Өлең, жыр, ақындар

Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңінің бүгінгі жастар тәрбиесіне қатысты өзектілігі

Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңінің бүгінгі жастар тәрбиесіне қатысты өзектілігі.

Шортанбай Қанайұлы - XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын алатын, өзіндік сөз өрнегі бар өнерпаз. Туған елінің тағдырын болжап, халқының басына түскен ауыртпалықтарды  көкірегі қарс айрыла жырлаған өз дәуірінің тамаша жырау-ақыны. Ақынның сырлы толғауларының ішіндегі ең айтулысы «Зар заман» өлеңі қай заман үшін де маңызды саналатын түйіткілді мәселелерге толы. Әсіресе, өлеңнен  бүгінгі жастар тәрбиесіне қатысты аса өзекті ойларды көптеп кездестіреміз.

«Зар заман» өлеңіндегі ақын сынаған сол замандағы  ұл мен қыз бойындағы жағымсыз қылықтардың бүгінгі жастардан  да орын алып жатқаны өтірік емес. Мәселен, Шортанбай ақын:  

Бұл асылық асқан заманда,
Ұл туады атаменен егесіп,
Қыз туады анаменен теңдесіп,
Баласы кетіп тыюдан
Масқаралар таймайды
Жас сыйласып тұрудан,-деп, «зарлы заманның» ұл-қызының сыпайылық, кішіпейілділік тәрізді адамдық қасиеттерден алыстап бара жатқандығын айтады. Қазіргі заман қыз-жігіттерінің де  көпшілігінің  аталмыш қылықтардан аулақ емес екендігін олардың ата-анаға, үлкен кісіге деген құрметінің азайып кеткендігінен анық байқауға болады. Басқасы былай тұрсын, өз ата-анасын «сен» деп атап, олармен құдды бір құрдастарындай сөйлеседі. Менің ойымша, бұлай жалғаса берсе, «атасы тұрып ұлы, анасы тұрып қызы сөйлегеннен без» дейтін халқымыздың ұлттық құндылықтарынан айырылып қалуымыз ғажап емес. Сонымен қатар, өлеңнің:

Ұлың киді дүрия,
Ұстараның жүзіндей
Аударылған дүние 
Қызың киді биқасап,
Тергеп кимей байқастап
Кешкітұрым болғанда
Құлан менен бұландай 
Үйде тұрмас ойқастап.

Қыз-жігітте әдеп жоқ ,-деген жолдарынан да сол дәуір жастарына тән сауықшылдық, ойыншы-күлкішілдік тәрізді татымсыз қылықтарды көреміз. Әрине, бүгінгі заманауи қыз-жігіттердің де сауыққұмарлық, қыдырымпаздық, жеңілтектікке бой алдырып, жаман әдеттерге әуес болып жүргені бәрімізге аян. Осыған қарап, ақынның ашына жырлаған ұл мен қыз бойындағы қасиеттердің  қазіргі жастарда кең етек алғаны жайлы ойлана түсеміз.

Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңінің бүгінгі жастар тәрбиесіне қатысты  өзектілігі аса зор екенін байқадық. Бұл туынды сол заманның ащы шындығын айтып қана қоймай, өскелең ұрпақты жамандықтан сақ болып, жақсылыққа жақ болуға, ізгілікті қасиеттерді бойға сіңіруге шақырады. Сондықтан да, ақын шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, жастар тәрбиесіне көмекші құрал ретінде таратылуы тиіс.

Сабина Игілік, ҚазҰУ


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Думан

Эссе жазғанда негізгі бөлімге кірмей жатып сұрақ қойылуы керек.

Назым

Өте жақсы шыққан

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер