Мырзагелді Кемел- адамгершілік асыл қасиеттер мен жалпыадамзаттық құндылықтарды кең насихаттайтын танымдық- тағылымдық еңбектердің авторы. Оның есімі Лао-Цзы, Конфуций, Бальтасар Грасиан, Луйза Хей, Пауло Коэльо сынды әлемдік философ- жазушылардың кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған көрнекті қаламгер ретінде көпшілікке жақын таныс. М.Кемелдің «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ», «Ақыл қалта», «Сөз- құдірет», «Мың ой», «Өнеге», «Көңіл күнделігі» және т.б. кітаптары- оқыған жанды ойландырмай қоймайтын өсиет-өнегеге толы таптырмас туындылар.
Қаламгердің «Абзалдық әліппесі» атты кітабында өз жүрек түкпірінен шыққан және басқа да философтардың ғибратты ойларын жетілдіру арқылы туындаған ой-толғамдарымен таныс боламыз. «Бұл сондай ыждаһатты зерде мен ысылған тәжірибенің жиынтығындай шынайы шығарма. Ағын суға кері ағызбай, уақытпен бірге алға адымдататын абзалдық әліппесі»,- деп Ә.Кекілбаев туындыны жоғары бағалаған. Әкенің балаға қалдырған өсиеті іспетті бұл жинақта адамгершілік, ақыл, мінез, ар-ұят, иман, білім- білік, отбасы, достық мен махаббат,еңбек және бақытқа жету мәселелері жан-жақты талданады. Ендеше, автордың қандай қасиеттерді бойға жиып, қай мінездерден аулақ болуға шақырған бірқатар нақыл сөздеріне мән беріп көрелік:
1. «Ашу тасыса ақыл төгілер»,-дейді халқымыз. Көңілде кірбің қалмасың десең, ашуланба. Қайнаған судан шәйнектің қабырғасына қақ тұратынын білесің бе? Ашуланып, түтіккенің, ашуланған себебіңнен де зиян. «Бабаңнаң жүз жас үлкен бол, балаңнаң жүз жас кіші бол»,- дейді М.Әлімбаев.
2. Сыннан қорықпа, сын тазартады. Сыншылар қашанда толып жатады. Әрқайсысының әртүрлі мақсаты бар: біреулер көре алмағаннан, біреулер шынымен келісе алмай айтады.
3. Адам баласының бойындағы ең нашар қасиет- күншілдік. Күншіл болма, ол неге менен озып кетеді деме, мен неге оған жетіп озып кетпеймін де.
4. Мінезің қабілетіңе дұшпан болмасын. Ішкі жан дүниең сайрап, еркін өзінде болғандықтан да ақылгөйсіп қажеті жоқ. Санаң тайталасып тұрғанда сезімге бас ұрып және қажеті жоқ.
5. Рухыңды биік ұста. « Тән үшін сүрген өмір азап шектіреді. Рух үшін сүрген өмір ғана рақатқа жеткізеді»,- деген екен Л.Толстой
6. Біреу мақтай қалса күпінбе. Мақтауға лайықсың ба, жоқ, бекер айтылып тұр ма, ішің біліп тұрады, өзіңді алдама.
7. Қалай сөйлеуді үйрену қаншалықты қажет болса, қалай, қай жерде сөйлемеу соншалықты керек.
8. Біреудің айтқысы келмей тұрған сөзін сұрап мазалама. Сұрақ қою біреудің ішкі жан дүниесіне зорлықпен ену секілді
9. Өз пікіріңді алдымен өзің құрметте, айтылып қалып қоятын сөзді айтпа.
10. Өзіңді-өзің тежеуді үйрен және оны ұдайы жаса, себебі өзін-өзі тоқтата алмайтын адам тежегіші жоқ машина секілді.
11. Қызғанба және қызықпа. Адамның көзі өзгенікін өзінікінен бұрын көреді, оған әдеттенбе. «Алтын тақта алтын асықпен ойнап отырып, көршісінің күміс қасығына көзін сатады» деген мәтел бар.
12. Шыдамсыз болма. Шыдамсыздарға қымбатқа түсетін нәрсені шыдамдылар тегін пайдаланады.
13. Біреудің әзілін көтеріп үйрен, бірақ өзің әзіл айтуға абайла: оның әзілді қалай қабылдайтының қайдан білесің.
14. Екі нәрсе есіңде болсын: лажы барынша мұң шақпа және ешкімнен ештеңе тіленбе. Көбісі мұңынды бәрібір түсінбейді, сөз етеді, көңілің қалады. Кімнен, нені, қай көлемде сұрағаның- сенің ақыл-парасатыңның, мүмкіндігіңнің, ұятыңның өлшемі.
15. – Жақсылық жасасаң, міндет етпе,- деген қағиданы білетін боларсың, ал абырой-атаққа ие бола қалсаң, оны да міндет етпе.
16. Жақсылық та, жамандық та бойға біртіндеп сіңеді. Бара-бара оған қалай көндігіп, билігіңнен айырылып қалғаныңды білмей қаласың.
17. Ағысқа қарсы жүзем десең, әуелі ойланып ал. Өзіңдікі жөн бе, күреске дайынсың ба, зерделеп көр. Қалыптасып, заңдылыққа айналып кеткен әдеттерді бұзамын деп талайлардың мойыны қайырылған.
18. Сенің алдыңда келе жатқандарға қаһарлы баға берме, өйткені сенің артыңда да келе жатқандар бар.
19. Қазақта қандай нашар мінез-қылық бар екенін ой таразысына салсақ,соның біріншісі- жалқаулық пен енжарлық. Одан басқа дінді қастерлемеу, жікшілдік пен алауыздық секілді дерттері бар.
20. Аспанға тас лақтырма, төбеңе қайтып түседі.
21. Ұяты бар адамның мойныңдағы қарызы есте жүреді.
22. Ашумен басталған іс ұятпен тынады.
23. Өзіңде бардың барлығын бір-ақ рет көрсетіп қойма, ертең де күн бар. Адам-жұмбақ, ол түгел шешіліп болған соң, қызық болмай қалады.
24. Сөз бен ақиқат екі түрлі болған кезде сөзіңнен тез қайтқаның дұрыс.
25. Кеудеңе өкпе-реніш жинама. Көзе тамшыдан толады, кеудеге де зіл біртіндеп жиналады.
«Мен ешкімге кеңес бергім келген жоқ, бағыт бергім келді» деп автор кітап соңында айтпақшы, осы айтылғандардың барлығы өзің дамытқысы келетін әрбір жанға бағыт-бағдар берері сөзсіз.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі