«Адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді»,-деп Б.Бұлқышев дәл тауып айтқан екен. Расымен де, өміріміздің сәнді де мәнді болуы тек қана өзімізге байланысты. Жер басып жүрген адам баласының әрқайсысы өз тағдырының алдында аса үлкен жауапкершілікке ие. Бәріміздің көксегеніміз бір- бұралаңы мен соқпағы көп осынау өмір жолында аңсаған арманға адаспай жетіп, бақытты болу. Өкінішке орай, бұл кез келгеннің қолынан келе беретін оңай іс емес. Нағыз бақытқа қол жеткізу үшін бойымызда сарқылмас төзім, қайтпас қайсарлық, жасымас жігер тәрізді қасиеттердің болуы маңызды екені белгілі. Алайда, менің ойымша, ең алдымен талап етерлік қасиет - өз өміріне деген жауапкершілікті сезіне білу. Иә, өз мойныңдағы өмірлік мақсат-міндетіңді дұрыс түсініп, ісіңе жауапты болғанда ғана түрлі кедергілерден сүрінбей өтесің. Көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың: «Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен қарасаңыз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз» деген сөзі баршамызға үлгі боларлық.
Адам баласы есейген сайын тағдырдың сынақтары да көбейе береді емес пе?! Мен үшін мұндай сынақтардың алғашқысы білім бәйгесі ҰБТ болатын. Өзім қалаған оқу орнына түсіп, аңсаған мамандығымның иесі атану үшін бұл істің менен үлкен жауапкершілікті талап ететінін түсіндім.Сондықтан да өз-өзімді қолға алып, жалқаулығымды жеңіп, күндіз-түні оқумен болдым. Ақыры, талпынысым мен ізденісім, тынымсыз еңбегім жемісін беріп, бұл сынақтан сүрінбей өттім. Жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ғылым- білімнің қарашаңырағы ҚазҰУ-дың студенті атандым. Әрине, негізгі айтпағым бұл емес, сынақтардың бәрі әлі алда. Таңдаған кəсібім - журналистика нағыз мықтылардың ғана айналысатын ісі болғандықтан, алда талай «майданның» ортасында жүретінім айтпасам да белгілі.. Түсінгенім- өмірдің талабы- басқа түскен кез келген қиындыққа мойымай, аянбай күресу. Ал менің басты ұстанымым-әрдайым мақсатыма мығым, арманыма адал болу. Әркім өз өмірінің қожайыны, сондықтан оның жақсы не жаман болуына тек қана өзіміз себепшіміз. Қандай істе болмасын, оны абыроймен атқарып,сенімді ақтап шығуға барынша тырысамын. Себебі, мен өз өміріме ЖАУАПТЫМЫН!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі