Өлең, жыр, ақындар

Қобыландының Тайбурылы туралы

Батырлар жырының тағы бір үлкені — Қара қыпшақ Қобыланды батыр жайындағы жыр. Сол жырдың ішінде сипатталған Тайбурыл деген аттың жайын ғана айтамыз.

Тайбурыл - Қобыландыдай ірі батырдың аты. Оны батырға тәрбиелеп, өсіріп берген Құртқа. Батырдың ақылды, мінезді серігі Құртқа Тайбурылды өзі баптап, Қазан сапарына батыр аттанарда ғана әкеп береді. Сол Тайбурыл бір жағынан Қобыландыдай үлкен батырдың аты. Екінші — өзін Құртқа тәрбиелеп өсірген, сондықтан ол жырдың қиял етіп, көтеріп, ертегідей ұлғайтып, мақтап айтатын аты болады. Тайбурыл шапқанда:

Көл жағалай отырған

Көкқұтан мен қарабай,

Көтеріліп ұшқанша,

Белінен кесе басады... — дейді.

Бұл "алты айлықты алты-ақ аттайды" дейтін, алысты жақын ететін, нағыз, қиялдай жүйрік ат. Шапқанда сондай болған. Тайбурыл иесі қысылған жерде тілге келіп, ақыл да қосады. Көлік қана емес, серік те, дос та өзі деген жайды білдіреді. Батыр жалғыз өз басымен ғана батыр емес, осындай қанаты сияқты болған атымен батыр. Қобыланды бұрынғы қазақ елі сияқты әрі көшпелі, әрі бақташы болған елдің батыры. Кәсібі осындай болған елге - ат ең қымбат, ең жақын серіктің бірі боп саналады. Тайбурылдың бар сипаты сол себепті үлкен сипат боп, тіпті адам сипатындай боп, ұлғайтылып айтылады. Бұрынғы ескі тарихта: "жағалай шабыс", "құба қалмақ" деген замандар болған. Онда біреуге біреу шабуыл жасау, күшсізді күшті жем қылу заң болған. Сондайда, қап қыл ық-қуғылықта қашса құтылып, қуса жетіп отыратын ат ең қымбат дос болады.

Сондай атты иесі бауырындай сүйеді. Батырдың жақындары баласындай күтеді. Қобыландының ең жақын серігі Құртқаның Тайбурылды бағып өсіруі де содан. Сондай Tаpлан көрген Тайбурылдың ойдағыдай өзгеше боп шығуы міндет. Барлық басқа аттан бөлекше боп, жыр етілетіні де содан.

"Қобыланды батыр" жырында Тайбурыл жайын айтқан жерде өлең де өзгеше боп екпіндеп, көркейіп, өсіп кетеді. Зор, ерекше суреттермен айтылған Тайбурылдың шабысы тас боратқан құйындай болады. Шабысының өзгешелігін оқушы Тайбурылдың ізінен біледі. Артында құлан-бұлан қалып қойған бір төбенің тозаңы бір төбеге қосылып қалған; көкқұтан, қарабайлар езіліп қалған; соларды жеп қара қарға-құзғындар қарық боп қалған — міні, осыларды көріп-ақ Тайбурылдың қандай екенін танисың дейді жыр.

Өлең де бұл түсте жылдамдатып, шапқылатып отырған желдірме болады. Жай басып, бір қалыптан аумай отыратын төрт жол емес, түйдек-түйдек кететін, ұзын-ұзын шумақтар болады. Тайбурылдың шабысы қазақтың ауызша жырларының ішіндегі ең бір күшті, көркем, ескі жыр боп саналады.


Пікірлер (9)

Гаухар Сарсенбай

Керемет екен

Аяжан Сайфеден

Маған бұл деректер мен өлеңдер қатты ұнайды! Сіздерге көп көп рахмет! Күштііііі

Адил Темиргали

Керемет

жаннур

күшті

Myrza

Керемет екен

ясмин

өте керемет менің ең сүиікті өлеңім

Бекарфс

Қобыландының атының ерек шелігі қандай

Бекарыс

Қобыланды батырдың атының ерек шелігі қандай?

Нурсая киносы

Кобыланды батыр ертеги

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз