«Жау жоқ деме жар астында,
Бөрі жоқ деме бөрік астында».
(Халық мақалы)
I
— Сөз адамның тағдырын шешетін сигналы ғой?..
— Неліктен олай дедің, дәлелде, — деді Татьяна Мұраттың сөзін бөліп. Сөз туралы бұл кеңес Мұрат институтты бітіріп армияға ертең жүрмек күні кешке басталып еді.
— Олай дейтін .себебім — сөзсіз бітетін іс, орындалатын жұмыс жоқ. Сөз адамды өмірдің теңізіне батырады да, қайықта қалқытады. Тіпті аспанға да шарықтатпай ма?!
«Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» деген мақал ете дұрыс айтылған ғой деймін. Осы мақалдың өзінде үлкен бір маңыз жатқан сияқты. Сөздің бұл толық анықтамасы емес, бұл тек қана қызыл тілден шыққан шешен сөздің өткір құралы екенін ғана бейнелейді. Өйткені Мұраттың Татьянаға: «Кәне, ертең мен жүремін. Сенімен бір жүргенімізге төрт жыл. Не бар ойыңда, бәрін ашып айт, жасыма. Маған қашан күйеуге шығасың? Сөзсіз ойды білу қиын, ақырғы рет сыр ашайық,» — деген болатын. Сол сөздің рөлін дәлелдеу үшін Мұраттың айтқан себебі осы еді.
Сөйтіп олар әңгімеге кірісті.
II
— Мен сөзді адамның тағдырының шешуші сигналы дегенде мақалға ғана арқа тіреп отырғаным жоқ. Көлемді етіп алып отырмын.
— Бәленің өзі сөзден шығады. Сөз сүйектен өтуімен қатар, сөйлеушінің өзіне де тағдырын шешетіндей таңба салуы мүмкін. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген ғой. Сөз осыған арқа тіреп айтылған ғой. Сол сөйлеуші шешен тілін құрал етіп жұмсауымен катар, өзіне қарсы қасына да сөз арқылы құрал сайлап береді. Мен мұны кейін айтайын.
Тіпті жеңіл алып-ақ жастық жөнімен айтайықшы. Сен де мен де жаспыз, әрқайсымызда да ұнату бар, сүю бар, күю бар, қайғыру бар, арман бар — осыларды жарыққа шығаратын құрал керек. Ол — сөз. Бұл сөздің құрал болу жағы болса, енді сөздің адамның тағдырын шешетін жағы тұр. Жігіт бір қызды ұнатады, сүйеді. Ол оған ойын айту үшін өзінің жүрегінен шыққан сөзін арудың алдына тартады. Міне, осы кеш оған сын. Неге десеңіз «Сөз жүйесін табады, ақыл несін табады» дегендей, ол қандай адам екені, ақыл иесі ме, болмаса надан, сезімсіз сылқым серінің өзі ме? Осылар өзі айтқан сөзінен ашылады. Сөзі оның адамшылығының қандай көлемде екенін әшкерелейді. Оның сөз айтуы айып емес. Кімде болса да жүрек бар. Ақымақтың жүрегі ақылдыдан артық соқпаса кем соқпайды. Мұндағы тағдырды шешетін оның сөзінің бет алысы. Рас, адам әр түрлі болады, біреу тұйық, біреу ашық, біреу жеңіл, біреу ауыр.
Кейбіреулер өте аз сөйлейді. Айтайын деген ойы, оның татымды екені бет алысынан көрініп-ақ турады. Бірақ ол солай боп тұрса да тілге олақ, сөйлем құрылысы бытырап, ойын толық жеткізе алмайды. Бұл кісіні кінәлауға бола ма?
— Жоқ, меніңше, болмайды, — деді Татьяна күліп жіберіп, Мұраттың сөзін бөліп.
— Неге? — деді Мұрат.
— Неге десең мен сенің өзіңді мысалға алар едім. Менімен алғашқы танысқаның есіңде бар ма? Сонда сен не дедің, мен не дедім?
Мұрат ұялып төмен қарады. Өйткені оның өткендегі ісі өзіне үлкен бір айып сияқты еді. Ол есіне түскенде Мұрат өзінен-өзі ұялып күлетін. Оған, міне, төрт жыл. Мұрат пен Татьяна бір мектепте оқитын.
Мұрат жастайынан жуастау, ұялшақ, сөзге олақ еді. Бірақ оның бір қасиеті қолына қалам алса, сөз теңіздей тасып, желдей жосылатын. Ол ептеп өлең де жазатын. Сол Мұрат мектепте жүріп Татьянаны ұнататын. Тіпті ол десе ішкен асын жерге қоятын. Бірақ ұялшақтық оның жолын бөгеп, кежегесін кейін тартқызды. Ол кейде не ұялатыны бар, хат беруім керек. Сонысын сөйлесе жатармын деп ерсінетін де. Ол сол қызбен танысу үшін, әдейі басқа бөлімге, яғни Татьяна оқитын бөлімге ауыстыр деп директорға арыз да берді. Бірақ не керек, бәрі де орындалған жоқ. Жазған хатын қалтасында бір ай сақтап жүрсе де, берудің ретін таба алмай-ақ қойды. Жүзі шыдамайтын сияқты. Бір күні ойлап-ойлап өз қолымен бере алмайтын болған соң, Татьянамен бірге оқитын бір кішкентай пысықылау балаға берігі жібермесі бар ма?! Әлгі баласы құрғыр хатты бірге оқитын балаларға көрсетсін. Балалар бұдан былай қарай Мұратты мазақ қылатын болды. Хат Татьянаға тимей, көпшіліктің күлкісінде кетті. Бұл Мұратқа жаман батты. «Жас жүректен» деп бастап қызға тым беріле жазған хат оның сүйегіне таңба салды. Кейбір қалжыңбас оқушылар оны «Жас жүрек» атап жүрді. Мұрат бұл ісіне өкінді. Әсіресе өзінің қателігіне өкінді. Ол былайша тұйық,, ұялшақ болғанымен, сезімтал, ойшыл, байсалды жігіт болатын.
III
Мұрат мына хат жөнінде өте қынжылды. Абыройын түсірді. Ол ондай аузына арба қоймайтын жігіт емес, тіпті хатынан көрініп қалды. Сезімтал жігіттің хаты емес, көрсе қызар, надан адамның жазған хаты сияқты еді. Бұл Мұраттың үлкен қателігінің бірі болды. Тіпті бұдан бұрын басқа жігіттердің қыздарға хатын осы жазып беретін. Сонда үлкен сезімділік, шеберлік байқалатын оның жазған хатында. Ол аз сөзбен көп ойды білдіруге шебер «Жас жүрек жаным», «күнім», «өліп барам», «күйіп барам» деген сияқты сентиментальдық сөздерден аулақ болатын. Қараңызшы қызықты, мына жазған хатында неге екені белгісіз қызға біржола беріліп кеткен. Тіпті онсыз өмір сүре алмайтындай айтылған.
Мұрат бұл қателіктің неден болғанын артынша - ақ ұғынған еді. Өйткені ол Татьянаны шексіз сүйетін.
«Оқасы жоқ, — деді өзіне. — Бұл мен үшін үлкен сабақ. Өмірде мұндай комедияның болуы мүмкін. Енді сол комедияға тыйым салуым керек». Сөйтті де, Татьянаға деген сүйіспеншілігін күшейте түсті. Қалайда оны не езіне қарату, не біржола күдер үзуді мақұл көрді. Үйге келіп жақсылап хатты кайта жазып өз қолымен тапсырмақ болды.
Ол бір күні аңдып жүріп кештетіп клубтан жолдасымен қайтып келе жатқан Татьянаның алдынан қарсы шықты. Ойы қалайда жолығып хатты беру. «Шіркін - ай, — деді ол өзіне, — ана қыздардан бөлініп оңаша қалар ма еді?»
— Татьяна! Айыпқа санама. Сен жөнінде мен үлкен қылмысты адамның бірімін. Оны өзің де білесің. Ұрыншақтық ісіме кешірім сұраймын...
— Оқа емес, айыпты деп санамаймын да.
— Оныңа рақмет, бірақ та... — деді де ол кілт тоқтай қалды. Оның ойы тұманданып, даусы тітіркеніп, үні біржола өшкенге ұқсады. Кім білсін, ол ұялды ма, жоқ сөз таба алмай тур ма, күтпеген кідіріс болды.
Мұрат тұйықтау, орыс тілін көп сөйлей қоймайтын. Сондықтан жазғанда тоқтамағанмен, ауызша олақ болатын.
Беті өрттей қызарды. Қаны қайнап, намыс қысты Мұратты. «Жігіт боп жүріп бір қызға сөз айта алмасам не болдым?» Сол кезде оның ойына жазып алған хаты түсті. Қуанып кетіп хатты суырып алып зулатып оқи бастады. Қыз күліп жіберді. Ызаланған Мұрат еш нәрсені тыңдамастан оқып шықты. Хатты оқыған соң, тілі ширап сөйлеуіне жол ашылғандай болды.
— Татьяна, жай осылай, орыс тілі ана тілім емес, оның бер жағында ана тілге де ауызша айтуға олақ едім. Өз қолыммен жазған хатымды оқып бердім. Жалғыз-ақ өтініш, бұл мәселені басқаға айтып күлкі етіп жіберме...
Татьяна күлкі қысып тұрса да шыдады. Хаттағы ұшан-теңіз сөз қыздың жүрегін тербетті, сезімнен шыққан сұлу сөздер жанын жадыратты.
Сезіммен жазылған сұлу сөз қыздың жанын жайландырып самолетпен аспанға ұшып, көкке бұлтпен араласып жүргендей қиялы қанат қақты. Қыз терең ойға батты...
— Мұрат, егер хатты өзің жазсаң ауызша да айтшы?
Мінеки, Татьянаның күлгені, Мұраттың қатты ұялғаны осы алғашқы табысу еді.
— Есіңде ме, Мұрат, мен сенін сезімтал жігіт екеніңді байқап, ауызша шешен болмасаң да, сөзіңнің сапалы екенін бағалап сүйген болатынмын, — деді Татьяна Мұратқа қалжың араластырып.
— Рас, Татьяна, әңгіме сөздің көбінде емес, сапасында, санада...
— Иә, әңгімеңді соза бер, — деді Татьяна Мұраттық сөзін тыңдағысы келіп;
— Иә, Татьяна, менің саған дәлелдейін деп отырғаным сез туралы кеңесімді созайын. Рас, сол өзіңмен алғашқы кездегі олақтық, шеберлік, сезімділік — бәрі де сөз арқылы көрінгенін өмір көрсетті. Егер адам сөйлемесе, оның қандай адам екенін білу қиын. Қаншалықты данышпан, сыншы екендігін сөзінен де айыруға болады.
Сөз адамның шыққан ортасын да көрсетеді. Совет интеллигенттерімен капиталистік елдердің интеллигенттері бірдей емес. Сөздерінде айырма бар. Әркім көргенін көп әңгіме етеді. Сөздің желісін содан алып қоректенеді. Мысалы, студенттер мен жай қызметкерлерді салыстыр. Олардың сөз айырмашылығы күшті. Оқушының өзара әңгімесі — қай сабақтан қандай отметка алды. Сабақты жақсы оқып, жақсы бітіріп шығып, отанға қызмет ету. Ал жай қызметкерлер әрқайсысы өздерінің кызмет түріне қарай сөз қозғайды. Бухгалтер — есеп-қисабын, редакторлар материалдарының сапасын, директор — мекемесінің көркеюін сөз етеді.
Мінеки, осыларды тыңдап алып кім екенін білуге болады. Ал дұшпандарымыз тыңдаса ше? Егер жау сенің мемлекет жөнінде маңызы бар құпия сырды сөйлеп отырғаныңды естісе, өзіне үлкен құрал етіп алар еді... Сонда сен тіпті өз басыңа емес, мемлекетіңе де зияның тиер еді.
Мінеки, сондықтан да сөздің адам тағдырын шешетін сигнал екеніне де дау жоқ.
— Мен сөздің жауларға таптырмас құрал екені туралы бір ғажайып оқиға айтайын. Сен соны тыңда, — деді Мұрат.
Татьяна:
— Кәне айт, — деді.
Мұрат әңгімеге кірісті...
(Қолжазбаның бұдан кейінгі беттері жоғалған).
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі