көрік көрініп отырды.
Жалғыз - ақ анда - санда әлдеқайда тау астында жүрген түн құстарының бірқалыпты қатты дауыспен, жүргіншіні шошытқандай болып, қылғынып айтып қалған сұңқылы естіледі. Кейбіреулері қарауытқан ұйқылы қанаттарын жалпылдатып қағып, мезгіл - мезгіл біздің үстімізден өтіп кетіп жатты.
Уақыт түн ортасынан өтіп, таңға жеңіл бір ұйқының шамасындай қалғанда, таудың тең жарасынан өттік. Алдымызда Қоянды тауының ең үлкен биігі — Текшенің қара қошқылданған биік басы керінді.
Жүретін жолдың азайғанына бәріміз де көтеріліп, серги бастадық. Қатарымызда келе жатқан Сүлеймен ақсақал Текшенің басын кергенде есіне бір әңгіме түскендей болып, бізге. бұрылып қарап:
— Балалар, жолдың өзі де қысқарып қалды, сендердің ұйқыларың да келген шығар: мен жол қысқарту үшін бір әңгіме айтайын, — деді.
Біз ықыласпен тыңдайтындығымызды білдірдік.
Сүлеймен ақсақал жас кезінде елдегі көп құрбыларының әуеніне кіріп, ұрлық қылған еді. Ол кезде алысқа топтанып аттанып, бейнетті қиын жол көріп, соғыста болу ескі батырлықтың сарқытындай көрініп, ел ішінде қолы бос жүріп желік іздеген бозбалаға ең қызықты істің біріндей болыпты, тіпті жауынгерлік, өнерлілік саналыпты.
Сүлеймен сол ретпен неше жылдай аты шыққан тынымсыз ұры болып жүріп, артынан тоқтатқан екен.
Біз әңгімесін күтіп келе жатқанда, ақсақал насыбайын баптап иіскеп алып:
Мынау көрініп тұрған Текшенің биігін көрген сайын, жас күнімізде істеген бір тентектік еске түседі.
Көп заман болды. Жылында, кем болса, екі-үш рет топтанып аттанушы едік. Ол күндегі қолбасы Жобалай батыр болатын. Атағы шығып жүрген кезі. Жасы сонда 30—35-тің шамасында. Аттанарда бізге астыртын хабар жібереді: «Пәленше күні аттансын, пәлен жерде табысамыз», — деп. Айтқан күнінде, хабарын екі қылмай, қуанып аттанамыз. Сонан соң алыс елге кетіп, бір ай, жарты ай жүріп қайтатынбыз.
Бір күні ел жайлауда еді. Бәйгі торы ат деген атым бар. Соны әбден мейіздей қылып қатырып алған кезім еді. Кешке жақын әлгіні суарып: «Енді бір қызығын көрсем-ау!» — деп тұр едім. Құдық басына бір жігіт келіп, Жобалайдан хабар әкелді. «Бүгін түнде не қылса да Текшенің бауырына жетсін. Өзге жұрт сол жерге жиылды. Ертең кездесетін бір жау бар!» — депті.
Ауылдың үлкендері көрсе, жібермейді. Әкемнің дәулеті сол күнде де мол болатын. Сондықтан менің ұрлық қылғанымды барлық ағайын - туысқан иттің етінен жек көретін.
Ұрланып жөнелдім. Болжал жерге жеттім. Жете бере әуелі бір иекартпа кезең бар еді — соған шыға келсем: аттарына өре салып қоя беріп, қарауылсыз - дәнеңесіз, қаннен-қаперсіз жатыр. Көп кісі жиылып қалған екен. Сонан бұларды бір қорқытайын деп қиқу салып: «Қапта - қапта!» — деп тиіп кеттім. Аттары үркіп, жосып шығып кетті. Бірталайы есі шығып бұғып қалды. Келе араласып, бір-екеуін төбеден сойылмен нұқып: «Бас көзді!» — деп жүр едім. Ешқайсысы мені таныған жоқ. Бір мезгілде артыма қарасам: жалаң аяқ, жалаң бас, қолында басы шәугімдей ұзын қайың шоқпары бар Жобалай:
— Уә, кәпір-ай, жасанып жатқан топқа жалғыз шабатын сен — Жобалай шығарсың! — деп келіп қалыпты.
Сонан соң мынау бір жерімді ұсатады екен деп шошып кетіп, бетіне қарап күліп жібергенім. Тани кетті. Бәрі де тұрды, жиылып әңгімеге кірістік: қайда барамыз, не істейміз дестік.
Жобалай жайды ұқтырды. Соның алдында бәріміз бірдей кіжініп, өштеніп жүрген жеріміз — Найман ішінде бір Мырзатай дегеннің ауылы болатын. Жазғытұрым сол ауылдың үстімен аржағындағы Керейге Жобалайдың інісі Сыпатай қасында екі жолдасымен аттанып бара жатқанда далада ұстап алып тонап, өлімші қылып сабап, содан бір ай дегенде зорға келген.
Қасындағы жолдастары қашып кетіп, өзін таудың ішінде елсізде сабап - сабап мыжғылап, өлуге айналған соң: «енді бұл өлді» — деп, бір тасқа тығып кеткен. Артынан бес-алты күннен соң тағы сол жолмен бара жатқан біздің елдің бес - алты кісісі әлгі тастың тұсынан өтіп бара жатқанда ыңырсыған дыбыс естіп, тауып әкелген.
Содан екі айдай қалжа жеп емделіп, зорға дегенде үйге таяқпен кіріп - шығатын болып, ауылда жатқан. Біз сол үшін Найманға кектеніп: «Енді қалай өш аламыз?»— деп тісімізді қайрап жүргеміз.
Жақында Жобалай сол оймен жүргенде бір хабар алыпты: «Мырзатай ауылының бір мырзасының ойдағы бір Матайда қалыңдығы болады екен. Соны көп жасау-жабдықпен ұзатып алып келе жатыр. Бір-екі күнде біздің елдің тұсымен өтеді!», — депті.
Бізді Жобалай сол үшін жиған екен. Сол хабарды естіген соң, бәріміз де қуанып кеттік. «Енді қашан соқтығар екенбіз?» — деп асығып, шиыршық аттық.
Сонан ақылдасып алып, оларды тоспақ жеріміз — Төбеттің Қызылы болсын деп, соған қарай бет алып жүріп кеттік. Түс ауа сонда келіп орнадық. Төбеттің Қызылынан бір шақырымдай жерде үлкен қара жол бар. Наймандар сонымен жүрмекші. Маңайда ұшқан кұстан басқа дым жоқ. Құланелсіз. Екі кісіні кезекпе-кезек қарауылға қойып, өзіміз етектегі бұлақтың басына келіп, ас істеп ішіп жаттық.
Сонымен кеш батты. Екінді мен ақшамның арасы еді. «Келмеді ғой» деп бәріміз де көңілсіз тартып отырғанымызда биіктің басында қарауылда қарап отырған кісіміз қолын бұлғаң еткізіп хабар қылды.
Атқа тұра - тұра жүгірістік. Бәрі де ерттеулі, өресімен жүрген. Келіп әп-сәттің арасында мініп - мініп алдық. Санымыз сонда жиырма шақты. Тура бір қолмыз.
Сол арада қарауылда отырған кісіміздің біреуі келді: — Құда - құдағилардың жиырма қаралы кісісі топталып келе жатыр. Бүгін Қызылбұлаққа қонатын түрі бар, енді тосып алыңдар, — деді.
Бұл жолда Төбеттің Қызылы деген биік жүргіншілердің бәріне белгілі қауіпті жер болатын. Бұлар сондықтан топтанып келе жатқан ғой. Көптігіне де сеніп келе жатқан шығар дестік.
Бірақ елсіз жерде, иен далада болған соң бұларды ала алмаймыз деген күдік көңілімізге титтей де келген жоқ. Аяғында, күн батып, көз байлануға тақалғанда жүргіншілер біздің қатарымызға келді.
Сонан соң Төбеттің Қызылынан қара жолға қарай шұбатылып баратын бір ұсақ адыр бар еді, соның қабатымен алдын ала салдық. Адырдың шеті тақ қара жолға барып бітуші еді.
Сол жерге келіп: балта сабы екі кезеңнің түбінде қақ бөлініп тұра қалдық. Түрлерімізден адам шошығандай болып кеткен екенбіз: тымақтың құлағын тегіс жымыра байлап алғанбыз; өңіміз сұп-сұр, қолда — бір - бір шашақты найза, қара сойыл, ұзын айбалта. Азғантай уақыт қана тостық. Бір мезгілде кәдімгі көшкен елдей ырғалып - жырғалып жайымен келе жатқан қыз - келіншек, бозбалалар. Дөң астында тұрып, екі қыздың қосылып салып келе жатқан әнін де естідік.
Сонан әбден жақындап, екі - үш арқан бойындай ғана жер қалғанда қиқуды салып, ағашты қағыстырып сатырлатып келіп, тиіп кеп кеттік.
Жер де айқай, көк те айқай болды. Жүргіншілер жер астынан шыққандай болып самсаған сары - сары қол қаптап қоя берген соң, есі шығып кетті. Қашуға да шамасы келмеді. Келе араласқанда топырлатып түсіре бастадық. Қару жоқ, сасқалақтап жүргенде бір - екеуінің қолына ғана ағаш түскен екен, қарсылық көрсеткен солар болды. Оның біреуі қыздың жас бауыры екен. Біз өзгесімен айналысып жүргенде, жанды бермек оңай ма, қалыңдық пен құдағидың айналасына келген кісіден төрт-бес кісімізді түсіріп тастапты.
Аяғында, өзгесінің бәрі құлаған соң, немене, — оларды да түсіріп алдық. Күйеу жігіт біреуді алдына салып қуып келе жатқанда, Жобалай артынан келіп қарақұстан қағып жібергенде, аттан тымақша ұшты. Әйелдерін ұрғанымыз жоқ, аттан түсіріп алдық.
Қыз — Матайдың ең бір бай жерінің қызы көрінеді. Алты қанат оқ отау мен он шақты түйеге жасау артып толықсып келе жатқан беті екен. Бір топ қыз-келіншек нөкері бар, қара көз, қызыл жүзді, аққұба қыз. Жасы он тоғыз - жиырманың шамасына келген. Сұлу пішінінің толықсып тұрған кезі.
Жасау дегеннен көз тұнады.
Біз келіп түсіріп жүргенде еркектерінің бірде-бірі бір ауыз сөз айтуға жарамап еді. Бір мезгілде қызының жанында тұрған келбетті семіз ақ бәйбіше:
— Әй, жандарым, сендердің де әпке - қарындастарың, алдарыңда тілеулерің бар ғой. Мынау — қойнымдағы алтынымдай сақтаған жалғыз балам еді, бөтен елдің босағасын жаңа аттағалы келе жатқанда, бақытын күйдірмеңдер, аяңдар! Іздегендерің мал, дүние болса, осы әкеле жатқан жасауымның ішінен қалағандарыңның бәрін алыңдар, бірақ бізді бетімізбен қоя беріңдер, — деді.
Сонан соң түсірілгендердің бәрінің атын алып, өздерін топтап иіріп қойып, өзді - өздіміз кеңестік. Арамыздағы кейбіреулер: «Жасауын алып, қоя берейік», — десті.
Сонда Жобалай тұрып:
— Менің іздегі жүргенім әлі дүние ме екен? Олай болса, Найманның жылқысын алудан оңай нәрсе бар ма еді? Мен Мырзатай ауылының өмірінде есінен кетпестей кек алмақшымын. Жасау сөз емес. Алдымен бірнеше күнге дейін тұтқын қылып жатамыз. Қазір бәрінің де көзін таңып, еркектерінің тегіс қолын артына байлап, атқа мінгізіп Текшенің бауырына алып барамыз! — деді.
Бәріміз де осыны мақұл көрдік. Сонымен осы айтқанды істеп, қатын-қыздарды улатып-шулатып, Текше қайдасың деп, ел жатар мезгілде тартып жөнелдік. Келген соң тұтқындарды әрбір жерге отырғыздық. Жүкті түсіртіп, бес - алты күркені тіктік.
Биіктің басына қарауылды мықтап қойдық. Тұтқындардың күндіз - түні көзін шешпейік деп сөз байластық. Жерді танымасын, түсімізді, атымызды білмесін. Және біреуіне не қылып жатқанымызды екіншісі сезбесін дедік.
Сонымен үш қыз, бір келіншекті бір бөлек қойдық.
Қыздың шешесін бұлардан аулақ жерге қасында бір қатынымен бір бөлек қойдық. Көз танулы, қол байлаулы. Қасында аңдып тұрған жігіттер. Күндіз - түні дүниеде не болып жатқанын ешқайсысы да білмейді. Тамағын ішеді де жатады. Жалынып - жалбарынса да, жыласа да бірде-бірін құлаққа ілмейміз. Естімеген кісі болып, үндемей жүре береміз.
Сонымен, қойшы, төрт күн тұтқын қылып ұстадық. Сол уақытта көрген қызығымыздың ұшы-қиыры жоқ. Ерте бастан екі аппақ күркені өзге жұрт жатқан жерден бөлек бір сайға апарып тіккеміз. Жобалай ұзатылып келе жатқан қызбен сол төрт күндей бір күркені жеке алып, күндіз - түні шықпай жатып алды. Өзгелеріміз қалған қыз - келіпшекпен мәз болып жаттық. Бізге тиген әйелдер біраздан соң өзімізге үйреніп, қалжыңдасып, ойнап отыратын болды. Анау ұзатылып келе жатқан қыз дүниедегі қайтпайтын қайсар адамның бірі екен. Сол төрт күнде жылаудан көз ашқан жоқ. Жобалайға:
— Менің бақытым күйді. Жарық дүниеге көрінер бетім қалған жоқ. Енді қызық, бақыт маған жоқ. Сондықтан кіммен қарайсаң — сонымен ағар деп, енді ит болсаң да, сенімен қалар едім, бірақ дүниедегі ең - ең жеккөретін адамым, ең қатты дұспаным сенсің. Өзім көрген жанның ішінде барып тұрған жауым сенсің! — депті.
Жобалай: «Сол арада бетімнен отым шыққандай болып ұялдым, бірақ онымен дауласайын ба, үндегенім жоқ!» — деді.
Сөйтіп дәл төрт күн, төрт түн ертегінің қызығындай қызық көріп, бесінші күн түнде жүктерінің бәрін дәл өздеріндей қылып тиеп, бір сабақ жібін алмастан, бұрынғы аттарына өздерін сол байлаулы қолымен, таңулы көзімен мінгізіп, бәріміз бұрынғымызша аттанып, жолына алып барып, беттерін өз елдеріне қарай түзеп қойдық.
Көздері әлі таңулы. Өздері не болғандарын білмейді. Төрт күндей дүниені көрмей әбден мәңгі болып кеткен. Оның үстіне қайда апаратынымызды, жүгін қайтетінімізді ешбіріміз айтқан жоқпыз.
Жобалайдың батырлығынан бұрын, сондай жерде адамның ойына келмейтін қулықтарды табатын айлакестігі бөлек еді. Әлгінің бәрін істеп жүрген соның өзі. Тұтқындарды түгелімен жолдың үстіне қойып, ішінен көзі таңулы бір-ақ кісіні Жобалай жетектеп алып, бізге: «Жүріңдер!» — деді. Бәріміз жүрдік. Бір дөң асып келген соң, бізді тегіс екінші дөңнің астына жіберіп, жалғыз өзі қалып, әлгі тұтқынның қолын босатып, көзін ашты да:.
— Ана жолдастарыңа барып, бәрінің де қолын шешіп, көзін аш. Содан соң жолдарыңмен «құдай» деп жүре беріңдер. Бір сабақ жіптеріңді алғамыз жоқ. Менің атым — Жобалай. Мырзатайдың ауылы биыл ар жағындағы Керейге бара жатқан менің інімді ұстап алып, өлімші қылған екен. Бұл істегенім — соның кегі. Мырзатай ауылы менің де іргелі ел екенімді білсін!— депті де қоя беріпті.
Сонымен Найман өз бетімен тартып жүре берді. Біз де өз бетімізге кете бердік. Сол енді о заманда болмаған, ел шабысатын үлкен ісі болса да, әлгінің артынан тырс еткен сөз шықпай, өшіп қалды. Өшірген қалыңдық болса керек.
Бағанағы жолдасы барып көздерін ашқан соң, қалыңдық қасындағы жолдас қыздарын шақырып алып, не көріп, не білдіңдер — айт! — депті. Оларға, Жобалай айтпа десе де біздің жігіттердің кейбірі айтып қойған екен: «Қалыңдықты біздің батырымыз алып жатыр», — деп. Қалыңдық өз жолдастарынан бұны естіген соң, оларға өле-өлгенше бұл сөзді ешқайсың сыртына шығарма деп мықтап тапсырып, уәде қылыпты. Сонан соң еркектерге, шешелеріне: «Төртеуіміз бір жаттық, ештеңе көргеніміз жоқ», — депті.
Сонымен қыздар көрген - білгенін жасырған соң, Найман дүниесі бүлініп - шашылғаннан аман болған соң неменеге өштессін?
— Олар да бұл турадан сөз қылуды тоқтатып, өздері өшіруге себепші болды, — деп Сүлеймен ақсақал әңгімесін бітірді.
Бұл уақытта таң ағарып атып қапты. Біз тау ішінен өтіп, жазыққа шығып едік.
Әңгіме біткен соң, бұрынғы аяңды қойып, желіп жүріп кеттік.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі