...Оқытушы барлығын да білуі керек қой, әкем-ау, барлығын да
А. П. Чехов
Аңдып жүрген адамдай, дәл осы бір жайсыз көріністің үстінен шығармын ба...
Қалыңдығы бір елі көгілдір төртбұрышты әйнекке "Учительская" деп шебер жазылған есікті қағып тұрмын.
Есіктің ар жағында әлдекімнің дөрекілеу зекірген даусы естіледі.
— Сендер кім деп жүрсіңдер мені, хайуандар! Танытайын мен сендердің әк... — дей берді де, менің тықырымды естіген болуы керек, бір секунд кідіріп, үзіліс жасаған соң, сол арынымен: — Да! — деп қалып еді, құлағым шың ете түсті.
Есіктің кіреберіс оң жағында, кітаптар тұрған шкафқа арқасын бере екі оқушы тұр. Екеуі де маған жалт қарасып, қайтадан мойындары босап, салбырап қалды.
Иә еденге, иә омырауларындағы түймелеріне қарап тұрғаны белгісіз. Ал менің іздеп келген адамым осылардың қарсы алдында тұр екен. Піріне мініп алған. Ашулы реңін сәл-пәл өзгерткен боп, жымиғансып:
— О!.. Мұқыш! Келуіңмен! — деп, қолын беріп сәлемдесті. Оқушылармен оның оңаша отырғанын көріп, шыға тұрайын деген ишарат білдірдім.
— Отыр! Отыр! Мен қазір... Мыналармен... Бір минут... — деп, табуретканы ұсынды да:
— Түсір, ей, қолыңды! Мүләйімсуін қара малғұнның! — деп барып, саусақтарын уқалап тұрған оқушының қолын қағып жіберді. Жасықтау бала екен, көзін сығымдап- сығымдап қалып еді, көз жасы ытқып-ытқып кетті.
— Сабақта тыныш отырамысың енді?
— Отырамын, — деді оқушы кепкасымен көзін сүртіп.
— Бар, есіңде болсын! Ал сен тұр осылай бедірейіп. Өй, жалмауыз! — деп, екі жағынан тозаңы шыққан қайсар баланың иығынан бір жұлқып, бұрышқа тақаңқырап қойды. Қанша уақыт өткенін аңғармай да қалыппын. Әйтеуір, Әбен (оның аты осылай еді) қайсар оқушыға шүйіле бастағанда-ақ мен үстелдің үстінде тұрған глобусты әншейін айналдыра беріппін. Әбенім әлгі оқушының мойнының ұзындығын, мұрнының кішілігін, Мереке деп қойылған атының оған лайықсыз екенін, ақыры соңында әкесінің ауқаттылығын, соған Мерекенің мастанып жүргенін айта келіп:
— Әкең Асаубай анау, жүрген бір нақұрыс! Содан туған сен қайда барам дейсің, — дегенде Мереке:
— Әкемде сіздің жұмысыңыз жоқ! — деп, ол екі ұртын бұлтитып, шұғыл бұрылды да, есікті сарт еткізіп сілке тастап, тайды да отырды.
— Асаубаев! Асаубаев! — деп Әбен ұмтылғанша, Мереке құрықтан құтылған қашағандай мектептің ауласынан орғып шыға берді.
— Көрдің бе? Қандай сұмпайы, ә? Жүзі жанбайды ғой зұлымның, — деді Мерекенің қалып қойған портфелін шкафтың үстіне қойып.
Мен не жауап берерімді білмей, еңсемді көтеріп, түрегеле бердім.
— Макаренконікі дұрыс! — деді Әбен, — есінен қалғысыз етіп бір жығыңдырса, білер еді сонда кімнің кім екенін!
— Олар панасыз, бұзық қылмыстылар ғой. Тағы ол уақытың өзі де...
— Бұзықтың аты — бұзық "Аюға намаз үйреткен — таяқ", таяқ — деп, бір-ақ кесті Әбен.
Көп жылдан бері көрмеген құрбыммен кездеспей жатып айтысуды ыңғайсыз санадым, үндемедім.
Алматының пединститутын бітіріп кеткеннен кейін Әбеңді көріп отырғаным осы. Бір кездегі арзан матадан ұнасымды тігілген әдемі, әр уақытта тап-таза, студенттік коспюмді бұл күнде сұрғылт коверкоттан олпы-солпы пішіле салған гимнастеркаға ауыстырыпты. Белін жалпақтығы төрт елі былғары белдікпен қынап тастаған. Бұтында қабулы, мақталы шалбар, аяғында қара пима. Көктемнің мына шуақ күнінде Әбеннің бұлай киінгені баяғыда, интернатта, оныншы класта оқып жүргендегі қылықтарын есіме түсірді.
"Желім ұсташы" деп, елтіріден істелген кеудешесін, тіпті, жаздың күні үстінен тастамайтын. Физкультура сабағы өткен күні "желім ұстап қапты" деп қойдың майын шыжғырып отырғанын көретінбіз. Тым тамақсау еді. Аспазшы апай оған "оқпаны кең" деген ат қойып берген. Сауық-сайран, уақыт боста шахмат ойнау, киноға бару, біреумен пікір таластыру, көркем әдебиет оқу дегендерің Әбеннің күн тәртібіне енгізілмейтін.
Қысқасы, айналасында болып жатқанның барлығына "қажеті қанша соның" деп қарайтып. Онысына жараса, алаң болмай, сабақты жақсы оқыса... Ал Әбеннің оқуға да қыры болмады. Бір күні тарих пәнінің оқытушысы Декабристердің көтерілісі туралы сұрағанда шімірікпестен:
"Декабристердің көтерілісі 1917-жылы Қызыл аланда болды", — деген осы Әбен еді.
Сол күні Әбен мені жібермеді, қондырды. Түскі шайды ішкеннен кейін ұзақ әңгімелестік. Ол маған үйленгенін, институтты 1951-жылы бітіре саласымен осы өзінің туған аулындағы он жылдық мектепте географ болып орналасқанын айтты. Шаруасымен таныстырды. Ауқатты тұратыны айтпаса да көрініп тұр еді, бірақ Әбен қара-құрадан бастап, қанша тауық қаз-үйрегі бар екенін санап шықты. Мемлекеттен қарыз алмай-ақ еңселі, шатырын қаңылтырмен жапқан, төрт бөлмелі ағаш үй салдырып кіріпті. Ауласы кең.
— Жаман емес, ептеп тіршілік етіп, нан тауып жеп жатырмыз, — деді ол өзіне өзі риза болған пішінмен.
— Жәкемнің (әкесін айтады) колхоздан он мың сом аласысы бар. Ол кісі әлі малда, жылдағы соғым сол кісінің мойнында.
Шаруаның жайын әңгімелеп отырып-ақ күнді батырып алыппыз. Кей бөлме жарық таза болғанмен, ішіндегі жиһаздар оншама сұрын кіргізбей тұр. Еденде есіктен төрге дейін төселген оюлары тозған текемет. Төрде бөлменің екі жақ бұрышына орналасқан екі кереует тұр. Кіре беріс бұрыштағы жазу үстелінің үстінде "Родина" радио-қабылдағышы, қалам-сия, оқу құралдары және етпетінен түскен будильник. Төргі қабырғаға, екі кереуеттің арасына ұсталған сұрықсыз кестелермен шимайланып, қолапайсыз түйілген ұзын-ұзын шашақты ақ болатнойдан жасалған киімжапқыштың бүйірі шығыңқы. Тұсында заманы өткен көнетоз түскиіздер. Бір кереуетке гүлді қызыл шыттан шымылдық құрып қонышы, ұнасымсыз.
Оң жақтағы терезенің алдында абажадай зор сандық, үстінде киім тігетін қолмашина.
Бөлмеге кіріп отырысқаннан кейін, Әбен екеуміз біраз уақыт үнсіз қалдық. Шыдамым жетпей:
— Бір-екі мәртебе шахмат ойнауға жағдайың қалай? Шахматың бар ма? — дедім.
— Ей, Мұқыш-ай, осы сол құрғырыңа зауқым шаппай-ақ қойды, тегі. Жатақханада да студенттер талай рет үгіттеп үйретіп те бақты, бірақ ешнәрсе шығара алмады. Соңында не қасиет барып түсіне алмай-ақ қойдым. Түн жарымына дейін отырушы еді жігіттер. Қырқысып, қызыл кеңірдек боп қалатып, нақ бір атын ұтқызатындай, қажеті қанша соның, — деді де, гимнастеркасының төсқалтасынан шүберекке оралған бірдемені алып жатып, — бес карта десең, құдайдың жөні, — деп кірлеген, бірақ тозығы жете қоймаған картаны араластыра бастады. Соны ермек еттік...
Әбеннің келіншегі Нұрғайша сұңғақ бойлы, мұрны кішілеу, қара торы адам екен. Жүріс-тұрыс қимылы жеп-жеңіл, аяғына шаң ілеспей, тынымсыз кіріп-шығып жүр. Киген киімі де өзіне ып-ықшамды. Үш бала тапты дейтін емес. Әбеннің екі ұл, бір қызы бар. Байқадан арасына мақта салып, сырып, жұқалау етіп жасалған кеудешесінің жоғарғы екі түймесі салынбаған, төсінің екі жағы шағын ғана шығыңқы, кеудешені кейін теуіп тұр. Аяғында ықшамды былғары етік. Неліктен екенін кім білсін, көзі қыртыстанып, қабағы сәл түйіліп, солғындау қарайды, жүзі жабыңқы. Бір затқа риза емес адамдай кейісті, ақжарқын, жайдары емес, суықтау. Әбен бағанағы бір әңгімесінде өзі институтты бітіріп келгеннен кейін-ақ ата-анасының: "Жанды-жақты жердің баласы, қарағым, қатын алма, қайын ал" дейді қазақ. Біздің бұрыннан келе жатқан сарысүйек жекжаттығымыз бар, ата-анасымен келіскенбіз, көргеңді бала, соған үйлен", – деген кеңесіне қарсы болмай, оныншы класты сол жылы бітірген осы Нұрғайшаға үйленгенін айтқан. Нұрғайша карта ойнап отырған ерінің жотасына келді де, тек тұрған қалпымен, иілместен жәй ғана:
— Ac әзір, — деп, қайта бұрылып шығып кетті. Ала бәтестен мол істелген дастарқанмен бүркелген көлемді, аласа, дөңгелек үстел даярланды. Қол жуып, асқа отырдық.
Иісі мұрынды жара, жалпақ ақ қалайы табақта буы бұрқырап ет келді. Суық күзде сойылған жылқының сары қазысы ішегіне сыймай ақтарылып жатыр.
— Ниетің қалыс екен, Мұқыш. Соғымның еті ада болмай тұрған жақсы уақытта келіп қалдың, ал, — деп жалғыз басты жуан ақ бәкісін алдыма тастай беріп әйеліне бұрылып: — Немене, бүгін үйді жылытпағансыңдар ма, ішігімді әперші бері, — деді. Нұрғайша ішігін әкеліп еді, "жаба сал" дегендей ымдап қойды.
Менің сол жағымда он алтылар шамасындағы інісі ет турап отырып, бармақтай етті кесіп алып, аузына енді салып, шайнай беріп еді:
— Турасаңшы, ей! Нысапсызың-ай, кісі жесін де, осы сенің, — деп адыраң ете қап еді, баланың беті ду етіп қызарып, шайнауын тоқтата қойып, қысылғаннан ыржаң ете түсті. Әбен тағы да бір нәрсе деуге ыңғайланғанда, оның назарын аударайын деген оймен, әлгі баланың арғы жағында отырған, он үш жастағы қыз баладан:
— Қай класта оқисың, шырағым? — деп сұрап едім, қыз төмен қарап, үндемей бұға берді. Жауапты Әбен айтты:
— Е, оны қара бассын... Әлі төртіншіде, мисыз! Қыз сүмірейген қалпымен шығып кетті, қайтып оралмады. Сұрарым сұрап алып, мен де қолайсыз жағдайда қалдым Дастарқан үстіндегі мезгілсіз тыныштықты қуалауға ұйғарды ма әлде көңілсіздікті сезіп, соны сейілту үшін бе, Нұрғайша орынан лып етіп тұрып, үстелдің үстіндегі радиоқабылдағышы бұрап қалып еді, қазақтың ән-би ансамблі қарақалпақтың "Бибігүлін" нақышына келтіре шырқап ала жөнелді.
— Жә, жә, түсінікті, өшіре ғой... Әнсәмбіл... Тым болмаса, тыңдауға тұрарлық нәрсе болса... Еңбек қып тұрып барғаныңа жараса, — деді де, Әбен мұжып отырған қабырғасын үстелге тастай салды. Ән "О...танға" деген жерінен үзіліп, Нұрғайша орнына отырды.
Әбен жарты литрдің тығынын ашты да, шөлмектерге бөліп құйып, өзінің "музыкаға көзқарасы" туралы әңгімесін бастады.
— Ұлардай шулатып осы әнсәмбіл дегенді қайдан тапқан. "Мөлдір су бар, ей", – деп қақсайды да тұрады қашан болса, мөлдір су бар ма? Алматының базарындағыдай. Қажеті қанша соның, кейде ана бір симфония дегені бар, бал араның ұясындағыдай, басы жоқ аяғы жоқ ызыңдайды да тұрады. Әбеннің сөздеріне еріксіз мырс етіп жібердім. Тауып айтып отырмын десе керек, ол сөзін жалғастыра берді.
— Сол қалаңда жаманды-жақсылы төрт жыл өмір өткіздім ғой. Анда-санда, онда да жігіттер болмай, екі-үш жетіде бір киноға барғаным болмаса, анау театрыңа қызыққан пенде емеспін. Бір күні әлгі осындағы әкемнің інісінің Консерваторияда оқитын қызы "Акқу көлі, Акқу көлі" деп шақырып болмаған соң, еріп барып масқарам шыққаны бар. Өңшең бір жалаңаш әйелдер сахнада тыраң-тыраң жүгіріп, бұттарын соза ма-ау, бұралып майыса ма-ай! Шыққаннан соң қарындасыма: "Аққу көліңе рақмет, жаным!" — дедім-ау, содан қайтып операңа басқан емеспін. Білмеймін, халықтың содан қандай тәлім-тәрбие алатынын.
Бұл тұста мен Әбенге бір нәрсе айтқым-ақ келіп еді, бірақ ежелден келе жатқан қонақ кәдесінің салтын сақтадым. Бәрібір ол менің айтқанымды сол сәтте түсіне қояр ма еді....
Тамақтанып болғаннан соң, жатар алдында, жазу үстеліндегі радиоқабылдағыштың үстінде жатқан сыртында "Совет Одағы Коммунистік партиясының уставы" — деген жазуы бар кішкене қызыл кітапшаны көріп, жазда ауылдан барған, Әбенмен бірге істейтін бір жолдастан: "Әбен партия қатарына өтем деген еді, саяси даярлығың нашар деп аудандық комитеттің бюросы қайтарып жібершіі. Екінші рет даярланып жүр", — дегені есіме түсіп:
— Сені партия қатарына өткелі жүр деп естіп едім, Әбен, өттің бе? – дедім.
— Екі рет іс қып тырысып бағып едім, нәтиже шықпады ғой соныңнан. Оған да сүйеніш керек екен. Бірінде даярлығың нашар екен деп еді, екіншісінде уставын басынан аяғына дейін жаттап барсам да, жолым болмады. Райкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі мақтаншақ бірдеме екен, жаудырды кеп сұрақты, жаудыртты кеп, құдайдың бір жоқ пәлесін сұрайды, "партиямыздың гимні – интернационалдың сөзінің авторы кім? " дей ме-ау, "Коммунистер туралы қанша, қандай романдар оқыдың?" дей ме-ау, қойшы, әйтеуір, сүріндірді ғой, несін сұрайсың...
Партияның аудандық комитетіне іштей риза болдым, бірақ Әбенге:
— Сен оқытушысың әрі жоғарғы білімің бар, ұяттау болған екен, — деп салдым.
Ертеңгі сағат жетіде, Әбеннің дауысынан оянып кеттім. Ауызғы бөлмеде інісін қыжырып, дабырлап жүр:
— Әмір! Ей, Әмір! Мына неме өліп қалған ба... Тұр, ей! Тұр! Атты суғар! Ана сиырдың астын тазала! Тұр! Тұрыңдар бәрің де!
Оның әмірімен отбасындағы сол күнгі үйреншікті тіршілік басталды: Нұрғайша лыпың қағып ертеңгі шайды әзірлеп жүр, қарындасы төсек-орынды жинап, еденді сыпыруда, інісі тоқжарау бурыл атты қорадан суғаруға алып шықты. Әбен өзі есік алдында шолақ қара тонын желбегей жамылып, атының жемін тазалап отыр.
Мінеки, жеті жыл үзілістен кейін кездескен Әбен замандас.
Ауқатты отбасын құрып, соның айбынды әкімі бола білген, ал ақыл-парасат, ой-сезім ше? Өзгермепті.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі