Арманға жол ашқан қазақ қызы
Қазақ қызы Альбина Бунеску бүгінде миллиондаған жанкүйері бар, әлемнің ең әйгілі футбол клубтарының бірі – «Реал Мадрид» командасының маркетинг департаментінде ресми түрде жұмыс істейді. Бұл жаңалықты ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қуана бөлісті.Альбина бұл жетістікке табандылығы мен тәуекелі арқылы жетті. Бір кездері ол Астанадағы пәтерін сатып, Мадридтегі университетке спорттық маркетинг мамандығы бойынша магистратураға түсті. Бұл оқу орнында офлайн форматта білім алған алғашқы қазақ студенті атанды.Оқу барысында алған білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік туды. Альбина жобалары мен академиялық жетістіктерінің арқасында үздік төрт студенттің қатарына еніп, әйгілі футбол клубында тағылымдамадан өту құқығына ие болды. Осылайша, ол «Реал Мадрид» клубымен үш айлық келісімшартқа қол қойды. Бұл келісімшартты клубтың ұзарту мүмкіндігі де бар.
— «Мен Астанадағы пәтерімді сатып, оқу мен өмір сүру шығындарын өзім өтедім. Бұл – үлкен тәуекел болды. Бірақ мен әрқашан білім – ең тиімді инвестиция деп сендім. Қазір маған өз жолымды көріп, мотивация алған жастар хат жазып жатыр. Сонда ғана бәрі бекер болмағанын түсінемін», – дейді Альбина.Ол өзінің табысқа жетуіне стратегиялық ойлау, креативтілік пен маркетинг саласындағы тәжірибесі ықпал еткенін атап өтті.Бүгінде Альбина «Реал Мадрид» футбол клубының ресми қызметкері. Ол маркетолог ретінде клубтың ішкі іс-шараларын, жарнамалық жобаларын ұйымдастырып, әлемге танымал брендтің дамуына үлес қосып жүр. Символикалық түрде оның магистрлік дипломын клуб президенті әйгілі стадионда табыстайтын болады. Бұл — тарихта қалатын ерекше сәттердің бірі.Альбина Мадридте жүргенде, жергілікті мамандардың Қазақстан туралы жақсы білетінін байқаған. Әсіресе, еліміздің жекпе-жек спортындағы жетістіктері мен командалық рухына таңданыспен қарайтынын айтады.Ол болашақта кәсіби тәжірибе жинап, туған еліне оралуға ниетті. Қазақстанда да спорт саласының маркетинг бағытын дамытуға үлкен мүмкіндік бар екенін айта келе, мұндай жетістікке жету үшін ең алдымен сенім мен еңбек қажет екенін жеткізді.\
— «Мен ешқашан шекара бар деп ойлаған емеспін. Сондықтан да алға ұмтылудан тайынған жоқпын», – дейді Альбина.
Альбина Бунеску – арманына адал, еліміздің атын шетелде танытып жүрген қазақ жастарының бірі. Оның жетістігі – жеке жеңіс қана емес, бүкіл қазақстандық жастарға үлгі болар тарихи оқиға.
Мақаланы жазған: Тілеген Алтынай Алматы қаласы, 163 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі