Өлең, жыр, ақындар

Әбілхайыр хандығы

Ақ Орда құлдырағаннан кейін оның басым бөлігінде Әбілхайыр хандығы (1428-1469 жж. өмір сүрген) орнады. Кейбір әдебиеттерде Әбілхайыр хандығы «Көшпелі өзбектер мемлекеті» деп те аталады.

Әбілхайыр хан — Шибанның (Шайбани) ұрпағы, Жошының немересі. Ол хан тағына 1428 жылы келіп, 40 жылдай билік жүргізді. Әбілхайыр хандығы батысында Жайықтан бастап, шығысында — Балқаш көліне, оңтүстігінде — Сырдария сағалары мен Арал теңізіне, солтүстігінде — Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі ұлан-ғайыр аймақты алып жатты. Хандықтың құрамына қыпшақ, керей, найман, арғын, қоңырат және басқа түркі тілдес тайпалар кірді.

Мемлекеттің орталығы Сібірдегі Тура (қазіргі Түмен қаласы) қаласы болған. Кейін XV ғасырдың 40-шы жылдары Әбілхайыр хан Сырдария маңындағы қалаларды басып алып, астанасын Сығанаққа көшірген. Хандыққа Сығанақтан басқа Иасы, Отырар, Өзкент қалалары қараған. Бұл жерлерде қолөнер, сауда және егін шаруашылығы дамыған.

Әбілхайыр хан шетел басқыншыларына және Шыңғыс ұрпақтарына қарсы жиі-жиі аяусыз күрес жүргізіп отырған. 1459-1460 жылдары Әбілхайырмен болған кикілжіңнің нәтижесінде Орыс ханның ұрпақтары — Керей мен Жәнібек Әбілхайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға қоныс аударады. Сол жерде Ақ Орданың шаңырағын қайта көтеріп, олар жаңа мемлекет — Қазақ хандығының іргесін қалайды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз